1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №79 (16265)   5 қазан, бейсенбі 2017
5 қазан 2017
Мүгедек балаға жатбауыр болмау – имандылықтың белгісі

Мүгедек балаларға орта білім беруді міндеттейтін арнайы бағдарлама мен ұлттық жоспар бекітілгенімен, бұларға қамтылған ерекше балалар саны министрліктің жоспарына сай келмей тұр. Себебі инклюзивті білім беруге тиіс мектептердің көбінде мүгедек балалардың еркін жүріп-тұруына жағдай толық жасалмаған.

Алматы облысының тұрғыны, төрт баланың анасы Раушан 13 жастағы кенже ұлын үйде оқытып жүр. Тағдырдың жазуымен мүгедек болған баласын жеті жасында қатарынан қалдырмауға тырысып, мектепке апарып та көрген.
– Мектепке үйренісе алмадық. Сыныпта оқушы көп, балама мұғалім ерекше көңіл бөле алмады. Қазір үйге тағайындалған мұғалім келіп оқытып жүр. Біраз пәндерді қамтығанымен, кейбірі оқытылмай қалады. Мәселен, денешынықтыру сабағы. Біз тұратын ауданда мүгедек балаларға арналған коррекциялық залдар атауымен жоқ. Қалаға күнде апарып қатынау қиын. Арнаулы интернатқа берейін десек, оның ортасына сіңісу де қиын, – дейді ол.
Елімізде мүгедек балаларды қоғамнан шеттетпеу, олардың құқықтарын қорғау бастамасы 1990 жылдардың соңынан бері айтылып келеді. Мәселен, дамуында кедергі немесе бір мүшесі кем, мүгедектігі бар балаларға қарапайым сыныпта қатарластарымен бірге білім беру жүйесі жайлы 90-жылдары аз айтылған жоқ. 2000 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптаса бастады. Ал инклюзивті білім беру жүйесі 2010 жылы бекітіліп, білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Осы бағдарлама бойынша, мүгедек балаларға еркін жүріп-тұруға жағдай жасалған мектептер саны жалпы білім ошақтарының 70 пайызына жетуі керек.
Білім және ғылым министрлігінің «Жас Алашқа» берген жауабына қарағанда, елімізде ерекше білім беруге зәру мектеп жасындағы балалардың саны 96 мыңнан асады. Бүгінде олардың 33 пайызы ғана инклюзивті білім берумен қамтылған. Министрлік 2020 жылға дейін дені сау бала мен мүгедек бала бірге оқитын инклюзивті білім берумен қамтылған мектеп санын бағдарламаға сәйкес, 70 пайызға жеткізбек.
Алайда министрліктің бұл есебіне күдікпен қарайтындар да баршылық. Мәселен, құқық қорғаушы Айгүл Шәкібаева бұл мәселеде қолдан жасалған деректер көп деп біледі.
– Жалпы білім беру мекемелерінің қатарына денсаулығында кінәраты бар балалар баратын арнаулы мектептер де кіреді. Яғни бала өзі секілді мүгедек балалардың арасында отырады. Бірақ министрлік оларды «жалпы мектепте отыр» деп, инклюзивті білім беру бағдарламасының нәтижесі ретінде көрсетеді. «Мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың 46,7 пайызы оқытылып жатыр» деген дерек осыдан шығады, – дейді маман.
Мамандардың сөзінше, үкімет пен министрліктің мүгедек балаларды қоғамнан шеттетпеуге қатысты жап-жақсы бағдарламасының жүзеге асуына жергілікті жердегі мектеп басшылары жасырын қарсылық көрсетіп келеді. Себебі онсыз да шаруалары қырғын мектеп мұғалімдері мүгедек балаларға айрықша көңіл аударып, бастарын ауыртқылары келмейді.
Мәселен, даун синдромы бар жеті жастағы баласын құқық қорғаушы Айгүл Шәкібаева биыл қаладағы жалпы мектептердің біріне апарып көріпті. Сонда мектеп директоры өздерінің инклюзивті білім беру жүйесіне кіретіндерін ата-анадан жасыруға тырысып, мүгедек баланы арнаулы интернатқа иә болмаса арнаулы мектепке беруге көндіруге тырысқан.
– Мектеп бізді әкімдік пен білім басқармасының табалдырығын тоздырған соң барып бір-ақ қабылдады. Мектеп әкімшілігі маған дейін келген ата-ананың оқып, жазуды үйде жүріп-ақ үйреніп алған психикалық жетілуінде кемістігі бар қызын арнаулы мектепке беруге көндіріпті. Біз тұратын ауданда инклюзивті білім беретін екі-ақ мектеп бар екен. Оның өзінде инклюзивті білім беру бағдарлама емес, пилоттық жоба ретінде ғана іске асады. Халықаралық талаптар бойынша, инклюзивті білім беру бағдарламасын қабылдаған елдерде мүгедек балаларды бөлек оқытатын арнаулы мектептер болмауы тиіс. Ал Қазақстанда ондай мектептердің саны – 98. Ондағы бала саны азаймайды, себебі қарапайым мектепке келген мүгедек балаларды директорлар сонда бағыттайды. Соның әсерінен үкімет «ондай мектептерге сұраныс бар екен» деп оларды жабуға асықпайды. Инклюзивті білім беруді дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі – осы, – дейді құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, бұл кезінде ақ және қара нәсілділерді алалағанмен тең. Дегенмен тек мүгедек балаларға білім беретін арнаулы мектептердің жайы да мәз емес. Миллионнан астам тұрғыны бар Алматының өзінде, сарапшының айтуынша, екі-ақ арнаулы мектеп бар. «Қаланың бір басынан екінші басына кептелекте тұрып, жұмысқа кешікпей жету ата-ана үшін мұң. Қарапайым мектеп шеттетіп, арнаулы мектеп алыста немесе қолайлы болмаған соң, әбден шаршаған ата-ана баласын интернатқа өткізуге мәжбүр. Мүмкіндігі туғаннан шектеулі боп туған бала үшін интернат – әлемнен ажырау, түрмеге түсумен тең», –дейді маман.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар негізінен, айтса айтқандай, түрме сияқты жабық мекемелер қатарына жатады. Оларды белгілі бір рұқсатпен болмаса, жай күндері кіріп бақылау мүмкін емес. Сондықтан онда мүгедек балаларға күтім мен оларды бейімдеу қалай жүріп жатқаны жұмбақ. Интернатты бітіріп шығатын 18-ге толған мүмкіндігі шектеулі балалар көп жағдайда не жаза, не дұрыс оқи алмайтынын, қоғаммен қарым-қатынасқа бейімделмегенін мамандар айтып та жүр.
Оның үстіне интернатты бітірген ерекше балаларға аттестат емес, «сабақтарға тыңдаушы ретінде қатысты» деген анықтама ғана беріледі. Ал мұндай анықтама алған ерекше балалар жоғары оқу орындарына түсуге қиналады. Осының салдарынан мүгедектер амалсыздан мемлекеттің жәрдемақысына өмір сүруге мәжбүр. Ресми дерек бойынша, ондай жандардың саны елдегі мүгедектердің 82,9 пайызына тең. Ерекше балалардың ата-аналары осы сүреңсіз сеңді бұзып, балаларын қатарға қосқысы келеді. Бірақ көп жағдайда олардың бұл бастамасын қоғам дұрыс түсінбей жатады. Мәселен, инклюзивті білім беретін мектептерде «дені сау балам неге мүгедек баламен бірге оқуы тиіс» деп наразылық танытқандар да кездеседі. Бала дүниеге солай келгені үшін кінәлі еместігін көпшілік түсінуге талпынбайды. Яғни ерекше балаларды қоғамнан шеттетпеу үкімет пен олардың ата-аналарының ғана емес, жалпы Қазақстан тұрғындарының таным-түсінігіне байланысты. Бір қызығы, батыс ғалымдарының зерттеуінше, жастайынан мүгедек балалармен араласып өскен дені сау балалар мейлінше мейірімді, қамқор болады. Діни қағидаға салсақ та, ерекше балаға қамқорлықпен қарау имандылықтың белгісі емес пе?!

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті