1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Астана АЛАШТЫ неге жақтырмайды?

Өткен аптада Семейде ел асыға күткен Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханның ескерткіші ашылды. Қала халқы үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін шексіз қуаныш сыйлаған айтулы оқиғаның тарихи мән-маңызы туралы тәптіштемей-ақ қоялық. Ең бастысы, Әлихан ескерткішінің қала орталығында асқақтап тұратыны семейліктердің дәл осы күнгі қуанышының бастысы болды деуге әбден болады.

Тіпті тұп-тура бір ғасыр бұрын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында баяндалған әсерден кем болған жоқ. Яғни сол мақалада мынадай жолдар бар еді ғой: «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушы еді...»
Сонымен, Ленин көшесіндегі арбатқа лық толған халық осындай әсерде тұрғанымен, көңілге кірбің түсірген жайлар біртіндеп көлденеңдей бастады. О баста ескерткіштің ашылуына мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысатыны жайлы ақпараттың жай ғана қауесет екені белгілі болды. Мемлекеттік хатшы түгіл, мәдениет және спорт министрлігінен бірде-бір өкілдің төбесі көрінген жоқ. Жай уақытта президенттің «рухани жаңғыру» мақаласында айтылған жайларды жамылып, өңірлердегі ұсақ-түйек нысандардың ашылуына дейін Астанадан ат жарыстырып жететін үкімет өкілдерінің бұл жолы не себепті бұқпантайлап шыға алмай қалғанын бір Алла біледі. Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын министрліктің Алаш арысы Әлиханға деген көзқарасы осындай болған соң, өңірлердегі ұлықтардың құлқы қайдан болсын? Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейге екі күн бұрын ғана келіп-кеткендігін желеу етсе керек, қатысуды орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа жүктей салып, Аякөзге аттанып кетіпті.
Хош, сонымен, ғалым-академик Ғарифолла Есім, «Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз алды, тарихи оқиғаның куәгері болғанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов та қағазға қарамай сөйлеп, Алаш қозғалысы туралы білетін жайларымен бөлісті. Ал Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің қағазға қарап ежіктеп тұрғаны «қоянның өзін көріп қалжасынан түңіл» деген мәтелді еске түсірді. Яғни Алаш қайраткерлері қазақтың елдік жайын талқылап, алғаш рет бас қосқан Семей әкімінің қазақшасы әлі күнге дейін жазып бергенді оқи алатын деңгейден арылмағаны көрініп тұрды. Әйтпесе «Алаш қыраны тұғырына қонған күн» деген тебіреністі сөзді алдын ала жаттап келіп, халыққа қарап айтудың қаншалықты қиындығы бар еді?! Қат-қабат шаруадан қолы тимей, асыға жетті дейтін емес, демалыстан келген беті. Жұмысқа шығысымен Әлихан ескерткішінің алдынан табылған қала басшысының ұлт тұлғасына деген мұндай «құрметіне» түсіністікпен қараған жұртшылық қысыла-қымтырыла қол соғып тұрды...
Көзге анық байқалған бір жайт – ескерткіштің ашылу салтанатына орай ешбір алаштанушы ғалымның шақырылмағаны. Әлихан Бөкейханның өмір жолын, ұлт үшін атқарған қызметін зерттеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген білікті ғалым, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлының Семейге әдейілеп келгенін жергілікті шенеуніктер көргенімен, көзге ілген жоқ. Әлде аты алыс-жақын елдерге белгілі әлихантанушыны танымай қалды ма екен, кім білсін?.. Ал көпшілік қуана қабылдаған Алаш қайраткерінің ескерткішіне ғалым өзінің көңілі толмайтынын жасырған жоқ.
– Бірден айтайын, бұл ескерткіш белгілі алаштанушы ғалымдарымыздың ешқайсымен ақылдаспай жасалған. Ашылу салтанатында Мәмбет Қойгелді, Дихан Қамзабекұлындай ірі ғалымдар сөз алып, осы ортадан табылса, тарихи оқиғаның мәні арта түсетін еді ғой. Олардың көрінбегеніне қарап шақырылмағанын ұқтым. Өз басым Семейде Әлиханға ескерткіш ашылатынын Прагада жүріп естідім де, кеше ұшып келдім. Ал ескерткіште Әлихан образы мүлдем ашылмаған. Ұлт қайраткері болған тұлғаның сол қолын шалбарының қалтасына салып, оң қолына асық ұстап төмен қарап тұрғаны қалай?! Әлиханға тән айбат қайда, рух қайда?! Ескерткішті жасағанда Әлихан дәуіріндегі қазақ интеллигенттерінің қалай киінгеніне де назар аударылмаған. Белдігі мен галстугы – бүгінгі күннің үлгісі. Бұл жерде Әлихан емес, құдды бір шенеунік қарап тұрғандай... Өз басым Әлекеңнің ұлт қамын ойлаған бейнесін ашатын сан түрлі қырын бұл тас мүсіннен байқай алмадым.
Еліміз бойынша Семейде тұңғыш рет ашылған Әлихан ескерткішіне үкіметтен бір өкілдің келмегенін қалай түсінуге болады?
Негізі, атқарушы билік тарапынан Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін атқарған қызметін, тарихтағы орнын насихаттауда бір шектеудің барын жасырудың қажеті жоқ. Былтыр Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді әлем мойындап отырғанда ел үкіметінің жетім қыздың тойынан арман өткізіп бергенін бәріміз жақсы білеміз. Обалы қане, Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер болып тұрғанда Алаш автономиясының 100 жылдығын ел көлемінде жоғары дайындықпен өткізу туралы ұсыныс айтқаны сол – артынша Ресейге елші болып аттанып кете барды. Ал бүгінгі шараға үкімет мүшесі тұрмақ, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де келмеді ғой. Өңірлік деңгейде бірдеңе өтіп жатқандай орынбасарын жібере салғаны да оның Алаш арыстарына көзқарасы қандай екендігін көрсетіп тұр. Бұл шындап келгенде жай ғана көз алдау дер едім. Тағы бір айтатын мәселе, Алаштың 100 жылдығы тақырыбында өтетін ғылыми-конференцияда баяндама жасаушылардың арасында да бірде-бір алаштанушы ғалымдарымыз жоқ. Бұл конференцияда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымы Алаш тақырыбында баяндама жасауының қандай қисыны барын өзім де түсінбей далмын. Маған сөз бермеді деп қынжылып отырғаным жоқ. Тағы да қайталап айтайын, Мәмбет Қойгелді, Дихан Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбай секілді ғалымдарымыздың бұл салада ұшан-теңіз зерттеулер жасап жүргенін біле тұра, оларды шақыру қажеттігін қаперіне алмағанына қарап-ақ биліктегілердің Алаштың қадір-қасиетіне немкетті қарайтынын көруге болады. Кеңестік отаршылдық көзқарастың шеңберінен шыға алмайтын шенеуніктердің бергі буынының өзі комсомол қатарынан шыққандар. Қанша тырысса да, Алаш қайраткерлерінің ісін, қазақты жұрт етудегі істерін жете сезіне алмайды. Шын мәнінде ұлттық құндылығымызды ұғынуға шақыратын «рухани жаңғырудың» негізгі бағыттарының бір бастауы осы Алаш қайраткерлерін ардақтау болатын. Өкінішке қарай, атқамінерлер кешегі арыстар мен бүгінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің сиқы осы болып тұр.
Қынжылысын осылайша жеткізген әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлының бұл сыны өте орынды. Жергілікті шенеуніктер «өз аулаларында» ғана атап өтуді жөн көрген Әлихан ескерткішінің ашылу салтанатының жайы осындай болды. Десе де, жоғары жақтың түпкілікті көзқарасынан бейхабар қала тұрғындары үшін осының өзі үлкен жеңіс, зор олжа іспетті көрініп, таласа-тармаса ескерткіш алдында суретке түсіп жатты. Ал орыстілді «Семейайнасы.кз» сайты тәулік ағымында «Почем памятники народа?» атты мақала жариялап (авторы Ирен Ли) үлгеріп, онда абайтанушы Қайым Мұхамедханұлына, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханға ескерткіш қою үшін қала бюджеті 79 млн теңге шамасында қаржы шашқанына «алаңдаушылық» білдіріпті. Тіпті кішкентай қалаға мұндай ескерткіштер қоюды «артық шығын» санап, ар жағындағы ұлт құндылығын мойындамайтын отаршылдық пиғылын жасырмай, тарихи ақиқатты бұрмалап баяндаған Ирен Лидің арандатушылығы да көзге ұрып тұр. Жаңа жыл сайын мұз қалашық салып, миллиондаған қаржыға жасыл шырша сатып әкелуді шығын санамайтын әкімдіктің әрекетін қаперіне алмай, тарихи-мәдени сілкініс тудырған ескерткіш тұрғызудың маңызын түсінбегенін, әрине, «ит үреді, керуен көшеді» деп қарай салғанымыз жөн болар.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті