1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
Фрейд жаңылысы немесе депутатты кім түзейді?

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін

«Сұрағанға – тілеген, іздегенге – сұраған»: билікті атарға оқ таба алмай жүрген біраз адамға ауыл жастарына қараптан-қарап тіл тигізген депутат Владимир Божко мықты себеп тауып берді. Бірнеше күн әлеуметтік желі, баспасөз ұлардай шулап, қоғамдық пікір қайнап жатты. Қазіргі «модный» сөзге салып трендшілесек (өзекті мәселе, үрдісте), әшейінде көзге түсе бермейтін бұл депутат аптаның басты ньюсмейкеріне айналды.
Бүгінде ол дау біршама басылған сияқты. Бірақ бір еврей анекдотына салсақ, «жоғалған қасықтар табылғанымен, көңілде қаяу қалды емес пе?!»
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп, Божко сияқты басқа да депутаттарға (шенділерге) жұрт алдында сөз бастау өнерін меңгеру керектігі туралы ақыл айтып, «айтылған сөз атылған оқпен тең» екендігін тағы да бір естеріне салуға болар еді.
Бірақ, меніңше, мәселе тек қана бір депутаттың абайсызда (әлде әдейі ме?) айтып қалған сөзінде емес.
Мәселе – ауыл жастарына деген жалпымемлекеттік саясатта. Нақтылап айтсақ, ондай саясаттың жоқтығында.
Фрейд деген атақты психиатр болған. Соған қатысты кең тараған бір идиома бар. Кей адамдар ойында бар, бірақ басқалардан жасырып жүрген жайтты басқа жерде аңдамай айтып қалады, сөйтіп, жұрт оның ойлағанын біліп қояды. Ондай феноменді ғалымдар «Фрейд жаңылысы» деп атайды.
Божко деген мырза «сау сиырдың боғы емес», кезінде ҰҚК мен төтенше жағдайлар министрлігін басқарған, мәжіліс төрағасының дырдай бір орынбасары, басқаша айтқанда, билеуші топтың қақ ортасында алшаң басып жүрген тұлға. Яғни елдегі ахуалды, әртүрлі әлеуметтік топтарды талқылаған ішкі әңгімелерге тікелей араласып жүрген дәу шенеунік.
Бәлкім, өзара әңгіме барысында біздің бастықсымақтар «ауыл жастарын шынымен де қаладан аулақ ұстау керек» деп айтып жүрген болар? Өйткені ауылдағылар мегаполистерге көптеп келе бастаса, билік үшін мегапроблемалар басталады ғой: оларға жұмыс пен жатақхана, жер керек. Өз басым ондай жорамалды тіпті де жоққа шығара алмаймын. Олай болса, биліктің лексиконындағы терминдерді пайдаланып, ішкі әрі түпкі ойын жария етіп жіберген Божконың не айыбы бар десеңізші?!
Мәселенің қоғамдық-саяси астары тағы бар: ауылдағы жұпыны тірлік кешіп өскен жастар қаладағы жастардың («мажорлардың», яғни сол бастықтардың еріншек ұлдары мен еркетотай қыздарының) қалай өмір сүріп жатқанын өз көзімен көреді. Ауыл жақта әкесінен қалған ескі-құсқы «Жигулиді» місе тұтып келген жігіт «Мазератти» мінген байдың баласының қала көшелерімен ойқастап жүргенін, полиция дегенді ұрмайтынын көргенде не ойламақ?
Әлеуметтік наразылықтың, ашу-ызаның қайнар көзі нақ осы емес пе?!
Осындай салыстырулардан кейін ұл-қыздарымыз Конституциядағы «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деген тұжырымға қалайша сенеді?
Әрине, нарықтың аты – нарық, ондай экономика тұсында бай мен кедей болады. Бірақ осыншама жерасты байлыққа ие болған мемлекет өз жастарына әлеуметтік жағдайдың ең аз болса да деңгейін қамтамасыз ете алады емес пе?! Оны сауатты ауыл жастары білмейді емес, біледі! Сондықтан да өздерінің әлеуметтік, экономикалық құқықтары жайында ашық талап ете бастайды.
Бәлкім, Божко сияқтылар «тепсе темір үзетін, жас қолында күзетім» ауыл жастарының дәл осындай, шектеуге көнбейтін белсенділігінен қорқып отырған болар? Сол себепті оларды қалаға жолатқысы жоқ болар? Депутаттың дау-дамай туғызып, дүйім жұртты дүрліктіріп жіберген сөзі де мәжілісте атышулы «Әбу-Даби Плаза» орталығының құрылысындағы қақтығысын талқылау кезінде айтылып қалды ғой.
Екінші жағынан, өз сөзінде депутат шынымен жастардың тұрғылықты жері мен қаладағы жан ауыртар жағдайына, түңілерліктей тұрмысына алаңдаушылық білдіріп, ойсыраған олқылықтар туралы айтады.
Олай болса, «билікшіл депутаттың өзі мойындаған осы әділетсіздіктің бәріне кім кінәлі?» деген де ащы сұрақ туады емес пе?! Соның ішінде талай жыл бойына өзі белді мүшесі болып келе жатқан, жастармен тек қана жасанды да жағымпаз жиналыстарда кездесіп жүрген «Нұр Отан» партиясы мен оның басшыларын неге атамайды?
Жасыратын несі бар: қазіргі ауыл жастары «сорлының зары арлыға кездескейдің» күйін кешіп, өзін өз Отаны өзекке тепкен, «екінші сорттағы» адам сезінеді. Сондықтан да өздеріне қатысты айтылған кез келген орынсыз, екіұшты пікірге ерекше ыждағаттылықпен, күмән мен күдік қосылған сенімсіздікпен құлақ түреді. Сондықтан да Божконың мына сөзі соншама толқу туғызып, оның арты саяси салдарға ұласа жаздады.
Жә, депутаттар үшін арнайы тренингтер өткізіп, «Өнер алды – қызыл тіл» – қолдан болса да шешен жасармыз. Майын тамызып, мақалдатып, мәтелдетіп, Жиреншедей жүйрік сөйлемесе де, екі сөздің басын құрап, өз ойын елге жеткізе алатындай болар.
Жә, сөздерін түзерміз.
Бірақ олардың өздерін кім түзейді?!
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 28 қыркүйек 2017 15:18
Шындығында ҚАЗАҚ тілді жастар Ел басқаруға,экономикалық,саяси,әлеуметтік мәселелерді шешуге қатыстырылады ма,үйретіледі ме? деген сұрақтар өзегіңді өртейді.Өйткені билік ҚАЗАҚИ жастар үшін ешнәрсе жасамайды."Кемеңгердің"билігі"әкең мал бақса мал бақ,ауылда тусаң ауылда өл","шенеуніктің баласы шенеунік,қалада туса қалада өледі"деп"БЕКІТКЕН".Биліктің мақсаты ҚАЗАҚ жастарын"үштілділікпен"есеңгіретіп қалаға жолатпау.Әжептеуір білім ордасы Түрік-Қазақ лицейін жабу,ҚАЗАҚИ жастарды мәңгүрттендіру!
Төре | 28 қыркүйек 2017 17:45
Жұйе түзелмей Божко - депудаттар түзелмейді. Жүйе түзелсе ертең олар басқаша сайрап шығады. Заманың түлкі болса, Тазыларда ...
Шынибек Кушалиев | 30 қыркүйек 2017 04:26
Божкоға неге шүйліктіңіздер? Ол дұрыс айтады. Қала қала, - деп ауылды жетімсіретуге мүлдем болмайды. Ауыл қазақтың түп тамыры, рухани бесігі. Ауылға ғаламтор жеткізу қиын емес. 60 000 теңгеге ғаламтор мен спутникті теледидарды жеткізіп беремін, - деп жұлқынып тұрған фирмалар пішен. Жақында Сирия босқындарының айдалада, шатырда күн энергиясы арқылы ғаламторда отырғанын көрдім. Қәзір қала жастары да үйден шықпай ғаламторда отырады. Ал ауыл әкімдерінің жалақысы сол ауылда ашылған шаруашылықтардың с
Шынибек Кушалиев | 30 қыркүйек 2017 04:30
анына тәуелді болатын болса, ауыл өзін - өзі асырар еді. Ауылдағы шаруашылық тек қой соңында жүру емес. Жер судың ыңғайына байланысты әртүрлі шаруамен айналысуға болады. Ол іспен қазақтар айналыспағанда Божколар айналыса ма? Біздің Атырау қаласында орыстардың саны 5% қана. Соларды жібереиік ауылға? Латын әрпіне көшеміз, - деп ақшаны босқа шашқанша ауылға ғаламтор жеткізіп, жастарды ауылға тарту қажет. Кітапханасында латын тілінде бір кітабы жоқ ел бола ма? Біздің бүгінгі дәуіріміз - жемқорлықтың
Шынибек Кушалиев | 30 қыркүйек 2017 04:35
шырқау шегіне жеткен уақыты. Сот пен прокуратураны халық сайламай бұл деріттен арыла алмаймыз. Жемқорлық пен парақорлық дерті қазақтың қанына сіңген ауру, өйткені іштен туғаннан соны дәріптейміз. Жемқорлық - сатқындыққа тең. Сатқын елдің болашағы жоқ.
Б.Шаяхметұлы | 30 қыркүйек 2017 17:17
Дөп басып, айттың, Төлеген бауырым!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті