1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Шым-қала енді Зың-қала...

Кешегі кеңес заманының киносымен есейген жандардың арасында «Али баба және 40 қарақшы» фильмін көрмеген пенде жоқ шығар, сірә... Сол фильмде шаһар басшысы алтын жасырған үңгірдің аузын «Сим-сим» деп ашушы еді... Міне, екі аптадай болды, Шымкент қаласының әкімі әр жиналысын «зың-зың» деп ашып жүр. Иә, «Не шықса да Шымкенттен шығады»... Жақында шырайлы Шым-қаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «зың» еткізіп тілімізге біртүрлі сөз енгізді. Қала күні мерекесінде әкімге «Шымкенттің қандай қала екенін бір ауыз сөзбен қалай айтуға болады?» – деген сұрақ қойылған еді, Ғабидолла Рахматоллаұлы бір сәт ойланып тұрды да: «Шымкент қаласы «зың»...» – деп бір-ақ қайырды. Сол-ақ екен, «зың» деген сөз ел ішін шарлап жүре берді. Әрине, әкімдікі әзіл шығар. Бірақ содан бері екінің бірі «зың-зың» дейді де, күледі, тағы бірі «дың-дың» дейді де, одан бетер күледі. Әйтеуір, соңғы он күннен бері елдің аузынан осы сөз түспеді. Тіпті жастар жағы осы сөзге түрлі-түрлі күлдіргі клиптер түсіріп, ән шығарып та тастады.
Рас, «зың» деген сөз оңтүстікте бұрыннан айтылатын. «Тірлігі «зың» екен», біреуді мақтағысы келсе «зың» жігіт екен» деп жатады. Жақсы, мықты, ерекше деп мақтағандары ғой. Бірақ, біздің білуімізше ,«зың» мен «зың-зыңның» мағыналары бөлек еді. «Зың» сөзінің не мағына беретінін жоғарыда айттық. Оңтүстікте «зың-зың» деген сөзді көбінесе мынандай мағынада айтады: «Зың-зың еткізіп тұмсықтың астынан екі соққы бердім де, мұрнын қанатып тастадым...» деген сияқты... Ал «дың-дың» деген сөзді бұған дейін мүлдем естімеппіз. «Кейінгіні көріп қартаясың» деген, қазіргі жастардың шығармайтыны жоқ, әйтеуір...
Жалпы, Шымкент дегенде бұрын «шырайлы, шуақты» деген тіркестер тілімізге орала кететін. Яғни көк-жасыл желек осынау шуақты қаланың басты символы. Шымкент, шынында, ерекше қала. Былтыр шырайлы қалаға арнайы келген президент Н.Назарбаев та: «Ерекшелігі бар ағайынсыңдар ғой, енді... Мен облысты үш «ш»-мен айтамын. «Шырайлы Шымкент шаһары». «Ш»-ға жақынсыңдар ғой, жандарың...» – деп, оңтүстік жұртының әлдебір ерекшеліктерін жұмбақтап жеткізгендей елді күлкіге көміп кеткен.
Иә, Шымкентті ел еркелетіп «Шым-қала» деуші еді. Енді «Зың-қала» болатын түрі бар. Осыдан кейін Ғабидолла Әбдірахымов тез арада «зың-зың» еткізіп Зың-қала деген атқа лайықты бір «зың» ескерткіш орнатып тастаса дұрыс болар еді. Бірақ «зың» деген сөзге қандай белгі, қандай символ лайық деп ойлайсыз? Қаланың кіреберісіне «Зың» деп бадырайтып жазып қою тағы ыңғайсыз. «Дың» деп жазып қойсақ, ел тағы түсінбейді. Енді қайттік? Бәлкім, қаласы «зың», тірлігі «дың» әкім тағы бір нәрсе ойлап табар...

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Кенжегулов Бекжан | 10 қазан 2017 23:18
Не жаздын жазатын нарсе ма осы манызды нарсе таппадын ба
Қызылордалық Балталы Төлеген | 11 қазан 2017 13:06
Шымкенттіктерді Астанада,солтүстік өңірлерде"южане"деп баяғыдан жақтырмайтын.Мүмкін осы өңірде туғандардың беріп-алып,"істің болатын жағына"жұмыс жасайтындығы ұнамайтын шығар..Бірақ маған Шымкенттіктердің арқасында Астананың ҚАЗАҚИ болуы,солтүстік өңірлердің,тіптен ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЗАҚША сөйлеуіне қосып жатқан орасан зор үлестері ҰНАЙДЫ! МАЛАДЕС осылай барлық тірліктерді "ЗЫҢ" жасай беріңдер!
Асан | 11 қазан 2017 18:29
Оңтүстікте "зың" деген пәле (сумақай сөз) болған емес. Кез келген диалектологиялық сөздіктен оны таппайсыз. "Зың-қала" - "зындан қала" болып шықпай ма? Жалпы жасөспірімдер қолданатын жаргоннан құтылуға шақырамын!
жасик | 12 қазан 2017 12:32
оралхан мақала қылып жазатын нәрсе тапқан екенсің
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті