1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №79 (16265)   5 қазан, бейсенбі 2017
5 қазан 2017
Ақбикештің мұңын кім тыңдайды?

«Созақ – біріншіден, қария; екіншіден, мінез; үшіншіден, өнер». Белгілі сөз шебері Асқар Сүлейменов өзінің туған жері, шежірелі Созақ туралы осылай деп айтқан екен. Шынында, Созақтың тұла бойы сырға, құпия, жұмбаққа толы. Мұнда әрбір төбенің өз тарихы бар. Ауыл аттарының барлығы дерлік сол жер атауларына байланысты қойылған. Соның бірі – аудан орталығынан жырақта жатқан Ақсүмбе ауылының төбесінен төніп тұрған Ақбикеш арудың мұнарасы.

Ақбикеш ару дегеніміз кім? Әрине, әулиелі Ақсүмбе ауылының көркін ашып, қадір-қасиетін танытып, ару қыздың әдемі сәукелесіндей сән-салтанат құрып тұрған періштелі Ақбикештің орны бөлек. Ақбикеш мұнарасының тарихы тым тереңде жатыр. Ақсүмбе өзенінің батыс жағында, биік таудың басында қаншама ғасырлар бойы еңсесін түсірмей тұрған ескерткіш жөнінде тарихшы Шараф-әд-Дин әл-Жүздінің «Зәфәрнәма» («Жеңіс кітабы») кітабында, сондай-ақ атақты қолбасшы Әмір Темірдің 1389-1390 жылдар шамасында әйгілі Тоқтамыс ханға қарсы жүргізген жорықтарын сипаттағанда кең-байтақ Дешті Қыпшақ даласын мұқият түрде биіктен қарап, бақылап отыру үшін қарт Қаратаудың биік шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылатын құнды деректер бар. Ақбикеш туралы айтар болсақ, ел ішінде ғашықтықтың, махаббаттың құрбаны болған ару қыздың аянышты тағдырын баяндайтын аңыздар да аз емес. Соның бірі батыр қыздың қанды жорықта садақтың оғынан қаза тапқаны, осы төңірекке жерленгені туралы баяндайды. Тіпті Ақсүмбе батыр мен Ақбикеш ару бір-біріне ғашық жандар болған деген де аңыз бар. Кім білген... Бірақ мұнараның ішіне кіріп, өрмелей көтерілетін есігінен, бірі батысқа, екіншісі солтүстік шығысқа қарата салынған екі ойық-тесік бұл ескерткіштің қазақ даласындағы сан соғыстың салдарынан қауіпсіздік шарасына лайықтап салынған қарауыл мұнарасы дегенге көбірек саяды. Қалай дегенде де композициясы өзгеше, биік шыңның басында қам кесектен тұрғызылып, сол орта ғасырлардан, кей деректер бойынша ХІІІ ғасырдан бері сақталып келе жатқан бұл сәулет өнерінің ғажайып ескерткіші біздің ел үшін ең қымбат, баға жетпес асыл мұра екені анық.
Ақсүмбе – Алаш арыстарының бірі Сұлтанбек Қожановтың туған ауылы. Бұл ауылдың сол 1994 жылы Алаш арысының 100 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлаған кезде бір дүрілдеп аты шыққан. Одан кейінгі тып-тыныш жатқан ауыл өмірін селт еткізген оқиғаның бірі – 2004 жылы тікелей эфир кезінде ауылдың бір азаматының президент Н.Назарбаевты Ақсүмбеге қонаққа шақыруы болды. Айтпақшы, қайбір жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ойда-жоқта ауылға келуі де ақсүмбеліктер үшін үлкен оқиға болғаны рас. Күздің кезі болуы керек... Түс қайта ауыл маңына жер-дүниені дүрілдетіп бір тікұшақ қонады. Ішінен күлімсіреп Бердібек Сапарбаев түседі. Ауыл аң-таң. Ойбай-ау, бұл жаққа облыс түгіл, аудан басшыларының өзі сирек ат басын бұрады ғой. Облыс басшысы үлкенмен де, кішімен де қол беріп амандасып, ауыл-аймақтың жағдайын, одан Ақбикештің мұнарасы туралы сұрап, сол төбеге барғысы келетінін айтады. Ауылда қайбір жөні түзу көлік болсын. Ескі бір «Волга» бар екен. Ұялса да соны алып келеді. «Ойпырмай, «ұлық болсаң, кішік бол» деген, Сапарбаев тым қарапайым екен. Шенеунікпін деп шікірейместен ескі «Волгаға» отырып, Ақбикешке тәу етіп келді» деп, сол оқиғаны ақсүмбеліктер бүгінде жыр қып айтады.
Одан бері де талай жыл өтті. Ақсүмбе аман, Ақбикеш биігінде тұр. Бірақ уақыт өз дегенін істейді екен. Бүгінде жауған жаңбырдан, соққан желден Ақбикештің мұнарасы тіптен аласарып барады. Төбесі ойылып, мұнараның түбі мүжіле бастапты. Егер дәл қазірден бастап қамқорлыққа алмаса, көне жәдігердің көпке шыдамайтыны анық. Сонау ХІІІ ғасырдан аман жеткен мұнара техникасы дамыған ХХІ ғасырда жермен-жексен болып жоқ боп кетудің аз-ақ алдында тұр.
– Тарих парағына көз жүгіртсек, Х-ХV ғасырларда өмір сүрген көне қала Ақсүмбенің құпиясы көп, өткен ғасырдың ортасында, яғни 1946-47 жылдары академик Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедиция аз-кем зерттегеннен, яғни барлау жұмысын жүргізгеннен кейін бұл көне кенттің орнын зерттеу ұмыт қалып келе жатқаны өкінішті-ақ, – дейді филология ғылымының кандидаты, доцент Нариман Нұрпейісов. – Биылдан бастап еліміздегі қасиетті жерлердің картасы жасала бастағаны белгілі. Ақбикеш те оңтүстік өңір бойынша осы тізімге енген 102 қасиетті жердің қатарынан табылды. Бірақ аймақтық маңызы бар деген статус берілді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ақбикеш жалпыұлттық маңызы бар ескерткіш емес пе? Қазіргі жағдайы тіптен мүшкіл. Жауын-шашыннан лай қабырғалар мүжіліп құлап жатыр. Сонда да Ақбикешке адамдар жиі келіп тұрады. Құдай ұрып, бір күні лай қабырға зиярат етіп келгендердің үстіне құлап кете ме деген де қаупім бар. Рас, Ақбикеш кесенесі атындағы қор құрылған. 2 миллион теңге жиналды. Бірақ бұдан мұнараның жағдайы жақсарып кеткен жоқ. Қайбір жылы Ақбикеш мұнарасын жөндеуге қаралған қаржы Сарыағаш жақтағы су тасқынынан зардап шеккендерге бөлініп кетіп, ауылдағылар «ел аман, жұрт тыныш болса, тағы қаржы бөлінер» деп сабыр қылған еді. Содан кейін жым-жырт. Ауыл азаматтары көмек сұрап президентке дейін хат жазды. Барлық хат айналып Созақ аудандық әкімдігіне келеді де, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қозғаусыз қалады. Шет мемлекеттер жоқтан барды құрастырып, тарихи жәдігерлерді қолдан жасап отыр. Ал біз бар тарихтың өзін қараусыз қалдырып, құлатып жатырмыз.
Иә, сәулет өнерінің осы бір ғажайып ескерткіші құрып кетудің аз-ақ алдында тұр, бұл кәдімгі тура мағынасындағы әңгіме, жай байбалам салып, жұрттың назарын аудару үшін айтылған сөз емес. Жеті ғасырға жуық уақыт құз басында қорғансыз тұрған ескерткіштің тағдыр-талайы қыл үстінде тұр. Қаншама зұлматты көрсе де, аман қалған елінің енді келіп тәуелсіздік туын желбіреткен тұсында осындай асыл мұрасының жоғалып кетуге жақын тұруы тым өкінішті. Шынында, 2007 жылы дәл осы ескерткішті сақтап қалу үшін 33 миллион теңге қаражат бөлінген екен, бірақ ол қаражат Ақбикеш мұнарасын қайта жаңғыртуға жұмсалмай, басқа мақсатқа бөлініп кетіпті. Сонымен қатар археолог ғалым Б.Байтанаев та көне Ақсүмбе қаласының орнын зерттеуге 2006-2007 жылдары біршама әрекет жасаған. Ақсүмбеліктер ғалымды Ақбикешті құтқарып қалатын періштедей күтті, барын алдына тосты, бірақ үміт ақталмай тұр. Жыл өткен сайын Ақбикеш аласарып барады.
Бірде бір тілші атақты археолог Кемел Ақышев ағамызға тосын сұрақ қойып: «Кемел аға, егер Ақсүмбе мұнарасы құласа не болар еді?» – дегенде, ол кісі: «О, шырақтарым, Құдай оны басқа салмасын, онда бүкіл Дешті Қыпшақ даласы құлазып қалады ғой», – деген екен. Міне, енді Дешті Қыпшақ даласы құлазып қалатындай жағдайға жеткелі тұрмыз. Біздің білгеніміз, жақын жылдарда Ақбикештің мұнарасын сақтап, қорғап қалатын ешқандай қаржы бөлінбеген. Яғни Ақбикештің жағдайына алаңдап отырған ешкім жоқ деген сөз. Айдалада, желдің өтінде тұрған лай мұнара мұңын айтып, елдің назарын өзіне аударғысы келді ме, кім білсін, осыдан бес-алты жыл бұрын Ақбикештің жанында адам айтса сенгісіз сұмдық оқиға болыпты. Осы ауылға келген бір топ қонақ бала-шағасымен бір көлікке сығылысып мініп, тік те биік қырдың ұшар басында тұрған мұнараның басына барған ғой. Көлікті тіптен жақын қойған көрінеді. Қайтар кезде бәрі қайтадан сығылысып мініп болған кезде, неден болғанын қайдам, көлік кері жүріп кетіп, бала-шағасымен бәрі биік қырдан етекке аунап бір-ақ түсіпті. Тік қырдан төмен құлдилаған көліктің сау-тамтығы қалмаған. Ақбикеш арудың мұнарасынан аунаған көліктің ішіндегі бір бойжеткен қыз сол жерде тіл тартпай қайтыс болыпты. Ал басқасы дін-аман қалыпты.
Ақсүмбе жұрты Ақбикештің аянышты жағдайы жандарына батып, қайбір жылы өздері-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізбек болған екен. Бірақ құзырлы мекемелер мемлекеттік маңызы бар мұнараға жөндеу немесе басқа әрекеттер жасауға хақылары жоқ екенін және ондай әрекетке барған жағдайда заң алдында жауап беретіндерін шегелеп айтыпты. Ендеше, осы жұмысты жүргізуі тиіс мекемелер неге ай қарап отыр? Шұғыл бір шара қолданып, тарихи ескерткішті сақтап қалу жайында батыл әрекеттер жасауы керек емес пе? Міне, бұл – ақсүмбеліктердің жоғары жаққа айтар аманаты. Ақбикеш мұнарасы – тек Ақсүмбе жұртына тиесілі жәдігер емес, бүкіл қазаққа ортақ мәдени мұра. Ендігі үміт тек мәдениет және спорт министрлігінде болып тұр.

Оралхан ДӘУІТ
Ақсүмбе ауылы
Созақ ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті