1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Елден шығарып жіберуді сот шешеді

Күллі республика жұртшылығын дүр сілкіндірген Астанадағы «Әбу-Даби Плаза» құрылыс алаңындағы оқыс оқиғаның шуы әлі де басылмай тұр. Аталмыш факт бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу-тексеру жұмыстары басталды. Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, оқыс оқиға бойынша екі бірдей іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта екі іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеудің біреуі тұрмыстық негіздегі қақтығыс бойынша, екіншісі жалған ақпарат бойынша тіркеліп отыр», – дейді Жақып Асанов. Бас прокурор сондай-ақ өрескел заңбұзушылыққа жол берген шетелдік жұмысшыларды елден шығару мәселесін сот шешетінін айтты. «Бұл мәселені сот шешеді. Істі сотқа береміз, сол жерде шешімін табады», – деп жауап берді ол. Ал еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахмановтың айтуынша, айдың күні аманда шу шығарған азаматтарының ісіне Үндістан тарапы әзірше ешқандай реакция білдірмеген. «Дипломатиялық арналар арқылы Үнді елі тарапынан тергеу барысына немесе қазақстандық биліктің іс-әрекетіне қатысты ешқандай наразылық түскен жоқ. Шу шығарған шетелдіктер де тергеу жұмыстарының қорытындысын үнсіз күтіп отыр», – дейді Қайрат Әбдрахманов.
Тағы бір айта кетерлігі, қақтығыс кезінде жарақат алған адамдардың жағдайлары бірқалыпты, беттері бері қарай бастапты. «Әбу-Даби Плаза» құрылыс алаңындағы жаппай төбелес салдарынан зардап шеккен Қазақстан және Үндістан азаматының денесі сырылып, көгерген, бас сүйек, ми жарақатын алған. Қазіргі таңда ауруханада жатыр. Жалпы айтқанда, ауыр жарақат алғандар жоқ», – деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов парламент палаталарының біріккен отырысы алдында тілшілер сұрағына жауап беріп тұрып.
Бұл оқиға Құрбан айт мерекесі күндері, яғни 2 қыркүйек күні кешке қарай болған еді. Қаланың сол жағалауындағы тұрғындар жаңадан салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» кешені маңайында абыр-сабыр басталып, артынша қаптаған полиция мен жедел жәрдем, өрт сөндіру техникаларымен қатар, арнайы жасақ жауынгерлерінің жинала бастағанын байқайды. Ең алдымен Астана қаласының сол жағалауындағы Алматы мен Түркістан көшелерінің жабылып, тәртіп сақшылары жаяу адамдар мен автокөліктерді тоқтата бастады. Көп ұзамай әлеуметтік желілер арқылы «Астананың сол жағалауында көтеріліс басталды» деген де ақпараттар тарады.
Төбелестің басты себебі – құрылысшы болып жұмыс істейтін Үндістан азаматтарының бірі нысаннан шықпақ болады. Алайда мас күйінде келгендіктен, күзетші (қазақ жігіті) оны сыртқа шығармай қойған. Сол жерде үндістандық жігіт қол жұмсап, күш көрсеткен. Онымен де тынбай, достарын шақырып келіп, қазақ жігітін соққыға жығады. Дау осы жерден басталған. Кикілжің өршіп, ақыр соңында жаппай төбелеске ұласып, 30 шақты адам, тіпті кейбір деректерде одан да көп адам қатысқаны айтылады. Тіптен кейбір бейресми мәліметтерде жанжалды тоқтату үшін оқ атылған сияқты. Сол күні қалалық ішкі істер органдары арнайы ресми мәлімдеме жасап, бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал деген қорытынды жасады. Көп ұзамай Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен ақпарат министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желі арқылы халықтан даурықпауды сұрап мәлімдеме жасады.
Төбелес кезінде екі үндістандық таяқ жеп, емханаға жеткізілген. Кейіннен жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға ниеттенді деген күдікпен тағы 41 қазақ жігітін ұстағаны туралы сыбыс тарады. Ішкі істер министрлігі бұл деректі растады.
Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады деп аталып жүрген «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды кешеніндегі оқыс оқиға бұл ғана емес. Құрылысы 2010 жылы басталып, 2017 жылы аяқталады деп жоспарланған құрылыс нысанында бұған дейін бірнеше рет алапат өрт болған.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттанушы: АЗАМАТТЫҚ ҰЛТШЫЛДЫҚ КЕРЕК
– Астанада үнділерге қарсы шыққан жігіттерге арналған өлеңдер де шыға бастапты. Былтыр жер дауы кезінде де сондай руxты өлеңдердің неше түрі шыққан еді. Бірақ сол күрестің басында болған Макс Боқаев пен Талғат Аянға шынайы қолдау көрсетіп, отбасына қарайласып жүрген кім бар? Ұлттық мәселелерді қозғап, істі болған Жанболат Мамайдың соттарына қанша адам қатысып жүр? Даурықпа ұлтшылдықтан гөрі сауатты, саналы, салиқалы, азаматтық ұлтшылдық керек-ақ.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: БҰЛ – БЕТБҰРЫС ОҚИҒА
– Қыркүйектің басында шағын конфликт түбінде бетбұрыс оқиға ретінде тарихқа енеді-ау деп ойлаймын. Өз өмірімде бірінші рет «қайтпа, қайтпа» деп айқайды салып жүрген жастарды көрдім. Бұл дегеніңіз – жаугершілік заманмен бірге кеткен ұран еді ғой, қолданыстан шығып қалған архаизм деп жүрміз ғой. Сөйтсек, жаугершілік заманның белгісі ұлттық код ретінде жадыда сақталады да, қажеттілік болса қайта шығады екен. Біз тамырдан қол үзбеген халық екенбіз, соған көзім жетті.
Екіншіден, қазақ жастары «Қазақстаным!» деп ұрандатып жүр, елдің намысы үшін жанын қиюға дайын, қолдарында қару да жоқ. Бұқар жыраудың Бөгенбайды жоқтап, «Қазақтың абырой-арына, сарып қалған бар күшін» дегені есіме түсті, «жалаңаш бар да, жауға шап». Біздің жастар нан сұрап, киім сұрап төбелесіп жүрген жоқ, қазақтың намысын кім көрінген келімсекке таптатпаймыз деп көшеге шықты. Бұл – қазақтың ер-азаматтарының қанында жауынгер бабаларымыздың ержүректігі, намысқойлығы, ұлтшылдығы лүпілдеп соғып тұр деген сөз.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар