1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16253) 24 тамыз, бейсенбі 2017
24 тамыз 2017
ОРДА ҚОНҒАН ОЙЫЛ

Ақтөбе қаласы мен Ойыл ауданының орталығы – Ойыл елді мекенінің арасы 267 шақырым. Бүгінгі Ойыл отыннан тарыққан, жол азабын көрген бұрынғы Ойыл емес. Бейнетті жұрттың шаруасы жеңілдеген. Тұрмыс қажытқан, бейнет кешкен ауыл адамына көп нәрсенің керегі де жоқ: су тартылса, газ құбыры жүргізілсе, сайраған жолы болса жеткілікті. Бұрынғыдай көшеде шашылған пластик құтылар, ауада қалықтаған полиэтилен пакеттер жоқ. Жұрт үйлерінің сыртын әктеп, құлаған шарбақтарын түзетіп, сырлап қойған. Көше-көшенің бойында еңбек биржасынан жіберілген жұмыссыздар қоқыс жинап, көше сыпырып жүр.
Ақтөбеден алты қадам аттасаң болды, далалықтағы жусанның түбіне оратылып жатқан қоқыс қалдықтары, ұшып жүрген пакеттер, жол шетінде лақтырылған сыра құтылары таныс көрініс болса, ендігі жерде даланың тазалығына ерекше мән берілгенге ұқсайды.
Бидай, тары, арпа өсіріп, шаруа қамымен қарбаласта жүрген адам қарасы біраз. Дағдарыс, азық-түлік қымбатшылығы елдің жерді тырмалап, бау-бақша өсіруіне жол ашты. Жылда осы уақытта дала күйіп, шөп сарғайып кетсе, биылғы жаңбырлы жаз даланы жасыл бояуынан айырған жоқ.
Ауылдың, елдің бет-бейнесі – мәдени нысандары. Көзіқарақты жұрт әуелі мұражайға бас сұғады, мектебінің сырт келбетіне қарайды, көшесінде тал-терегі бар ма, соған назар аударады.
Ойыл – ежелгі заманнан бастап, қазірге дейінгі кез келген тарихи оқиға ізін салып кеткен топырақ. Бірер жыл бұрын ауданның батыс жағынан қорған қазған археологтар бойлары екі метрден асатын адам сүйектерін тапты. Белгілі өлкетанушы, 80-ге келген Рысжан Ілиясова мынадай әңгіме айтты. Рысжан апамыз 50-60 жылдары ауыл аралап, ел ішінен құнды жәдігерлер мен деректер жинап жүргенде, қазіргі Қобда аумағында Сынтас елді мекенінде тұратын бір апайдан ауылдың Сынтас аталу себебін сұрайды. Сонда ауылдан өмірі аттап шықпаған кісі әжелерінен осы жерде ежелде алып адамдар тас көтеріп, әрлі-берлі жүгірген дегенді естіген. «Аңыз түбінде шындық бар» демекші, мұның түбі – тасқа келіп тіреледі. Бір кездері тас көтерген алып адамдар қайда жоғалды? Қазақ жерінде тасқа байланысты аңыз, Сынтас аталған жер атауы көп. Меңгірлер тасқа табынған дейді. Меңгірлер кім? «Қазақ жерінен жеті жұрт көшкен» деген сөз бар. Жеті жұрттың бірі тас көтерген Толағайлар болуы әбден мүмкін.
Ойыл шығысында тұщы су қоры жиналған Барқын құмдарының үстіне шоқ-шоқ болып өскен қарағайлы орманымен, атақты тары өсіруші Шығанағымен, өмірден өткеніне 50 жылға таяп қалса да, ел әлі күнге дейін тұрған үйіне, зиратына іздеп баратын Сүлеймен сынықшысымен танымал.
Қарасу ауылының іргесіндегі Шығанақ зиратының жанынан 1960 жылдары сәулетші Төлеу Бәсенов екіқабатты етіп шағын ақ кесене тұрғызған. Кесене сыртындағы баспалдақпен көтерілгенде алыстан жота-жота болып тары егістігінің орны қараяды. Шығанақ кетпенінің ізін жер сақтады. Шығанақтан соң бұл жақта тары егілмепті. Ойыл өзенінің арнасы тым жіңішкеріп кеткен. Су аз. Жерді борпылдақ, майда шаң басқан.
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы мұражайының қызметкері Медет Құлмұханов экспедицияға шыққанда өздері тапқан соңғы олжаларын көрсетті. Қаратал елді мекеніне таяу Қаздыарал тұрағынан табылған қола, темір дәуірінде жасалынған қапсырма белдік, киім түймелері, шаш қыстырғыштар. Қаздыарал темір дәуірінен бері ежелгі адамдардың, қазіргі тілмен айтқанда, зергерлік шеберханасы болған тәрізді. Экспонат арасында Есіктен табылған сақ ханзадасының киіміндегідей құйрығы оратылған барыс бейнесіндегі белдік түйме де бар. Айырмасы – алтын емес. Бірақ бір қолдан шыққан тәрізді. Ойыл қайда, Есік қайда? Соған қарағанда, ежелгі адамдардың байланысы қазіргі заманнан да кем болмаған. Қаздыаралды осы кезге дейін кім қазбады дейсің? Жер астында жатқан алтын түймелер мен алтын ілгектер қолды болған. Қазір Қаздыаралдан табылған бақырының өзі де қымбат.
Садақтардың жебе ұштары қола, мыстан жасалған. Қымбат тастардан қырлап жасалған жебе ұштары да экспонатта тұр. Металл өңдеу, құю, тас қашау, қырлау өнерін ежелгі адамдар жақсы меңгерген.
Медет тәрізді туған өлкесінің әрбір тасын қадірлейтін жастар көбейсе, аудандық мұражайлар шалажансар күйден арылар еді. Бұл жердегі әрбір заттың киесі бар. Мына тұрған көрікке ауа үрлейтін ағаштан жасалынған, ортасы шойын құралды ұстаның шөбересі әкеп тапсырған. «Ұстаның құралын ұрпағы қолданбаса, үрім-бұтағының жолы болмайды» деген ырым бар. Бәлкім, темір дәуірінен қалған шектеу болар. Иесі өмірден өткен соң, көрігін қастерлеп пайдаланатын шеберге тапсыру керек, не мұражайға өткізу керек. Жолын қырсық шалып жүрген ауылдағы отбасы көрікті мұражайға тапсырған. Ұсталық өнер осылайша тарихтың бір қатпарында қалып барады.
Түркістан автономиясы талқандалған соң, Мұстафа Шоқай Ресей арқылы эмиграцияға жасырын кетпек болып пойызға мінгенде, Ақтөбеде түсіп қалады. Себебі Ақтөбеде ақтар мен қызылдардың шайқасы қызып жатқан. Осында әйелдер гимназиясы ғимаратында он күн жасырынып, арасында Темір уезіндегі аса бір беделді хазіретпен жолығып, Ойылға да астыртын келіп кеткен дейді. Шоқаймен сыйласқан адамдар кімдер болды? Ойыл мұражайынан осыған дерек табылар деп үміттеніп едік, қабырғадағы экспонатта Мария Шоқайдың Түркияда жарық көрген естелік кітабынан үзінді ғана бар. Мария Ойылда Халел Досмұхамедовпен кездескендерін, халық тұрмысының ауырлығын, қонақ болғанда шыбынға таланғанын айтады. Шыбынға таланса – Мұстафаның жазда келгені. Эмиграцияға 1918-дің көктеміне таяу Мәскеу арқылы кетті. Шоқай Халел Досмұхамедовпен бұрынырақ кездескен тәрізді.

СҮЛЕЙМЕН СЫНЫҚШЫ ҚҰБЫЛЫСЫ
Аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Қаратал ауылында 230 үй бар. Көргеніміз – ауыл шетіндегі өзен жағасында саз балшықтан саман кесек басып, малдың үйілген қиынан қысқа тезек басып, отын жинаған жұрт.
Ауылдың оңтүстігіндегі үлкен қорымда емші, сынықшы Қарабалаұлы Сүлеймен (1907-1970 жж.) жерленген. Бейітінің ортасында үлкен жиде ағашы өскен. Қорым шетінде түнек үйі бар, жанына шипа іздеген жұрт қысы-жазы Сүлеймен сынықшыға арнайы келіп сыйынады, қонады. Тірі кезінде зиратының қасына түнек үйін сал деп аманаттап кеткен екен.
Қараталдың қарапайым колхозшысы, дәлірек айтқанда тарышысы, Сүлейменнің елден ерек қасиеті – алдына келген жанды көзбен қарап, емдеп, аяғынан тұрғызған. Өмірден өткеніне 50 жыл болса да, адамдар жан-жақтан зиратына іздеп келіп, түнек үйіне қонады.
Пайғамбар жасына жете бере көз жұмған Сүлеймен емшінің Қараталдағы шаңырағында тоғыз баласының кенжесінен тараған немерелері тұрады. Сүлеймен атаның кенже келіні Роза Тұңғатарова былтыр ғана жолдасы қайтыс болғанын айтты. Сынықшының шаңырағындағы кенже ұл әкесі сияқты пайғамбар жасына жете бере аяқастынан өмірден озған.
– Балаларым естерін енді ғана жиып келе жатыр. Келін болып түскенімде, атам өмірде жоқ, енеммен 22 жыл бір шаңырақта өмір сүрдік. Енем Ұштап 1997 жылы 84 жасында өмірден өтті. Атамыз дүние-мүлікке қызықпаған, қолындағысын таратып жіберетін жомарт жан болған. Арғы аталарымыз Атыраудан қоныс аударған, таз руынан. Бұлар ар жағынан аруақ қонған жандар болса да, бойға біткен қасиеттерін жұртқа жария қылмаған.
1937 жылы атамыздың ағасы Қалабаев Қанапия тұтқындалып, Ақтөбеде атылған. Атам мертіккен бір мықтыны аяғынан лезде тұрғызған соң, ату жазасынан аман қалған. Бірақ 1937 жылы Сібірде тоғыз жыл жазасын өтеп қайтып келген соң, колхоздың ауыр жұмысына араласты. 1957 жылдан бастап денсаулығы сыр берсе де, еңбектен қалмаған. Енем екеуі тоғыз бала өсірген.
Атамыз көп сөйлемейтін, қарапайым, сынық салғаны үшін еш нәрсе дәметпейтін қанағатшыл адам болған. Көзі өткір, бірақ адамға тіке қарамайтын, келген жанның ішіндегісін біліп отырған. Басты қасиеті – сынық салу, мертіккендерді қалпына келтіру болса да, кәріп болып келген жанға қол тигізбей емдепті. Мертіккен малды да көз жанарымен аяғына тұрғызып жіберген екен. Заманның беталысынан сескеніп, бойындағы бар қасиеттерін жасырған сияқты.
Дүниеден өтер алдында сырлас көршісі Қобылан ақсақал қандай өсиет айтар екен, емші-сынықшылық өнерін қай баласына қалдырар екен деп сыр тартқанда, атамыз: «Мен ешкімге арнап қалдыруды ойламаймын, көрген бейнетті ұрпағыма қаламаймын, тәңірден бұйрық болып қонып жатса, өзі біледі», –депті. Қараталға келіп жатқан жұрт көп, ауырған, медет етіп келген жандар түнек үйінде жатады. Үйді кеңейтіп, газ, су жүргіздік. Жол қиын, жаңбыр жауса лайсаң балшыққа айналып езіліп кетеді. Ойылға кірген газ Қараталға да тартылса, жол дұрысталса, Қараталдың еңсесі көтерілер еді, – дейді.
Ел ішінде өмір сүрген осындай қасиет қонған жандар жатқан ауылдар бет-бейнесін жоғалтпай келе жатыр. «Әулиесі бар ел азбайды» демекші, мұндай ауылдардың адамы еңбекшіл келеді, оларға жаман әдеттер жоламайды. Сармат дәуірінен бастап, Алтын Орда, Асанқайғы заманын бастан кешірген Ойыл осылайша қасиет қонса да, қарапайым өмір сүрген адамдарымен қастерлі.
 

Баян СӘРСЕМБИНА
Ақтөбе облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Ерлан | 29 тамыз 2017 00:16
Баян жазғаның өте орынды , саған көп-көп рахмет! Қаратал өңірінде Қаңбақ сай деген жерде Байгелді Накеш атаның зираты бар ол кісі де мықты əулие кісі болған. 1-ші Алла деп ниет етіп барған кез-келген адамның ауруын жазады.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар