1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
12 қыркүйек 2017
Алаш арысының алдындағы борышымыз қалай өтелмек?

Тұлға… Кейде осы анықтаманы ретті-ретсіз пайдаланып, құнын түсіріп алғандаймыз. Дегенмен тұлғаның кесек болмысы, адами-парасат биік пайымы өзгелерден ерек келетінін естен шығармаған абзал. Мүмкін, бұл Жаратқанның аса бір шеберлігімен келген қасиет шығар.
Марқұм Алтынбек ағамен жүздесіп не дастархандас болған емеспін. Бұл енді тағдырдың жазғаны шығар.
Бізде қазір тұлға көп. Бірақ олар белгілі бір саланың жілігін шағып, майын ішкендер ғана «тұлға» санатында (өкінішті!). Оларды мен кәсібіне шебер, жұмысын тастай етіп жасайтын «технарларға» ұқсатамын. Кәдімгі шаруагерлер. Мүмкін, олар қызмет мансабымен ақпараттық-идеологияның тетігін ұстаған не саяси жүйенің қыр-сырын меңгерген «көреген» шығар. Бірақ олардың азамат ретіндегі стратегиялық не тактикалық амалдарын қоғам көріп отырған жоқ. Әсілі, қоғамға сезілмейді.
Мықты саясаткер бар, бірақ «бір қайнауы кем» екені көзге ұрып тұрады. Мүмкін, бұл мінездің жоқтығынан не принциптің әлсіздігінен шығар. Ол жағы белгісіз.
Марқұм Алтекең туралы еңбектерді оқып, деректі фильмдердегі сұхбаттарын қарағанда саяси қайраткердің шыншылдығы, тазалығы, сенгіштігі һәм білімпаздығы мен кемел мінезге бай екендігін бірден байқауға болады. Ең бастысы, қазақылығы. Сондықтан қазақы орта үшін, қазақша ойлап, ұлттық дәстүрді ұстанатындар үшін тым қымбат тұлға еді. Бүгінгі әлеуметтік желідегі шағаладай шулаған әсіреұлтшылдар, жалған алашшылдар мен құлқынын ойлаған екіжүзді блогерсымақтардың ортасында мұндай тұлғаның өмір сүруі мүмкін емес-ау деп ойлайсың. Мүмкін, солай да шығар.
Алтекеңнің саяси оппоненттеріне қарата «ол – менің жауым, бұлармен тек радикалды түрде күресу керек» деген бірде-бір пікірін оқымаппын да, көрмеппін де. Міне, қазақи дәстүрлі дипломатия деген қасиеттің қанға сіңгендігін осыдан да байқауға болады.
2000 жылдардың ортасы мен үшін бір қызық кезең болды. Оқуды бітіре сала Қызылордадағы заң университетіне жұмысқа тұрып, оқытушылықпен айналысып жүрген кезім. Облыстық телеарнада жобам бар. Сол жылдары парламент, президент сайлауларының басы-қасында жүрдік. Бірнеше рет Астанаға келдік. Мемлекеттік саясат, билік жүйесінің шешімдерін бұлжытпай орындап жүрген қатардағы «жауынгерміз». Президент сайлауының үгіт-насихат жұмыстары болуы керек, бірде қаладағы теміржол маңына шықтық. Алтекең марқұмды онда көрмедім. Бірақ Ж.Тұяқбай және де басқа адамдар жиналды. Халықтың ыстық ықыласы, қабылдауы ерекше болды. Әсіресе жастар жағы қиқулап, «Біз қолдаймыз!», «Ақ жол» алға!» дегендей ұрандарын айтып жатты. Басшымыз (сол кездегі) «Ақ жолдың» принциптерін қолдайтындығын жеткізіп, ақпараттық материалдарымен бізді таныстырды (күштеп емес, әрине). Әлі есімде, сол газеттерді оқи бастасаң, мақаланы аяқтамай орныңнан қозғалу қиын еді. Әрі қарай «Жас Алаштағы» саяси мәлімдемелері мен азаматтық өткір пікірлері арқылы марқұм Алтекеңмен сырттай таныса бастадық. Бір сағаттық үзілісте кітапханаға кіріп кетіп, рухтанып шығатынбыз.
Айтайын дегенім, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы әділеттілікті ту етер саяси жүйені құрғысы келгендердің ішіндегі ең белсендісі һәм жауаптысы болды. Белсенділігін марқұм өзі сұхбаттарында айтады. Пікірлерінен оның елге адалдығы мен мемлекетке жанашырлығын анық байқауға болады. Ол осы жолда күреске шығып, ұйымдастырылған қастандықтың құрбаны болды. Мемлекет тағдыры мен халық болашағынан сары бала мен қара қазанның қамын жоғары қойса, «ақ жағалылар» сапында қазір де жүрер еді.
Кейде «егер марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы билік эшелонында әлі де жүрсе, президенттің қасында отырып алып мемлекет мүддесін сататын майлыбаевшылар шықпас па еді (!)» деген ой да келеді. Қазір М.Тәжинді (президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары) көрсем, Алтекеңнің дәуірі көз алдыма елестейді.
Таңғалатыным, принципі айқын адам қызметтің қандай биік сатысында, мансабында болсын ойын ашық айтып, бұқпантайламай турасын жеткізеді. Марқұм Алтекең кесек-кесек пікірлерін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы не ақпарат министрі бола тұрып, ешкімге жалтақтамай жеткізе білді. Қазіргі шенділерден осындай іс шыға ма? Телекамера көрсе тұра қашады. Қашпай қалса, «диктофоныңызды өшіріңіз» деп қарап тұрады. Сөйте тұра көзбояушылық жасап, халыққа жақын қарапайым көріну үшін үйіне жаяу қайтады. Мұндай саяси екіжүзділіктің не керегі бар және кімге керек?
Алтынбек Сәрсенбайұлының «… Билік күшейіп, қоғам төмендей берсе, оның арты мемлекеттік жүйенің күйреуіне алып келеді» деген пікірі, расында, жанашырлықтан туған ойлы тұжырым еді.
12 қыркүйек – қазақтың біртуар азаматы, қоғам һәм саяси қайраткер, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Осы күні Алтекеңнің абзал рухы үшін азаматтық пікірімізді білдіріп, тіпті оқу орындарында саяси қайраткердің еңбектерін талқылап, саяси ғылыми айналымға енгізіп, сауапты һәм сауатты іс жасасақ ел алдындағы біздің де пенделік борышымыз өтелер еді.
Айтпақшы, рухани жаңғыру аясында елдің ертеңі үшін құрбан болған Алтекеңдей тұлғалар үшін кешенді жоба жасасақ артық болмас та еді.

Құрманәлі ҚАЛМАХАН, Журналистер одағының мүшесі
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар