1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
12 қыркүйек 2017
Алтекеңнің асыл бейнесі

Мынау жалған дүниеден құйрықты жұлдыздай ағып өткен, бір өзіне ғана тән өр мінезімен, асқан білімдарлығымен өшпес із қалдырып кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлы аман-есен жүргенде бұл күндері ғұмырының 55-ші күзін атап өткен болар еді.

Кезінде тележурналист Қасым Аманжол Алтынбекті «Шынның жүзі» деген хабарға шақырып сұхбаттасқан кездегі Алтекеңнің жауаптары, ой-тұжырымдары, қысқа да нұсқа пікірлері естен кетпейді. Жақында сол сұхбаттың жазбасын Abai.kz сайтынан қайталап көрдім. (Сайт қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Өйткені Алтынбек сынды тұғырлы тұлғаларды оның көзін көрмеген, тәуелсіздік жылдарында өмірге келген кейінгі жас ұрпақ біліп жүруге тиіс деп ойлаймын.) Алғырлығы, ұстамдылығы, сырбаздығы көргендерді қайран қалдыратын Алтынбектің асыл бейнесі көз алдымнан кетпейді...
Алтынбекпен алғаш 1986 жылдың жазында таныстық. Сол жылы Дархан Мыңбай, Ұлан Байжанов үшеуі Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап келіп, Қазақ Телеграф агенттігінде қызметке кіріскен болатын. Дархан екеуі орыс тілінде де, қазақ тілінде де еркін жазатын. Алтынбекпен біраз уақыт, яғни ол жаңадан ашылған «Арай» – «Заря» журналына ауысып кеткенге дейін бір кабинетте отырдық. Бұл мен үшін ұмытылмас күндер болды. Кейін қызмет бабымен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарып жүргенде, Қазақстан Республикасы президентінің аппаратында және министрлер кабинетінде бөлім меңгерушісі, баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, баспасөз жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы болып жүргенде, кездесе қалғанда кішіпейілділіктің асқан үлгісін көрсетіп, жай қатардағы қызметте жүрген бізге ақжарқын күлкісімен жайраңдай сәлем беріп, хал-жағдай сұрасып тұратын еді. Мұны қалай ұмытарсың...
Әйгілі Желтоқсан күндеріндегі аласапыранда телетайп күні-түні безек қағып жататын. Біз Коммунистік проспекті (қазіргі Абылай хан даңғылы) мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы агенттік ғимаратынан шықпай жұмыс істедік. Арагідік Абылай хан даңғылымен қарақұрым болып өтіп жатқан жастарға терезеден қарап қоюға ғана шамамыз келеді. Өйткені Орталық комитеттен алаңға шыққан жастарды жерден алып-жерге салып қаралаған материалдар, жер-жерде жиналыстар өткізіліп, оларды айыптау туралы нұсқаулар үсті-үстіне келіп жатты. Белгіленген тәртіп бойынша біз оларды екі тілде дайындап, республикалық, облыстық газеттерге жіберіп отыруымыз керек.
Одыраңдаған орталықтың отаршылдық оспадарсыздығына қарсы бейбіт шерумен көшеге шыққан қазақ жастарын темір шоқпарлармен, сапер күректерімен ұрып-соғып, итше тепкілеп, аяусыз азаптағаннан кейін өздерінің қанды қылмысын қалайда жуып-шаймақ болған отаршылдар мен олардың жандайшаптары іле-шала жанталасып, жер-жерде күллі қазақ халқын «ұлтшыл» деп күстаналап, қаралау жиналыстарын ұйымдастыра бастағаны белгілі.
Сондай жиналыстың бірі агенттікте де болып өтті. Осының алдында ғана Орталық комитеттен арнайы нұсқау алып келген бас директор Жұмағали Ысмағұлов ағамыз жиналысты ашып, жастардың бұл әрекеті «махровый национализм» екенін, оны айыптау керектігін «атап көрсетті». Мұның өзі Орталық комитеттің «сценарийі бойынша» айтылып отырғаны айдан анық еді. (Келесі жылдың маусым айында Алматы сәулет-құрылыс институтының 1-курс студенттері Қ.Рысқұлбеков пен Е.Көпесбаевтың, Алматы энергетика-құрылыс техникумының 3-курс студенті Ж.Тайжұмаевтың, «Алмаатаотделстрой» тресіндегі №39 құрылыс-монтаж басқармасының балташысы Т.Тәшеновтің, «Алмаатапромстрой» тресіндегі №40 құрылыс-монтаж басқармасының электрмен дәнекерлеушісі Қ.Күзембаевтың сотынан ҚазТАГ түсірген суретті облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» және ұйғыр тілінде шығатын республикалық «Коммунизм туғи» (қазіргі «Ұйғыр авази») газеттері жариялағаны үшін ҚазТАГ-тың бас директоры Ж.Ысмағұлов, агенттік бас редакторының орынбасары В.Венгровский, фототілші Ю.Беккер, «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақып т.б. қызметінен босатылды. Бұл суретте ең ауыр жаза – атуға кесілген Қ.Рысқұлбеков, 15 жылға кесілген Т.Тәшенов пен Ж.Тайжұмаев, 14 жылға кесілген Қ.Күзембаев және төрт жылға сотталған Е.Көпесбаев өздерін кінәлі сезінбей қасқая қарап тұрған еді, ал жалдамалы қуыршақ сот төмен қарап қалған.) Бұл көрініс дүниежүзіндегі «ең әділ сот» – советтік сот үшін барып тұрған қорлық, масқара еді.
Сол кездегі қасаң тәртіп бойынша мінбеге күні бұрын дайындалатын адамдар шығып сөйледі. Олардың құрамы интернационалдық еді: қазақ, ұйғыр, кәріс. Ал орыс ұлтының өкілі сөйлеген жоқ. Не бетімен сөйлесін? Өйткені жастардың жанайқайы орыстардың шовинизміне қарсы болды ғой. Алдымен Әнәпия Омаров деген кісі сөз алып, жастарды ғайбаттай келіп, «Мне стыдно!» деп бетінен «оты шығып» аяқтады. Содан соң Жанна Пичина деген ұйғыр келіншек (күйеуі орыс) айыптау сөзін айтып, балаларын бұлай тәрбиелемейтініне «уәде берді». Ал кәсіподақ комитетінің төрағасы Анатолий Чен деген кәріс жігіті мінберге шығып біраз тұрды да, булығып сөйлей алмай, дәлізге шығып кетті. Мен оның орынбасары едім, соңынан ілесе шықтым. Ол терезенің алдында кәдімгідей көзінен жас парлап жылап тұр екен. Мен оны жұбатып бақтым. Иә, ол, шынында, не айта алатын еді. Өзі аз халықтың өкілі, бұл жер Отаны емес, ана тілін екібастан ұмытқан. Былайша айтқанда, оған бәрібір. Сондықтан да ешкімнің намысын жыртқысы келмейді. Бұл тұрғыдан алғанда оның ішкі дүниесінің әлем-тапырық болып тұрғанын түсіну қиын емес еді.
Жиналыстан кейін пікіралысу басталды. Әрдайым салмақты да салиқалы жүретін жазушы Жақсылық Түменбаев әлгі Әнәпия Омаров ағамызға: «Әнеке, басқа-басқа, сіздің бұлай сөйлегеніңізге жол болсын, сіз оқиғаның басы-қасында болған жоқсыз ғой, жастарды бұлай кінәлауға қақыңыз бар ма?» – деп реніш білдірді. Бірақ оны түсінген Әнекең болған жоқ, қайта «сендер саясатты түсінбейсіңдер» деп өзімізді кінәлады. Ал Анатолий Ченнің мына қылығына келгенде «ол қазаққа жаны ашып жылаған жоқ, өзінің елі мен жұртының жоқ екеніне налып тұр ғой» деген ой айтты Жақсылық. Агенттіктің ғимаратынан ешкімді сыртқа шығармағандықтан, бәріміз жұмысымызды атқара бердік.
Қойшы, сонымен, алаңға шыққан жастарды қаралау, күйе жағу науқаны басталып кетті. Материалдар орыс тілінде даярланады. Біз оны қазақшаға аударамыз. Тақырыптарын барынша айқайлатып береміз: «Әділ жаза», «Сазайын тартты», тағысын тағылар.
Ал Алтынбек болса Мәскеуден оқуын бітіріп жаңа ғана келген кезі. Ол Космонавтов (қазіргі Байтұрсынұлы) көшесі мен Тимирязев көшесінің қиылысында тұратын бір дәрігерге барып, ине салдырып ем алып жүрген еді. 17 желтоқсан күні кезекті емін алып қайтып келе жатқанда, Сәтбаев көшесіне жақындай бергенде милиционерлер мен солдаттар қуып келе жатқан бір топ жас жанынан дүркіреп өте шығады. Алтынбек не болғанын аңғарып үлгіргенше, бір солдат қолындағы шоқпарымен ту сыртынан салып өтеді. Ол етпетінен түседі. Өзі ем алып келе жатқандықтан, қарсыласуға шамасы келмей орнынан тұрып тротуарға шығады да, өтіп бара жатқан бір әйелдің қолтығынан ұстап, көмектесуін сұрайды. Сөйтіп, аман қалады. Мұны ол келесі күні жұмысқа келгенде айтып берді.
Кейін жастарды топырлатып оқудан шығарып, жұмысынан қуып, шетінен жазалап жатқан кезде мынадай бір анекдот айтып еді: Сот мәжілісі. Қазақ жастары шетінен сотқа тартылып жатады. Тергеуші:
– Алаңда болдың ба?
– Иә, болдым.
– Атылсын!
Екіншісін шақырады.
– Алаңда болдың ба?
– Иә, болдым.
– Атылсын!
Үшіншісін шақырады.
– Алаңда болдың ба?
– Жоқ, болған жоқпын.
– Онда алаңға апарыңдар да, атып тастаңдар!
Алтынбек осыны айтқан кезде ақсары жүзі алаулап, нұрлы көздерінен бір мөлдір мұң сезілетін. Жүрегінің сыздап, көңілінің құлазып тұрғанын аңғару қиын емес-тұғын.
Кейін «Арай» – «Заря» журналына, өзі редактор болған «Өркен» – «Горизонт» газетіне Желтоқсан көтерілісі, оған қатысқандар жайында көптеген құнды материалдар жариялаған еді.
Жалындаған 20 жасында алаңға шыққаны үшін бір келімсекті өлтірді деп жала жабылып, ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков өзінің ақтық сөзінде:
«Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға...» – дей келіп, соңында:
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты құрбандық»
Атам десең атыңдар», – деп, нағыз ержүрек батыр жан екенін білдірген еді ғой. Маған Қайрат пен Алтынбектің тағдырлары ұқсас көрінеді. Еліміз тәуелсіздік алған кезде де тоңмойын саясаттың әділетсіздігіне жаны күйгендіктен, «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек» деп наразылық білдіргені үшін Алтынбек те қыршын жасында қарауылға ілінді. Қырыққа да толмай қылшылдап тұрған шағында ғылым докторы атанып, министр, төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарған оғлан қолдан ұйымдастырылған қарақшылық шабуылдың құрбаны болды.
Алтынбектің асыл бейнесі көз алдымнан кетпейді.
Ұлт перзенті Алтынбек,
Ғұмыр кештің халқым деп.
Сен өткелі фәниден,
Арылмады салқын леп.

Сені атқан шірік бас
Тартар әлі азабын.
Есіміңді ұмытпас
Аман болса қазағың.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Алматы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Төлеубай Ермекбаев | 13 қыркүйек 2017 10:18
Ғазизбек, Алтынбек МГУ-дің журналистика факультетін 1985 жылдың маусым айында бітіріп шыққан. Онымен бірге бітірген жігіттер Дархан Мыңбай, Ерлан Байжанов, Қанат Жұматаев. Сіз Ерланның ағасы Ұланды атапсыз. Оқу бітірген жылы да бір жылға кеш көрсетілген. Мен Алтынбектен бір жыл бұрын сол МГУ-дің журфагын бітіргенмін. Бір ғимаратта оқып, бір жатақханада тұрғанбыз. Жақсы білгендіктен жаңсақ деректерді түзетуіңіз үшін жазып отырмын.

Төлеубай Ермекбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарағ
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар