1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16253) 24 тамыз, бейсенбі 2017
24 тамыз 2017
Мәмбет Қойгелдиев, академик: АЛАШ АМАНАТЫ БӘРІМІЗГЕ СЫН

Газетіміздің «Қазіргі қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?» деген тақырыптағы жобасы аясында академик Мәмбет Қойгелдиевпен болған Алаш қозғалысы, қазақ ұлтшылдығы жайлы көлемді сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Патриотизм, ұлтшылдық, интернационализм сияқты ұғымдар әрбір халықтың өмірінде үлкен орын алады. Осы ретте кешегі қазақтың отаншылдығы, ұлтшылдығы қандай күйде еді? Осы сезімдер оның бүгінгі өмірінен қандай көрініс табуда?
– Иә, рас. Отаншылдық, ұлтшылдық деген ұғымдар ұлттың қалыптасу, өсіп-өзгеру үрдісімен қатар, бірге жүреді. Сондай-ақ ұлт өмірінің сұранысына байланысты өзгеріп, құбылып отырады. Солай болуы табиғи нәрсе. Қоғамдық ойдағы ағым ретінде отаншылдық Асанқайғы, Бұқар жырау, зар заман ақындарының мұралары, Махамбет, Абай, Кердері шығармашылығы арқылы бізге жеткен. Осы ойшылдардың айтқандарына зер салсаңыз, ұлт өміріне қатысты сол тарихи кезеңдердің белгі-бедерін жоталап көрсетеді. Асанқайғының:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер?» деген жолдарына бергі заманнан сарын қосқан Нысанбай жыраудың:
«Тұнығым лай болды,
Қуғыншым құмай болды.
Құтылар қайран жоқ,
Сор қамар сыңай болды», – деген толғау-тұжырымдары ұлт өміріне төнген қауіп-қатерді ой елегінен өткізу еді.
Қазақ қоғамдық ойындағы бұл сарынды ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне тиесілі А.Байтұрсынұлының шығармашылығынан көреміз:
«Еркін дала еркің кетті,
Еркіндегі көркің кетті.
Паналы ну жерің кетті,
Сулы айдын көлің кетті...»
Сұхбаттың көлеміне байланысты арыға бармай-ақ, өткен жүзжылдықпен шектелейік. Неміс тарихшысы Л.Ранке айтқандай, француздарға олардың француз екендігін білдірген шетелдік үстемдіктен төнген қауіп болса, орыстар мен немістерге олардың біртұтас ұлт екендігін танытқан француз экспансиясына қарсы тұруы еді. Сол сияқты қазақтардың оянуына түрткі салған Ресей экспансиясы болды.
1917 жылға дейін 120-ға жуық жоғары, 700-ге жуық арнаулы орта оқу орындарында білім алған жас та жігерлі ұлт зиялылары «Оян, қазақ!» деген ұран тастап, миллиондаған тиражбен кітап, «Айқап», «Қазақ» сияқты жалпыұлттық мәселелерді көтерген газет-журнал шығарып, ұлттық санаға қозғау салды.
Егер ұлттық-патриоттық ұстанымдағы қозғалыстар Еуропада XIX ғасырдың 30-жылдарынан кейінгі уақытта, ал Азияда ХХ ғасырдың басында орын алғандығын ескерсек, онда қазақ ұлтшылдығының да жалпыадамзаттық өсіп-өну арнасында өмірге келгендігін байқауға болады. Осы ретте мынадай жағдайға көңіл аударға тура келеді. Еуропа елдеріндегі ұлтшылдық ұстанымдағы қозғалыстар (XVIII-XIX ғғ.) белгілі бір тілде мәдениет пен ғылымның өркен жаюына, ұлттық сананың, мемлекеттің ұлттық қалыптасуына ықпал жасаған негізгі факторға айналды. Сондай-ақ бұл таза табиғи процесс ретінде мемлекет пен қоғам тарапынан жасалған қолдауға сүйенді. Қазақ ұлтшылдығының да елдік мәдениетті қалыптастыру және көтеруден басқа мақсат-мұраты болған жоқ. Ол өзіне-өзі сұқтанудан мүлдем алыс тұрған, толерантты қорғаныстық ұстанымдағы ұлтшылдық еді. Кейін де осы мазмұнын жоғалтқан емес.
Өкінішке қарай, Ресей құрамындағы қазақ халқының ат төбеліндей оқыған азаматтарының ұлтшылдық ұстанымы алып империяның болашағына «қауіп» төндірген қоғамдық құбылыс болып шықты. Билікке келген большевиктер қазақ ұлтшылдығын өзіне қарсы тұрған күш ретінде қатыгездікпен жойды. Қазақ ұлтшылдығының ғұмыры (егер біз оны «Қарқаралы петициясы» өмірге келген 1905 жылдан бастасақ) 1917 жылғы Қазан төңкерісімен аяқталды. Яғни оның ғұмыры бар болғаны 10-15 жылға ғана созылды. Бұл ненің көрінісі? Қазан төңкерісі нәтижесінде орныққан «пролетариат диктатурасы» аталған биліктің еуропалық өркениет жолынан шалғай тұрғандығының көрінісі еді. Бүгінгі тарих ғылымының жасаған тұжырымдарының бірі – осы.
Егер де алаштық ұлттық-патриоттық буын қазақ қоғамын өздері көздегендей мазмұнда қайта құрғанда еліміз сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да мүлдем басқа сипатта дамуы әбден мүмкін еді. Большевиктік билік жүргізген саяси репрессия ұлттық болмысқа тиген жойқын соққы болды. Біз әлі де соның салдарынан айыға алмай келеміз.
– Сөзіңізді бөлейін, кешіріңіз. Жоғарыда баяндалған ұлтшылдық тәжірибесі ұлттық тарихнамада тиесілі дәрежеде талдауға алынып, қорытылды деп айтуға бола ма?
– Әрине, біраз жұмыс атқарылды. Алаш зиялыларының мұрасы жеке кітап түрінде, көптомдық жинақтар түрінде жарық көрді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Осы ретте түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалғанын айтқан жөн. Сонымен бірге ұлттың тарихи тәжірибесін қорыту, оны жас ұрпаққа жеткізу ісінде кемшіліктер де аз емес. Мәселен, Кене хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысты феодалдық-монархиялық, Алаш қозғалысын ұлттық-буржуазиялық қозғалыс ретінде көрсетіп, бізден алыстатуға тырысты. Неге дейсіз ғой? Қазақ халқының өз мемлекеттілігіне, саяси дербестігіне ұмтылысын ұмыттыру үшін...
Осы ретте, мәселен, Ресей тарихнамасында советтік биліктің легитимді, яғни заңды билік екеніне шек келтіретіндер бұрын да болған, қазір олардың даусы жиірек естілуде. Ал бізде советтік билікті ғана емес, патшалық билікті де легитимді құрылымдар ретінде оқыту үрдісі жалғасып келеді.
Тарихи құжаттар Ресей билігімен екі елдің арақатынасына байланысты жүргізілген алғашқы келіссөздерден (Тевкелев миссиясы) бастап-ақ бұл істе, біріншіден, қалың қазақ жұртының пікірі есепке алынбағандығы, барлық қазақ жүздерінің ортақ шешімі болмағандығы; екіншіден, келіссөзді бастаған Кіші жүз ханы Әбілқайырға Ресей патшалығымен өзара бейбіт қатынаста болу жөнінде келісімшарт жасаумен ғана шектелу өкілдігі берілгендігі (бодандықты қабылдау туралы емес); үшіншіден, орыс патшайымы тарапынан ұсынылған келісімшартқа қол қою рәсімі қол қоюшылардың келісімін сатып алу арқылы жүргізілгені; төртіншіден, мүмкін, бұл негізгісі де болар, патшалық елшісі қазақ қоғамындағы берекесіздікті оның көршілерімен арақатынасындағы жайсыздықты ұтымды пайдаланып кеткендігіне осы және басқа да қалыптасқан тарихи жағдайларға көз жұма қарау зерттеушілер тарапынан қаншалықты орынды болар еді? Тарихшы тарихи фактілерден кете алмайды, сондай-ақ кете алмағаны үшін кінәлі атануға тиісті емес. Осы арада біз оқырманды әбден мезі еткен тақырыпқа оралуымыздың себебіне көңіл аударуға мәжбүрміз. Ату жазасына бұйырылған Алашорда өкіметінің төрағасы, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхановтың ең соңғы айтқан сөзіндегі «Мен Совет өкіметін сүйген емеспін, мойындаймын» деген ойының астарында Алашорда өкіметі басшысының «Совет билігі қазақ халқының еркінен тыс орнаған билік, ал қазір оны мойындамасқа лажым жоқ» деген ұстанымының жатқандығын түсінуге болады.
Ұлы күрескердің тарапынан айтылған бұл пікір тек советтік билікке байланысты ұстанымды ғана білдіру емес-тін, ол сондай-ақ ұлт өткен жолдың патшалық кезеңіне де берілген баға және мемлекеттігін құруға ұмтылыс жасаған ұлттың құқығын аяқасты еткен саяси жүйеге айтылған қарғыс та еді.
Осы ойды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы да білдірді. Ол үкім шығарушылардың совет билігіне қатысты пікір білдіруін сұрағанда «Менің елім рухани өркендеуге мұқтаж, қандай билік осы мақсатқа жетуге жол ашса, соған разы болмақпын» деген тұжырымын айтты. Бұл да қайраткердің соңғы сөзі еді.
«Қазақ жерінде патшалық және советтік биліктер легитимді құрылымдар болды ма?» деген сауалға жауап іздегенде Алаш қайраткерлерінің бұл мәселеге қатысты ұстанымы есепке алынғаны жөн болмақ.
– Патшалық жәні советтік биліктердің легитимді билік еместігіне тағы қандай фактілер келтірген болар едіңіз?
– Қазақ қоғамындағы патриоттық күштерді жою ісін отарлаушы билік жүйелі және мақсатты түрде іске асырып отырды. Нақты фактілер келтірейін. Отарлаушы әкімшілік қазақ мемлекеттігін жаңғырту, қалпына келтіру үшін жүргізілген Кенесары Қасымұлы көтерілісін (ХIХ ғасыр), 1916 жылғы көтерілістерді, Алашорда өкіметін мойындаған жоқ. Қарсылыққа қатынасқандарды, олардың басшыларын теңдесі жоқ қатыгездікпен жазалады. Азаттық үшін күрес жолына түскендерді жазалау жүйелілік, мақсаттылық сипат алды. Мәселен, Алаш қозғалысына белсенді түрде атсалысқан Кенесары ханның немересі Әзімхан Кенесарин, Кенесары хан қозғалысына бастапқы кезеңде қолдау көрсеткен Шеген Мусиннің немересі Әзімбек Бірімжанов (Алашорда өкіметінің мүшесі Ахмет Бірімжановтың бауыры), Абай Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл Құнанбаев советтік билік тарапынан қудалауға ұшырап, ең соңында атылды.
Ал енді сіздің жоғарыда қойған сауалыңыз – бүгінгі қазақ ұлтшылдығы қандай болуы жөнінде.
Елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Бүгін біз мемлекеттілігі бар ұлттардың қатарындамыз. Яғни біз дағдарысты, қауіпті кезеңдерден шықтық. Отан, ел деген ұғымдар жаңа мазмұн, жаңа сипат алды. Бүгін біздің Отанымыздың, еліміздің еркіндік, тәуелсіздік жағдайында даму мүмкіндігі бар. Ал еркіндік деген өте нәзік нәрсе. Ол өз бетінше өмір сүре алмайды. Ол белсенді және мақсатты әлеуметтік қызметтің жемісі ретінде ғана баянды бола алады. Еркіндіктің қас жауы – экономикада, әлеуметтік қатынастарда артта қалушылық. Оның сенімді серігі – қарқынды даму жолына түскен экономика және биік рухани мәдениет. Соған байланысты озық технологияны игеру, білімді болу елге, Отанға қызмет жасаудың алғышарты. Кезінде алаштық буынның қазақ жастарының алдына қойған міндеттерін іске асыратын уақыт келді. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ жастары жалаң сөзбен ғана болмай, шеберлікті, іскерлікті көздеу керек. Біз мәдениетті, өнерлі болуға талпынсақ, мақсатқа сонда жетеміз. Сонда дайын нәрсеге қызығатын болмай, барды ұқсатып, жоқты табатын боламыз» деп көрсеткен еді. Ол осы ойын Қазақ университетінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде жалғастырып, «Біз өз жерімізді, оның байлығын өзіміз игере алатын халге жетуіміз қажет. Ондай болмаған жағдайда отарлаудың жаңа түріне енеміз» деген ой айтты.
Мен қызметімнің ерекшелігіне байланысты оқушы, студент жастармен жиі кездесемін. Сонда байқағаным, олар зиялылық, ұлт зиялысы тақырыбына қызығушылық танытады, сұраулар қояды. Мен оларға Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық зиялы» деп аталатын мақаласын мұқият оқып, түсінуге кеңес беремін. Өйткені бұл мәселеге байланысты М.Шоқайдың жасаған тұжырымдары еш уақытта өзектілігін жоғалтпайды. Ұлы қайраткер «зиялы деп жеке бас мүддесін ұлтының мүддесімен ұштастыра, үйлестіре алған адамды айтуға болады» деген тұжырымға тоқтайды. Осы ойына байланысты ол «зиялылардың міндеті – әрбір тарихи кезеңдегі халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау» деген түсінік береді.
Алаш зиялылары басқадан үйренгенде ұлттық негізді ұмытпауға шақырды. Бүгінгі заман – ақпарат заманы. Ақпарат құралдары тынымсыз даму үстінде. Яғни ұлт өміріне шетелдік ықпал өте үлкен. Соған байланысты ертеңін ойлайтын жастардың зиялылық туралы ойлануы осы ақпараттық нөпірге байланысты ма деймін. Жеке тұлғаның, ұлттың осы ақпарат тасқыны жағдайында өзін-өзі жоғалтып алу қаупі бар. Бүгінгі жастар кітап оқымайтын болды. Оқитындары некен-саяқ. Ақпаратты тек интернет арқылы алумен ғана шектеледі. Электронды ақпарат құралдарының атқаратын жағымды міндеттеріне шек келтіруге болмас. Дегенмен олардың біржола кітапты ауыстыра алатынына сенгім келмейді. Мен, мәселен, өз басым жастардың Алаш мұрасымен интернет арқылы емес, сөрелерде тұрған кітаптар арқылы жүздескенін, сырласқанын қалар едім. Өйткені Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы және алаштық буын мұраларында бар күш-қуатты олардың еңбектерін парақтай оқып қана бойға сіңіруге болады. Осы ретте кітап оқу мәдениетін, кітап арқылы Алаш мұрасын наисхаттау, жас буынға жеткізу ісінде мектептің қызметіне ерекше көңіл аудару қажет-ақ.
Советтік кезеңде Алаш идеясы – ұлттық идея білім жүйесінен ығыстырылған. Ондағы мақсат ұлттық емес құндылықтарға жол ашу, өзінің табиғи негізінен жеріген, даяр нәрселерді ғана тұтынуға бейім сана тәрбиелеу еді.
Ендігі уақытта біздің мектептер мен университтер Алаш идеясын – ұлттық идеяны білім жүйесіне қайтарып, осы негізде жас буын санасында жаңа сұраныстарға жауап бере алатын шығармашылық қасиет қалыптастыру болса керек. Соңғы уақытта білім және ғылым министрлігі мен жеке университеттер тарапынан оқу бағдарламасынан гуманитарлық пәндерді қысқарту, Отан тарихы, әлеуметтану сияқты пәндерді алып тастау сияқты ұсыныстар айтылуда. Сол арқылы болашақ маманның кәсібіне қатысты пәндердің сағатын көбейту жүргізілмек. Бұл жаңылыс пікір. Өйткені біздің елімізге өз кәсібін жақсы игерген маман даярлау жетімсіз, ол маманның елінің мұқтажын, қадір-қасиетін білетін азамат болуы міндетті. Ал бұл даярлықты оған жоғары деңгейде оқытылған гуманитарлық пәндер ғана бере алады. Елінің мұң-мұқтажынан хабарсыз басшысымақтардың қандай ұятқа қалып жүргенін көріп те, естіп те жүрміз.
– Енді әңгімені интернационализм деген түсінікке қарай бұрсақ. Советтік идеология ұлтшылдыққа интернационалдық ұстанымды қарсы қойғаны мәлім...
– Шынайы интернационалдық ұстаным еш уақытта өзектілігін жоғалтпақ емес. Біздің буын советтік интернационализм салтанат құрған кезеңде білім алды, өсті. Оның түп-төркіні сонау ХVІІІ ғасырға, еуропалық буржуазиялық революциялар, әсіресе ұлы француз революциясы кезеңінен бастау алатын. Советтік идеология интернационализмнің марксистік вариантын қабылдады. Оның ұраны «Барлық елдердің пролетариаттары, бірігіңдер!» болды. Бұл ұранның негізінде гумандық ұлы идея жатқандығын жоққа шығару қиянат болар еді. Сонымен бірге бүгін интернационализм үшін тек пролетариаттың ынтымағы мен құндылықтарына сүйеніп жеңіске жету мүмкіндігі алыстай түскендігін мойындауға тура келеді. Бүгінгі интернационализм идеясы анағұрлым кең, ол бейбіт өмірге, өркениеттің жетістіктеріне дамыған қоғамдармен тең дәрежеде жетуге ұмтылыс жасаған елдер мен әлеуметтік топтарды да құшағына алып отыр. Яғни оның мазмұны адамзаттың бүгінгі рухани жетістіктерінен бастау алады, соларға сүйенеді.
Осы ретте бір-екі ауыз сөз советтік интернационализмге байланысты. Ол да тарихи тәжірибе, хабардар болғанымыз артық емес. Совет өкіметі ұлт-азаттық күрес арнасында тұрған қазақ азаттық қозғалысынан таптық жіктеу жолына түсуді, тек осы негізде ғана орыс және басқа елдердің еңбекші бұқарасымен бірлікке келуді және жаңа билікті қабылдауды талап етті. Бұл ұстаным сырттай көңілге қонымды көрінгенімен, түптеп келгенде азаттық қозғалысты әлсірету оны табиғи мазмұнынан айыруға соқтыратын еді. Адамзат тарихында отарлық тәуелділіктегі ұлт таптық жіктелу жолына түсіп, өз мемлекеттілігіне қол жеткізген емес. Бұл ақиқатты басқа емес, советтік шындық көрсетіп берді.
Социалистік интернационализмді ту етіп көтерген советтік билік алғашқы және екінші буын ұлттық басқарушы топты «қазақ ұлтшылдары» ретінде репрессиялық әдіс-құралдар арқылы жойды, ұлтты аштыққа ұшыратты, ұлттың тілі мен мәдениетін терең дағдарысқа әкеп тіреді т.с.с. Осының бәрі советтік интернационализмнің ішкі мазмұнындағы қисынсыздықтың сыртқы көрінісі еді.
Советтік интернационализмнің осындай қитұрқы астарына қарсылық көрсеткен А.Байтұрсынұлы: «Бауырмал қазақ қалам қайраткерлері бибауырмал (интернационалист) бола алмайды. Сырты боялса да, ішін өзгертпейді. Бибауырмал үкіметке еріп, Қазақ елін пісіріп жегізе алмайды», – деп жазды. Бұл, әрине, шынайы интернационализмге емес, оның большевиктік вариантына көрсетілген қарсылық еді.
Әлихан Бөкейханов, Алаштың туын ұстаған интернационалистік ұстанымы бүгін де өз күшін жойған жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар