1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
Азғындар азбанға айнала ма?

(ПЕДОФИЛДЕРДІ ХИМИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯЛАУ ХАҚЫНДА)
Бұрын ауызға алына бермейтін педофилия тақырыбының бүгінде қоғамның ең актуалды мәселелерінің біріне айналған жайы бар. Себебі азғындық оқиғалары соңғы кезде жиі қайталануда. Тіпті мал құлағы саңырау дейтіндей небір сорақы қылмыстық жайттарды естіп, жанымыздан түңілген кездеріміз де көп.


Соңғы кезде ғана Қазақстанда осындай балаларға қатысты сексуалды зорлықтың бірнеше мәрте қайталанғанына куә болып отырмыз. Әрі ол ауқымды көлемде қоғамдық резонанс тудырды.
Әсіресе таяуда ғана Сәтбаев қаласында болған қылмыстық оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Онда елудегі ер адам бес жасар қызды өз пәтеріне алдап кіргізіп, ойына келгенін жасаған. Бірнеше операциядан өткен бүлдіршін зордың күшімен аман қалды.
Қылмыскер бірден әшкереленіп, тұтқындалған. Кабинетте онымен оңаша қалған күзетші полицей шыдамағаны болар, әлгі азғынды сол жерде бірнеше мәрте соққыға жығады. Әрі онысы бейнежазбаға түсіп қалады. Ең соңында «өз өкілеттілігін заңсыз пайдаланды» деген айыппен әлгі жігіт тұтқынға алынады.
Әлбетте, мұндай оқиғаның жаңғырықсыз болуы мүмкін емес. Тұтас қоғам полицейді қолдап, ғаламтор бетін шулатқаны есімізде. Біреулер полицейді батыр деп есептесе, енді біреулер сот шешімі шықпайынша, күдіктіні де қорғайтын заң барына қайран қалып бастарын шайқасқан.
Дәл осы жерде соңғы кезде биік мінберлерден жиі айтылатын сот реформасы амалсыз еске түседі. Демократия деген желеумен әлдебір тараптардан азғын қылмыскерлерді қорғап қалудың жымысқы әрекеттері де байқалатындай ма-ау, өзі...
Әрине, мұндай келеңсіздіктердің қоғамның ашу-ызасын тудыруы да заңды. Алдыңғы жылы Шымкентте әлдебір күрд жігіті қазақтың жас баласына зорлық көрсетіп, оның арты жаппай қырғынға ұласа жаздағаны да есімізде. Ең соңында жергілікті қазақтар күрдтерді өз жерінен қуып шыққан. Соңынан теледидардан көрдік. Әлгі қуылған күрдтер Ресейді паналап, сол жерде өздерінің «Қазақстанда көрген қорлығы туралы» өтірікті-шынды әңгімелер айтып жатты.
Міне, аталмыш тақырыптың арты осындай саяси оқиғаларға да ұласып отырады.
Ертеректе балалар мен жасөспірімдерге байланысты осындай әрекеттерге баратындарға қолданылар жаза қатаң еді. Ондайларды дүйім ел жиналып өртейтін немесе денесін бөлшектеп тастайтын. Әлбетте, мұндай ортағасырлық жазалау түрі қазіргі заман талабына сәйкеспесе де, эффекті тиімділік беретін.
Қазақстанда соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген сот реформасына байланысты көзқарастардың қарсылық түріндегі бір парасының туындайтын сәті де осы. Жалпы, демократия қаншалықты керек десек те, азғындарға байланысты гуманизмнің қаншалықты қажеті бар?
Қоғамды толғандырып отырған маңызды сауалдың бірі де осы.
Жалпы, азғындыққа байланысты жазалау шараларының кейбір консервативті түрлеріне кейбіреулердің риза болып жүретіні де өтірік емес. Мәселен, ұзаққа бармай-ақ қояйық. Іргедегі өзбек халқында күйеуінің көзіне шөп салған әйелді сол көңілдесінің қолынан кетпенмен шауып өлтіртетін дәстүр күні кешеге дейін сақталған деседі. Әлбетте, оның да тәлімді сабағы болмақ.
Алдыңғы жылы бір ауылға барғанда естіген жайтымыз еске түседі. «Соғыс жылдары біздің елге ингуштарды депортациялады. Солардың арасында бет-аузына қара перде тағып алған Хауа есімді бір келіншек болды. Әлгінің жанына еркекті айтпағанда, әйел жоламайтын. Әйтеуір, тірі пенде. Ілегіп-салағып жүре беретін. Сөйтсек, күйеуінің көзіне шөп салғаны үшін ағайындары оның мұрнын кесіп тастапты. Сол дәстүр қазіргі қазақ қоғамына да енгізілсе ғой», – деген бір азамат.
Жә, енгізілсін-ақ. Сонда не болмақ? Қазіргі Алматы көшесіндегі келіншектердің қаншасының пұшық болып жүретініне кім кепіл... Жасыратыны жоқ, бүгінгі нарық билеген заманда осындай «потенциалды пұшықтардың» жетіп-артылатыны өтірік емес.
Бұл да азғындыққа қарсы жазалау шараларынан туған әңгіме.
Дегенмен біздің дәуіріміз ерекше гуманизмімен, толеранттылығымен ерекшеленеді ғой. Бірақ ол қандай гуманизм?
Бертінге дейін педофилдер көптеген елдерде өлім жазасына кесілмейтін. Ұзақ мерзімге түрмеге қамалатын. Ал ендігі жаза түрінің басқаша сипатқа енетін жағдайы байқалады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендерге химиялық кастрация, яғни химиялық кестіру жазасы қолданылмақ. Еуропа тәжірибесін басшылыққа алған біздегі құқық қорғаушылар бұл тәсілді маньяктарды райынан қайтарудың ең тиімді жолы деп тауыпты.
Химиялық кастрацияда қылмыскердің бірде-бір дене мүшесіне тікелей зиян келтірілмейді. Бірақ оның жыныстық тұрғыдағы белсенділігі тоқтатылады. Әрі қылмыскерге мұндай тәсіл екі мәрте қолданылатын көрінеді. Оның біріншісі – түрмеге қамалар алдында. Ал екіншісі – түрмеден шығар алдында. Соңғы шара оның өзі тұратын жердегі емханада жасалынатын көрінеді.
Ішкі істер министрлігінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы Оспанов мырзаның айтуынша, қазір маньяктардың жыныстық белсенділігін тоқтатуға қабілетті небір препараттар бар көрінеді.
Әрі алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап аталмыш жаза түрі заңды түрде жүзеге асырыла бастамақ.
Біз журналист есебінде қай мәселеге де алдымен дерек көздеріне сүйене отырып тоқталуға міндеттіміз. Ішкі істер министрлігінің деректеріне қарағанда, үстіміздегі жылы кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық әрекет қылмыстары оның алдындағы жылғы 531-ден 364-ке, яғни 31пайызға дейін кеміпті.
Әрине, ол да дәтке қуат ететіндей көрсеткіш.
Дегенмен жасөспірімдерге байланысты педофилиялық әрекеттер тұрғысында қазақ қоғамының көзқарасы екіұшты болып отырғаны да өтірік емес. Бір жағынан алып қарағанда, ықтимал қылмыскердің өзінің азғындық әрекетін жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылуы дұрыс та сияқты.
Алайда, екінші жағынан алып қарағанда, әлгі азғынның қандай да бір жолмен дәрігерді алдап кетуі немесе өзіне химиялық кастрация жасайтын маманды ақша беріп сатып алуы да мүмкін ғой деген пікірлерді де естиміз.
Жасыратыны жоқ, қазір біздегі ең парақор саланың бірі медицина екені айтпаса да белгілі. Көптеген дәрігерлер алдына келген науқастың ауру мүшесінен бұрын, қалтасына көз сататыны да рас. Басқаша айтқанда, қазір судьяларды айтпағанда, хирургтер де сатылады.
Оның үстіне, кейбір сарапшылардың пікірінше, химиялық кастрация арқылы қолданылатын импотенциялық шаралардан кейін белгілі бір уақытта препараттың әсері басылып, қылмыскердің денсаулығы бұрынғы қалпына келетін көрінеді.
Соған байланысты қазіргі қоғамда алдағы жылдың басынан бастап қолданыла бастайтын химиялық кастрацияға күмәнмен қараушылар да баршылық болып отыр.
Әйтеуір, дәтке қуат етер бір жайт, кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық әрекетіне барғандарға шартты түрде соттау шарасы қолданылмайды, өкінуіне байланысты да олар қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кете алмайды. Әрі жақсы тәртібі үшін оларды түрмеден мерзімінен бұрын босату да заңда қарастырылмаған. Сондай-ақ бұл қылмыс түрі мерзімі өтіп кетуіне байланысты тоқтатылатын процедураларға да жатқызылмайды.
Оның үстіне осы іске қатысты бап бойынша бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтегеннен кейін де үш жыл бойы әкімшілік бақылауда болады. Ондайлар өз тұрағын алдын ала ескертусіз тастап та кете алмайды. Сондай-ақ жасөспірімдер жүретін жерлерге баруына да тыйым салынады.
Ішкі істер министрлігіндегі мамандар жасаған сарапқа қарағанда, педофилдер қылмысты қоғамдық орындарда немесе көшеде жасамайтын көрінеді. Негізінен, қылмыс үй ішінде, көп жағдайда алкогольді ішімдік ішкендер арқылы жасалынады екен.
Осыған байланысты соңғы кезде Әкімшілік тәртіп бұзушылық кодексіне бірнеше бап енгізіліп, соған сәйкес, қылмыскерлердің мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді. Сондай-ақ ата-аналардың өзінің міндетіне салғырт қарауы, ұсақ тәртіп бұзушылық, бірлесіп ішімдік ішу сияқты қылмысқа жетелейтін алғышарттар да заңды түрде қарастырылған.
Негізінен, педофилдер аталмыш қылмыс түрлеріне ішімдік ішіп алып барады. Биылғы жазда дәл сондай оқиға Астана қаласында болды. Онда ата-анасымен бірге ішімдік ішкен біреу сол үйдің жасөспірім қызын алдап көл басына апарып, ойына келгенін жасамақ болады.
Оны сол маңда жұмыс істеп жатқан құрылысшылар байқап қалып, қылмыскерді қуалап жүріп ұстайды. Сол жерде оны өлімші етіп соққыға жығады.
Соңынан бұл оқиға да қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейбіреулер біреудің дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін құрылысшылар сотталады десе, енді біреулер құрылысшыларды нағыз батырларға теңеген.
Бұл жолы да әділет органдары күдіктіні соттап, ал оны өз беттерінше жазалаған құрылысшыларға алғыс білдірді.
Әлбетте, заңның аты – заң. Заң бойынша бұл оқиғада азғынмен қоса, оны өз беттерінше жазалаған құрылысшылар да жауапкершілікке тартылуға тиіс еді. Дегенмен әділет органдары бұл жерде қоғамның көзқарасын, талабын ескерді. Бәрінен бұрын химиялық кастрациядан гөрі, біздіңше, осындай халықтық әрекеттердің көбірек тиімділік беретіні күмәнсіз ақиқат.
Аталмыш бап бойынша күмәнді азаматтарға байланысты ішкі істер органдары сотқа шағымдануға құқылы. Сол арқылы оған ерекше талап қойылады. Заңға тартылады. Ол да аталмыш қылмыс түрінің алдын алуға бағытталған шаралардың бір парасы.
Үстіміздегі жылы республика бойынша 1000 адамға дәл осындай заң талабы қойылыпты. Ол да ойланарлық жағдай. Себебі, шынтуайтына келгенде, осы 1000 адамның бәрінің де ықтимал педофилдер болуы әбден мүмкін.
Соған қарағанда үстіміздегі жылы елімізде тұңғыш рет қолданылғалы отырған химиялық кастрация тәсілінің «ықтимал пациенттері» әлі де болса арамызда жүргенге ұқсайды.
Бұл жердегі басты әңгіме химиялық кастрацияға байланысты. Оның еуропалық үлгі екені де белгілі. Ал өркениетті елдердегі бұл әрекеттердің нәтижесі қандай екен?
Атап айтқанда, аталмыш тәсіл қолданылғаннан бері Германияда осындай қылмыс түрлері мүлдем жойылған деседі.
Біздіңше, бұл жерде бәрі де халықтың ұлттық менталитетіне, өресіне байланысты дер едік. Нақтырақ айтқанда, Германиядағы заң қандай? Ал бір жылда парламенті мыңға жуық заңды қайта қарап, өзгерту енгізетін елдегі заң қандай? Әлбетте, әділет тұрғысынан қарағанда, қалыптасып ой-санаға, түсінікке әбден кіріккен заңның әсері де зор болмақ.
Десек те, «үмітсіз – шайтан», біз де Қазақстанның педофилдерге қарсы қолданылатын жаңа заңдық шарасынан күдер үзбейік. Кім біледі, жыл сайын көбейіп келе жатқан жасөспірімдерге байланысты жыныстық тұрғыдағы қылмыс түрлерінің алдын алуға оның да әсері тиюі әбден мүмкін ғой...

Өмірзақ МҰҚАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар