1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист, жазушы: Ұлттың өзін қор санауы – ұлттың әлсіздігі

Ұлтшылдық ұғымы қазіргі кезде сұрықсыз сөзге айналды. Оның негізгі бір себебі – орыс «ойшылдарының» ұлтшылдықты адамның рухани кемістігіне теңеп сипаттауы. Ал, шындығында, ұлтшылдық – кез келген мемлекетті алға сүйреуші күш. Ұлтшылдық дегеніміз – ұлт құндылықтарын негізге ала отырып, тұтас мемлекетті қалыптастыру.
Мәселен, бізде Қазақстан халқы ассамблеясы дейтін ұйым бар. Осы ұйымдағы әр ұлттың жеке мәдени орталықтары бар. Оларға мемлекет, жергілікті атқарушы билік қолдау көрсетеді. Меніңше, мемлекет ұлттардан емес, ұлттан тұруы тиіс.
Яғни бір ұлттың төңірегіне топтасып, ортақ құндылықтарға арқа сүйеп, біртұтас мемлекет қалыптастыру. Халықты о баста осындай идеяға ұйыстыру керек еді. Мысалы, боксшы Г.Головкинді алайық. Ол қазақпын дейді және өзін өзгелерге солай таныстырады. Одан Головкиннің ештеңесі кеміп қалған жоқ.
Ұлтшылдық мемлекет дамуының бірден-бір негізі екеніне мысалды көптеп келтіруге болады. Айталық, Англия XVIII ғасырда Ирландия, Шотландия қатарлы елдерді қанға бөктіріп, отаршыл саясат жүргізді. Бертін келе ұлттық саясатты алға шығара отырып өзін де, өзге отар елдерді де дамытты. Сол сияқты Германияны Наполеон жаулап алғаннан кейін олар француз басқыншылығынан ұлтшылдық идеяларды алға шығару арқылы ұлтты құтқарды.
Ағылшын философы Герберт Спенсердің ұлтшылдыққа қатысты «Өз қоғамыңды құрметтеу – өзіңді құрметтеу белгісі» деген сөзі бар. Яғни өз ұлтыңның құндылықтарын құрметтеп үйренсең, өзгелерге де құрметпен қарай аласың. Қазақ титулды ұлт ретінде жедел дамушы ұлтқа айналса, онда бұл елде тұрып жатқан этникалық топтарға да жақсы болады. Біз олардан өзімізге құрмет талап ету үшін ең әуелі өзімізге құрметпен қарап үйренуіміз керек. Г.Спенсердің жаңағы сөзі ұлтшылдық бағытта айтылған. Ал өзі ағылшын либерализмінің бас идеологы болды. Біз ұлтшылдық пен либерализмді бөліп қараймыз ғой, бірақ азаматтық ұлтшылдық дамыған жерде ұлтшылдық пен либерализмнің айырмасы болмашы ғана. Екеуі де демократияны, теңсіздікті жоюды, адам құқықтарын басты ұстаным ретінде қарастырады. Менің ойымша, қазіргі қазақ ұлтшылдығы да осы жолмен, яғни азаматтық ұлтшылдық жолымен жүруі керек.
Кейінгі кезде ұлтшылдықты этникалық бөліну сипатында көрсететін әрекеттер де қылаң беріп жүр. Бұл – этностық ұлтшылдық. Мұның жарқын мысалы қазіргі Ресейде. Скинхедтердің метроға басып кіріп, орыстан өзге ұлттарды соққыға жығуы, өлтіріп кетуі осы этностық ұлтшылдықтың асқынған түрі. Ол аз десеңіз, бір кезде кәсіби журналистиканың эталоны секілді болған В.Соловьев кезінде қандай еді, қазір қандай... Қазір Соловьев күніне екі сағат Украинаны даттап, жамандаумен айналысады. Міне, сізге шовинизм мен әсіреұлтшылдықтың таптырмас мысалы. Негізі, бұл Ресейдегі қазіргі ұлтшылдықтың кері кетіп бара жатқанын да көрсетеді. Ал Қазақстандағы ұлтшылдық қандай десеңіз, ол – азаматтық ұлтшылдық. Әр қазақ мемлекетінің дамығанын қалайды, соның даму жолындағы кедергілерге сын айтады, ұйытқы болар іс көрсе пікірін айтады. Осы азаматтық ұлтшылдық бастамаларын мемлекеттік билік іліп әкетіп, әрі қарай дамуға пайдаланса, сонда қоғам мен мемлекет қатар көгереді. Ал біздің қателігіміз – мемлекет пен қоғамды бөліп қараймыз. «Мемлекет пен халық – біртұтас ұғым» дегенді санамызға сіңіре алмай келеміз. Ұлттың өресі өссе, өзге ұлттық құндылықтар өздігінен көтеріледі. Әр қазақ мемлекетке ие екендігін біліп, соның жауапкершілігін жете түсінуі тиіс. Қазіргі ұлтшылдардың айтып жүргені – осы. Сондықтан қазіргі қазақ ұлтшылдығы азаматтық ұлтшылдық жолымен жүріп, өзгелерді өзімен бірге жетелеп алға басуы керек.

«НЕГЕ БІЗ ОСЫНДАЙМЫЗ, А?»
Ұлтшылдық – саяси термин. Әрбір саяси лепті өзінің қолайына пайдаланғысы келетіндер көп болады. Газеттен, интернеттен байқап отырсаң, қазақтың сыздаған жарасының бірі жарылып, ел басына күн туған кезде үндемей бұғып қалатындардың әдеттегі сөздерін көрсең, елім деп еңірегенде етегі жасқа толып отырады. Бізде сөз бен іс қабыспай жатады. «Қазақтың сөзі ұзын» деген бар ғой, тап осы нәрсе бүгінгі күні тым өрістеп тұр. Мәселен, қараңыз, рухани жаңғыру дегенді біз топ-топ болып мола аралаумен өткізіп жатырмыз. Бір мазарға барып зиярат етсек, ұлттық рухымыз дүр етіп оянып, жаңғырып кететіндей көреміз. Содан келіп қалмақты қалай қырғанымыз жайлы даңққа толы том-том кітап жазамыз. Ал бергі тарих туралы сөз аз, ұлтшылдығымыз, ұстанымымыз Ресеймен арадағы саяси ойындардың қашасына қамалып қалған. Президент аппаратынан, әлде басқа құзырлы орындардан тыйым келсе, әлгі ұлтшылдық әңгімеміз тәмам болады. Сонда біздің ұлтшылдық қалмақ қырғаннан көтерілмей ме?.. Неге біз зауыт, фабрикалар салмаймыз, неге біз «қазақ» деген машина, телефон шығарып, халықаралық нарыққа шығармаймыз? Осылай ғылым-білімге сүйеніп, ұлтты алға сүйремейміз? Тегінде осындай істер ғана ұлттың өзіне сенімін оятып, намысын қайрайды.

ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК ҰЛТШЫЛДЫҚ ЕМЕС
Ұлтшылдық сөз болған соң, есіме түсіп отыр. Өткенде Астанада болған «Әбу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде болған қақтығыстан ұлтшылдық белгілерін байқап жатқандар болды. Меніңше, әлеуметтік теңсіздік мәселесінің ушығып, сыртқа шығуын ұлтшылдыққа жатқызуға болмайды. Күні кеше депутат В.Божко кері сөйлемей, «Әбу-Даби Плаза» құрылысындағы үнділердің орнына ауылдан жұмыс іздеп жүрген жастарды әкелейік деп айтқанда абыройы артар еді. Тіпті ішкі еңбек нарығындағы ұлттық саясатта ең әуелі ел азаматтарын жұмыспен қамтуды басты назарда ұстауы тиіс еді. Ал Астанадағы секілді әлеуметтік қақтығыс өзінің ішкі еңбек нарығына қатысты саясатын түзей алмаған кез келген мемлекетте болуы мүмкін іс.
Қазақ ұлтшылдығын сөз еткенде айналып кете алмайтын тағы бір мәселе – ағартушылық. Ұлтшылдық пен ағартушылық қатар жүреді. Оған Алаш қозғалысының қоғамдық-саяси қызметін мысал етсек те жетіп жатыр. Менің ойымша, ұлтшылдық пен ұлттық ағартушылық қызмет белгілі бір ұлттық тұлғаларды, көшбасшыларды шығарады. Міне, сол тұлғалар ұлтшылдықты ұлтты алға сүйреудің негізгі қозғаушы күші ретінде пайдалана отырып, мемлекетті дамуға бастайды.
Қазіргі кезде қоғамда көрініс беріп жүрген ұлттың өзін қор санау дағдысы ұлтшылдықтың емес, ұлттың әлсіздігінен дер едім. Мысалы, 1989 жылы тіл туралы заң қабылданды. Содан бері біз әлі күнге дейін қызылкеңірдек болып тіл мәселесін талқылап келеміз. Одан тілдің жағдайы жақсарып кететін сыңай байқалмайды. В.Божко қатарлы депутат, шенеуніктер, тағы да басқа биліктегі қаншама адамдар қалай орысша сөйледі, әлі сол күйі шүлдірлеп келеді. Сөйте тұра мектепке үштілділікті енгізіп, мұғалімдердің бәріне он айдың ішінде ағылшын тілін үйренуді міндеттеп, мәжбүрлеп жатыр. Дәл осы форматты қазақ тіліне қолданып, он айдың ішінде тіл үйренбеген адам жұмыссыз қалады десе, бірден ұлтшылдыққа баланады. Біздің өзімізге, қазаққа деген көзқарастың сорлылығы осында.

ҰЛТШЫЛДЫҚ ҺӘМ ҚАЗІРГІ БАСПАСӨЗ
2000 жылдардың басында, Қазақстанда демократиялық жаңғыру процестері жүріп жатқан уақытта қазақ баспасөзі қазақ ұлтшылдығының ағартушылық бағытымен қоса, ұлтшылдықты белгілі бір дәрежеде дамытуға күш салды деуге болады. Бұған сол жылдары өзім жетекшілік еткен телехабардың біріне келген сарапшының «қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарып отыр» деген сөзі дәлел. Мысалы, 2000 жылдары Қазақстанға Горбачев келді. Сонда «Горбачев Қазақстанға неге келеді? Оның уысында Ләззаттың шашы, ұлтанында Қайраттың қаны бар» деп жазғанбыз. Ол кезде, міне, осындай еркіндік бар еді. Ол тұста мемлекеттік арналар мен басылымдарда әлгіндей сыни материалдарға жол ашық еді, БАҚ-пен билік санасатын еді. Ал қазір сондай сынды қай басылымнан табасың? Жекеменшік «Жас Алаш», «Дат» газеттері болмаса, өзге БАҚ-тан сынды емге таппайсың. Қазіргі басылымдардан ұлттық мәселенің көбігін сыпырып тастап, астарындағы бүлкілін дөп басып беріп отыр деп қайсысын айта аламыз? Телеарналардың бәрі бір-бір қожайынның қазығына байланған. Сол қожайынның ұпайына қарай қимылдайды.
Бір мысал айтайын, кезінде Шерағаң әлдебір мәселеге қатысты «Егеменнің науасынан кәшек жеп отырмыз» депті. Соны көрген жас журналистер «Кәшекті есек жемеуші еді, одан да Жуалыға барып, бес ешкі, он тауығыңызды бағып жатпайсыз ба?» деп сын жазған. Енді қарап тұрсақ, Шерағаң сол жалғыз ауыз сөзі арқылы өзінің күйін айтып мойындапты. Ал қазір қай редактор солай айта алады? Бүгін билікті мақтауда жеріне жеткізіп жазады да, кейін бағыты басқа басылымға ауысса, одан асқан сыншы, ұлт қайраткері жоқтай болып шыға келеді. Бірақ ондаған жыл сыпыра мақтау арқылы халыққа әкелген кесапатын мойындай алмайды. Сөйтеді де, бәрін заманға жаба салады. Және біз сол сөзі құбылғандарды түк болмағандай кешіре саламыз. Кешіре салу – ұлттық иммунитеттің әлсіздігінен. Ал басқалар ондайды кешірмейді.

ЖЕРШІЛДІК ТЕ, РУШЫЛДЫҚ ТА КЕРІ КЕТУДІҢ КӨРІНІСІ
Ұлтшылдық мемлекеттен қолдау таппаған кезде жабайы күйге түседі. Оның жабайы түрі – жершілдік, рушылдық. Мемлекет пен қоғамды алға сүйрейтін азаматтық ұлтшылдықты мемлекет қолдауы тиіс. Қазір қазақ өз Отанында 70 пайызға жетті. «Біз көпұлтты елміз, көпвекторлы саясат ұстанамыз» деп қашанғы 30 пайыздың ауанына жығыла береміз? Елдегі өзге этностар қазақтың саясында отырғанын түсінетіндей ету, оларға өзін қазақ сезіндіру – мемлекеттік саясаттың ісі. Яғни мемлекеттік ұлтшылдық дамыған кезде тұтас қоғам алға жылжиды. Ал прогресс жоқ жерде регресс, яғни кері кету процесі жүреді. Жершілдік те, рушылдық та сондай кері кетудің көрінісі. Оған кейінгі кездегі қаптаған ұрандарда айтылып жүретін «қыздарымыз орамал тақсын, әйелдеріміз кимешек кисін» дейтін кербаққан ұрандарды да қосыңыз. Өкінішке қарай, бізде алға бастайтын рационалды ой жоқ болғандықтан, әлгіндей кертартпа әрекеттер басымдық алып тұр. Сондықтан мемлекет ешкімді алаламайтын азаматтық ұлтшылдықты қолдау керек. Одан қорқудың керегі жоқ.

ҰЛТШЫЛДЫҚ БІЛІМДІГЕ ҒАНА АРҚА СҮЙЕЙДІ
Қазіргі қазақ ұлтшылдарына көп есік жабық. Мемлекеттік БАҚ-қа шыға алмайды. Сондықтан қазіргі ұлтшылдық индивид тұрғыда дамуы керек деп ойлаймын. Мысалы, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжанның қай-қайсысын алсаңыз да, әрқайсысы бір-бір кесек ірі тұлғалар. 1916 жылы Әлихан Бөкейхан Керенскийге жалғыз өзі барып, 11 миллион қаражат алып, оның 6 миллионын қазақ жеріне қоныстанушы қара шекпенділерге беріп, 5 миллионын үркіншілікке ұшырап, босып кеткен қазақты қайта қоныстандыруға жұмсайды. Амалсыз уақытша үкімет талабына мойынсұнады. Бірақ 5 миллионға шекара асып, тоналып қайта оралған мыңдарды құтқарып алады. Міне, тұлғалық қасиет. Ал қазір қандай да бір мәселе бола қалса, топтасып ашық хат жазады. Артынан қойған қолынан бас тарту әрекеттері көп болып жатады. Кеңес кезінде қолданылған тобырлық саясаттың сарқыншағы осы болса керек. Сол үшінде әр қазақтың индивид болғанын қалар едім. Әр қазақ білімді болуға ұмтылғаны ләзім. Демек, ендігі жердегі қазақ ұлтшылдығының ұраны ғылым-білімге ұмтылыс болуы керек. Азаматтық ұлтшылдықтың басты талабы да сол – терең білімді, әр нәрсені терең сараптап ойлай алатын, ашық пікірлі адамды қажет етеді.

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті