1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Жемқорлар неге жол жөндеуге құмар?

Бүгінгі қоғамның қатерлі ісігі сыбайлас жемқорлық болып тұр. Күрескен сайын жетібасты айдаһардай бой бермейтін түрі бар. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жанындағы экономикалық зерттеулер қызметі «соңғы жарты жыл ішінде республика бойынша 150 млрд теңге жымқырылған» деген деректі алға тартады.
«Ерте оянған ел» деген атау алған Қытайда сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандарды ату жазасына кеседі екен. Себебі сыбайлас жемқорлық бар жерде өсіп-өркендеу жоқ. Мұндай заң қабылдансын деген ойдан аулақпыз, әрине, тек Қытайдың бұл кеселмен күресте ештеңеден аянбайтынына таңғаламыз. Біздің мемлекет мұндай ауыр жазаға бармаса да, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейте түссе дейсің. Мәселен, бізде қомақты қаржымен ұсталғандардың бірлі-жарымы айыппұлын төлеп, керісінше, ұсақ парақорлықпен ұсталғандар ауыр жаза арқалап жатады. Жуырда Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің Қарағанды облысының қазынашылық департаментінің төрағасы Асқар Нұрпейісов қарамағындағылардан 150 мың теңге жинағаны үшін төрт жылға сотталса, Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты ауыл әкімі 30 мың теңге пара алғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Вадим Магамадов 200 мың теңге пара алғаны үшін төрт жылға абақтыға жабылды. Қандай сома болсын жемқорлықтың аты – жемқорлық. Дегенмен миллиондап жеген шенеуніктер жеңіл жазамен сытылып кетеді. Бәлкім, біздің сот әділ емес пе деп те қаласың. Мәселен, Еуропа елдерінде ең әділетті орган – сот. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген осы емес пе?
Жуырда Қарағанды қаласында «17 млн теңге көлемінде пара алды» деген күдікпен республикалық «Қазақавтожол» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Ғаділ Мұқанов пен оның орынбасары Ержан Отаровты құрықтады. Мәселе былай болған екен. «Қазақавтожолдың» Қарағанды облыстық филиалы Қызылорда-Қарағанды-Павлодар бағытындағы тас жолының жөндеу жұмысын «Ақжол ДС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырған болатын. Алайда бұл мердігерлік кәсіпорын тас жолдың жұмысын шала орындаса керек, олқылықтарға көз жұмып, еш кедергісіз тапсырылған жұмысқа қол қойғызу үшін Ержан Отаровқа «Ақ Жол» ЖШС қызметкерлері М.Ыбышев және Б.Жақпаров 17 млн теңге көлемінде ақша ұсынады. Алайда «Ақ жол ДС» фирмасының бұл ретте жолы ақ болмай қалған сыңайлы. 15 минут өтер-өтпестен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен директордың орынбасарын қылмыс үстінде қолға түсірді. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» керін келтірген Ержан Отаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу ісінің жетекшісі Ысқақовтың ақшаның қайдан келгені туралы сұрағына «Ақшаны маған емес, филиал директоры Мұқанов Ғаділге берсін деп тапсырған, мен тек ақшаны сақтаушымын» деп ақталмақшы болады. Алайда келісімшартқа қол қоюға филиал директоры мен орынбасары уәде берген екен. Қылмысының үстінен ұсталып отырған филиал басшылары алдағы сот отырысында не айтар екен? Әзірге Ғаділ Мұқанов, Ержан Отаров және сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен «Ақ жол ДС» ЖШС қызметкерлері М.Ыбышев пен Б.Жақпаров Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша уақытша оқшаулау қамағына алынды.
Қазіргі таңда филиал кеңсесі жабық күйде. Ал «Қазақавтожол» Қарағанды филиалының қалған қызметкерлері біздің қойған сұрақтарға қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Жалпы алғанда, «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» деген, жол жөндеу жұмысы көптеген ірі-ірі шенеуніктердің құлқынын құртып, ұятқа қалдырды. Бұған дейін де «Қазақавтожолдың» бірнеше облыстағы басшылары парамен ұсталып, істі болған-ды. Соған жол жөндеуді жемқорлар оңай олжа көретін сықылды.
Жуырда ғана облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағанды облысы көшелері жолының жөндеу жұмыстарына көңілі толмағанын айтып, Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов пен орталық көшенің жөндеу жұмысын әлі бастамаған Балқаш қаласының әкіміне сөгіс жариялаған болатын. Бөлінген қыруар қаржы ақталмай, шұрық-тесік жолдар үстірт жөнделген еді. Иә, Қарағанды жауапсыз мердігерлерге тойып-ақ бітті. Кеше ғана Қарағанды қаласының мектеп директорлары мердігерлердің жұмысына наразы болып сотқа шағымданған. Мектептердің қайта жөндеу жұмыстарын межелі уақытында аяқтамаған болатын. Оған дәлел Саран қаласының №1 мектеп ұжымы мен Қарағанды қаласының №3 өнер мектебі. Қазбалай берсек, сыбайлас жемқорлық салдарынан болған осындай олқылықтар облыс орталығында да жетіп-артылады.
Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді. Тек құрықталған жемқорларға қатысты сот үкімі әділ шықса дейміз.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
Қарағанды

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 26 қыркүйек 2017 14:41
Әділ шықпайды.Өйткені"Заң"бойынша "мемлекетке келген шығын қайтарылса"деп алып "сиырқұйымшақтанатын"бап бар.Олар"мемлекетке келген шығынды"төлейді.Сосын 17 млн.теңгені прокурор,сотына береді.Болды."Шартты жазаға"ілінеді.Сосын қайтадан"мердігер","мердігерлерге басшы"т.с.с.Егер ҚАЗАҚСТАНДА қылмысты тоқтатқың келсе,"тендер,мердігер"деген АЛАЯҚТЫҚТЫ тоқтатып,мемлекеттің дүниесін түгелдеуді,жөндеуді мемлекетке жүкте.Ақша да игеріледі,жұмыс та болады.Өйткені біткен жұмысты мемлекеттің өзі қабылдайды.
Г апай | 27 қыркүйек 2017 20:12
Дұрыс айтасың Төлеген.Тендер, медігер деген болмау керек.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті