1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
Шенеуніктің баласынан неге чемпион шықпайды?

Сонымен, RBK банкі басқарма басшысының орынбасары болып парламент мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулиннің отыз жасқа әлі тола қоймаған (29 жаста) ұлы Нұрхан Нұрланов тағайындалды. Н.Нұрланов бұған дейін Qazaq банкіне басшылық жасаған. Мұнай мен газға қатысты ұлттық компаниялардың орталықтағы ғимараттарында тәжірибе жинақтаған. Жалпы, Нығматулин әулеті дарынды һәм талантты жастарға толы. Мәселен, мәжіліс төрағасы Нұрланның егізі, экс-депутат Ерланның қызы Малика отыз жасқа толар-толмас шағында Астана қаласы әкімдігіндегі құрылымы ең үлкен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарған еді. Содан бері Астанада қанша әкім ауысса да, Маликаның қызметі төмендемей, қайта әкімнің орынбасарлығына дейін құстай көтерілді.
Басшылық жасауға келгенде Нығматулиннің үрім-бұтағы сияқты жолы болғыш шенеуніктердің балалары бізде шаш етектен баршылық.
Мәселен, не тындырғанын кім білсін, әйтеуір, теріскейдегі екі облысты ұзақ жылдар алма-кезек басқарған Сергей Кулагиннің ұлы Павел Кулагин жақында ғана Алматының Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалды. Алматы тұрғындары, мәселен, Павелді мүлдем танымайды. Павелдің өзі Алматының Түрксіб ауданын картадан ғана тауып бере алатын шығар?!. Бірақ бізде мұндай қайшылықтарды ескеретін жоғарыда жан бар ма?
Әрине, әкімнің баласы әкім болмасын деген заң жоқ. Бірақ әкесінің ықпалы болмаса, 31 жастағы Павел Сергейұлы осындай қызметке қол жеткізер ме еді?
Жалпы, бізде мемлекеттік билік пен бизнестегі басшылық орындар әкеден мұраға қалатын құндылыққа, заңдылыққа айналып бара жатқандай. Қызмет басындағы жастардың биографиясына қарасаңыз, бұған бірден көзіңіз жетеді. Мысалы, жиырма жылдан астам уақыттан бері президент кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Махмұд Қасымбектің ұлы Жеңіс Қасымбек қазір инвестициялар және даму министрі креслосында нық отыр.
Ұзақ жылдар бойы мәжілістегі орнын босатпаған экс-депутат Кенжеғали Сағадиевтің ұлы Ерлан Сағадиев білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Президент аппаратының жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәурен қазір Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің бірі. Оның да қызметтерінен ат үркеді.
Әкім атанған, үкімет басқарған, бірнеше министрлікке жетекшілік жасаған, сосын елші болып елден ұзап кеткен Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рахышев те ауадан ақша жасай білетін өте талантты бизнесменнің бірі.
Президенттің жиендері, сенатор Дариға Назарбаеваның ұлдары да қатардағы шенеуніктің балаларынан қалыспайды. Айсұлтаны биліктің айналасындағы «халық жаулары» туралы әлеуметтік желіде бір-екі пост жазып еді, футбол саласындағы шенеунікке айналып шыға келді. Нұрәлісі де жақында ғана президент атанып, альпинизм федерациясын басқарды.
Екі мәрте қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаевтың баласы Мүслім де «әке көрген оқ жонады» дегенді дәлелдеп, қауіпсіздік кеңесінде үлкен қызмет атқарып жүр.
Бірнеше облыста ректорлық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан соң мәжілістің мандатын иеленіп, талай жыл «Нұр Отанның» отымен кіріп, күлімен шыққан Уәлихан Бишімбаевтың ұлы Қуандық Бишімбаев та ұлттық экономика министрі боп жүрген жерінен тергеу орындарына түсіп қалмағанында ол да талантты жастардың бірі болатын. Мәжіліс төрағасы қызметін атқарған Қабиболла Жақыповтың баласы Аслан да Бишімбаевпен бірге істі болмағанда осы тізімнің ішінде жарқырап жүретіні анық еді.
Міне, осындай мысалдарды айтып тауыса алмайсың. Шетел елшілігіндегі қызметкерлердің көбі бүгінгі шенділердің ағайын-туысы. Тіпті аудандық әкімдікте жүрген басшылардың әке-шешелері Астанадағы бір дөкей болып шығады. Несін айтасыз, үрім-бұтағы, ағайын-бауырына мемлекеттік қызметті шашудай шашуға келгенде шенділеріміз мәрт қой. Осыдан да болар, біздің елде билік пен бизнес туралы әңгіме бола қалса, мына нәрсе міндетті түрде айтылады: егер бір шенеунік билік баспалдағында жылдам-жылдам көтеріліп, үлкен қызметке қол жеткізіп жатса, «бұл пәленшенің адамы, соның командасы, соның жақыны, туысқаны ғой» деп. Ал егер бір адам үлкен бизнесте бас айналатын табысқа қол жеткізіп жатса, «бұл пәленшенің бизнесі, мұның артында сол тұр, соның ықпалы ғой» деген әңгіме айтылады. Бұл біздің елде саяси элитаның ішінде таныс-білісің, қолдаушы-демеушің болмаса, билік баспалдағында өрлеу-өсу, бизнес нарығында даму-баю болмайтынын айғақтап тұрғандай. Қош, бұған келіспеске амалымыз жоқ. Бір қарағанда шенді-шенеуніктің баласында сапалы жерде оқуға, шет тілдерін үйренуге, қиялын ұштап әлемді аралауға, дүниенің көкжиегін көруге мүмкіндік өте зор. Басқалармен салыстырғанда олар жақсы киінеді, жақсы жерде оқиды, терең, жан-жақты білім алады. Бір сөзбен айтқанда, олар дарынды һәм талантты. Бірақ жоқшылық көрмей өскен шенеуніктердің осы ұрпақтары әкелері сияқты басшылық қызметке неге құштар? Материалдық таршылықты білмей өскен шенеуніктердің балалары неге елді аузына қаратқан ақын болмайды? Солардың арасынан қазақты әлемге танытатын жазушы немесе суретшы неге шықпайды? Шенеуніктің балалары спортта жұлдыздай жанып, неге Олимпиада чемпионы болмайды? Әлде бұл жастарды әкелері өздеріндей шенеунік болсын деп қана тәрбиелей ме?

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Курорт-Сарыағаш | 22 тамыз 2017 19:26
Бұны казахскии монархия дейді
Сауырхан самат | 22 тамыз 2017 22:13
Оте дурыс айтылган,оларды колдап колпаштап отырган кокелери бар.
Неге карапайым адамдар котерилмейди, бизде билимди адамды котермейди,кокеси барды котереди
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар