Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Аманатты арқалатып еді оны көтере алмай адасып жүргенi несi?
“Депутаттық – атақ емес, аманат, аманатты жүрегi таза азамат қана көтере алады. Мен соған сенемiн”. Иә, бұл Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Өмен Байшығашевтiң депутаттықа түсер алдында өз сайлаушыларына ағынан жарылып айтқан сөзi. Тауып айтылған сөз. Тiптi, оқып отырып “алда, азамат-ай, ел үшiн, халықтың қамы үшiн туған ер екен ғой” деп ет-жүрегiңнiң езiлетiнi анық. Жалпы алғанда, “мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық” деген қағиданың қазығы болып тұрған жергiлiктi мәслихаттарға халық үлкен үмiтпен, құрметпен қарайды. Елдiң үмiтi мен сенiмi тоғысқан осынау киелi шаңырақтың мысы басқалардан басым, еңсесi биiк болуы керек, өзге мекемелерге үлгi, өнеге көрсетуi керек. Мәслихатта халық қалаулылары, халықтың сенiмiн арқалаған жандар отыруы тиiс. Десе де “Жас Алаш” газетiнiң Жамбыл облысындағы тiлшiлер қосынына келген мына бiр жандардың айтқан арыздары бiздi бейжай қалдыра алмады. Әрине, қазiргi заманда мәслихаттың хатшысы түгiлi бастықтың алдындағы хатшы қызды айыптаудың өзi оңай тiрлiк емес. Арызға қол қойған азаматтардың әрқайсысымен хабарласып, жеке-жеке сөйлескенiмiзде олардың ең соңғы үмiттерi осы “Жас Алаш” газетi болып отырғанын анық аңғардық. “Жергiлiктi жердегi бiрқатар мекемелерге арыздандық, бiрақ, еш нәтиже шықпады. Газет бетiнде аты-жөнiмiздi жарияламай-ақ қойсаңыздар. Бәрiбiр бiздi Ө.Байшығашев жақсы таниды және кiм екенiн бiрден бiледi, бiз тек көпшiлiкке атымыз жария болмай-ақ қойсын деп отырмыз”, – дедi ол азаматтар. Әрине, әңгiме Тараз қалалық мәслихатындағы келеңсiз тiрлiктер туралы болғандықтан әңгiме негiзiнен мәслихат хатшысы, “атақ емес, аманат арқалаған” Өмен Байшығашев жөнiнде өрбiгенi анық.
“ ... Мен Тараз қалалық мәслихатындағы келеңсiз жағдайларға байланысты 2008 жылдың тамыз айында жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Мәслихат хатшысы Ө.Байшығашев пен аппарат жетекшiсi Р.Рымова өздерiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, қорқытып, қысым көрсеткеннен кейiн кетуiме тура келдi. Р.Рымова “өз еркiңмен кетпесең, әйтеуiр бiр себеп тауып, статьямен шығарып, еңбек кiтапшаңды бүлдiремiн” деп күнде қорқытып отырды. Жұмыстан кетуiн кеттiм-ау, бiрақ Ө.Байшығашев бiразға дейiн соңымнан қалмады. Менiң өткенiмдi қазбалағанша кезiнде өзi директор болған “Бiрлiк” мектепаралық оқу-өндiрiстiк комбинатының қандай жағдайда қалдырғанын есiне түсiрмей ме? Менiң жеке өмiрiме, жұмысыма кедергi жасауға қандай құқы бар? Әлде Байшығашевқа басқа iстейтiн жұмыс қалмаған ба? “Депутат этикасы” ережесiнде: “Депутат өзге де адамдардың ар-ожданына нұқсан келтiретiн, қорлауға, дөрекiлiкке, негiзсiз айыптауға, өз iс-әрекетiмен қоқан-лоққы көрсетуге, қорлау, мұқату жасайтын әрекеттерге жол бермеуi керек” деп жазылған. Бiрақ бұл жолдармен хатшы Ө.Байшығашев жақсылап таныспаған сияқты”.
“...Ру-руға, жiкшiлдiкке бөлiп, “сен кiшi жүзсiң, сендердi құрту керек” деп ашық айтып отырады. Сонда мен кiшi жүз болғаным үшiн кiнәлiмiн бе? Әлде Ө.Байшығашев сияқты руым – ойық болуы керек пе? Руға, жүзге бөлген басшыдан не үмiт, не қайыр? Аппарат жетекшiсi Р.Рымова: “Мен барлығын шешемiн, бәрi менiң қолымда тұр”, – деп үнемi зiлденiп отырады. Егер шынында Рымова мәслихаттың бар мәселесiн шешiп отырса, хатшы Ө.Байшығашевтiң қажетi қанша? Осы ұжымдағы жастарға тәлiм-тәрбие берiп, өнеге көрсетудiң орнына Р.Рымова адамның ар-ожданын таптайтын өсек-аяң таратады, қызметкерлердi бiр-бiрiне қарсы қояды. Ал, оған Байшығашев «қой» деудiң орнына қолдау көрсетедi. Осы кiсiлерге бiр тоқтам болып, тәртiпке шақыруға бола ма? 2008 жылдың 3 қыркүйегi күнi кешкi сағат алтылар шамасында аппарат жетекшiсi Р.Рымова менiң қызметтiк құзiретiме кiрмейтiн тапсырма берiп, “егер орындамасаң ескерту беремiн” деп сұстанды. Сонда “Билайн” картасын сатып алып әкеп беру де менiң мiндетiме жата ма? Рымова қысым көрсеткеннен кейiн шыдай алмай ұжымның алдында жылап жiбердiм. Жалпы алғанда Байшығашев мәслихатты жекеменшiк мекемесi сияқты санайды. Халықтың арқасында осы қызметке қол жеткiзген Байшығашев бiз сияқты қарапайым жандарға зәбiр көрсетiп, жылату үшiн сайланған сияқты”
...Бiздiң бiлгенiмiз, шынында ұжым мүшелерi мәслихат аппаратының жетекшiсi Р.Рымованың мәселесiн қарап, тәртiпке шақырмақ болған екен, бiрақ Ризакүл Тәшiмқызы жиналыстан шығып кетiптi. Одан ұжым мәслихат хатшысына қызметтiк хат жазған. Ол хатта мынандай жолдар бар: “Мәслихат аппаратының жетекшiсi Ризакүл Тәшiмқызы Рымова өзiнiң қызметтiк лауазымына байланысты, ұжымдағы психологиялық-моральдық атмосфераны дұрыс ұстау орнына қызметкерлер арасында келеңсiз әңгiмелер жүргiзiп, оларды бiр-бiрiне қарсы қойып, яғни, қызметтiк этикасының бұзылуына өзi себепкер болып отыр. Ұжым алдында мәслихат хатшысын бiлiмсiз, көргенсiз, заңнан хабары жоқ деп кемсiтiп, абыройын түсiрiп отырады. Дәл осылай болса хатшы бұл қызметке қалай келiп отыр?” Бiрақ, мәслихат хатшысы тарапынан ешқандай шара қолдану болмапты. Сонда “атақ емес, аманат арқалаған” Өмен Байшығашевтiң арманы не? Оған ұжымның бiрлiгi, ынтымағы бiр тиын болғаны ма? Әлде оған ұжымды осылайша алауыз күйде, үнемi қорқыныш-үрейде ұстау тиiмдi ме? Қалай айтсақ та Байшығашев қол астындағы 5-6 адамның басын бiрiктiре алмаса, өзiне дауыс берген халықтың аманатын қалай арқалайды?
Тараз қалалық мәслихатының тексеру комиссиясының жұмысын жүргiзуге штаттан тыс 2 маман алуға бюджеттен арнайы қаржы бөлiнген. Алайда, Байшығашев мамандарды да негiзсiз жиi-жиi ауыстырып, сапырылыстырып жiберген көрiнедi. Ал кейбiр мамандармен небәрi 2 айлық келiсiмшартқа отырыпты. Бұл әдiс қазiргi заманда қаншалықты заңды екенiн қайдам, бiрақ мұндай шартпен қандай маман жұмысын еркiн әрi батыл түрде атқара алады? Негiзi iс-тәжiрибеден ойдағыдай өткен маманға мүмкiндiк берiп, келiсiмшартты ең кемi 6 ай, 1 жылға дейiн созу керек емес пе? Келiсiмшарттың келте болуы салдарынан кейбiр мамандар тексерiп отырған iстерiн толық аяқтай алмай, орта жолдан тастап кетуге мәжбүр болған. Сосын мәслихат хатшысы кейбiр мамандардың келiсiмшартына жұмысқа қабылданған күннiң мерзiмiн көрсеткенмен, келiсiмшарт қай мерзiмге дейiн созылғанын көрсетпейдi екен. Мысалға Қ.Жұманбеков пен Ғ.Қарамырзаевтың келiсiмшартында жұмысқа қабылданған күн қойылған да, келiсiмшарт қай күнге дейiн созылған мерзiмi қойылмаған. Бұл Байшығашев мырзаның ерiккен күнi келiсiмшартқа кез келген датаны қойып, “ал, бала келiсiмшартыңның мерзiмi бiттi, жұмысыңды тапсыр” деп мамандарды қысып ұстауға таптырмайтын әдiс екенi айдан анық. Қайта-қайта ауыстыра бергеннен кейiн қазiр тексеру жұмысына тәжiрибелi, бiлiктi мамандардың келуi тiптен қиын. Мәслихатта ревизор-маман қалмағандықтан соңғы айларда тексеру комиссиясының жұмысы тоқтап, жұмыс жоспары орындалмай қалған. Ендеше, бүкiл жұмысты қаңтарып қойғандағы Байшығашевтiң арманы не? Қазiр Жамбыл облысында “Жол картасы” бағдарламасынан үлкен шу шығып жатыр. Тараз мәслихатының тексеру комиссиясы толық құраммен, қалыпты түрде жұмыс iстегенде бәлкiм, бұл келеңсiздiктiң алдын алған болар ма едi...
Ғ. Қарамырзаев, Тараз қалалық мәслихатында жұмыс iстеген инспектор-ревизор:
– 2008 жылдың 12 ақпанында түзiлген келiсiмшарттың 9-тармағына сәйкес мен жүргiзiлiп жатқан тексеру жұмыстары бойынша комиссия төрайымын хабардар етiп отыруым қажет. 9-тармақта “тексеру жұмыстары туралы тексеру комиссиясының төрағасына хабардар етiп тұру қажет” деген жолдар бар. Мен осы тармақ бойынша әр жұмысымды мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымына және мүшелерiне үнемi хабардар етiп отырдым. Шынында мекеменi тексеру барысында көзiм жетпеген нәрселер болады. Әлi көзiм жетпеген, дәлелi жоқ дүниелердi қалайша мәслихат хатшысына баяндап отырамын?!. Бiрақ 2008 жылдың 8 тамызында өткен жиналыста мәслихат хатшысы маған “келiсiмшарттың 9-тармағын өз қолыңмен ауыстырғансың” деген жала жауып, ұжымның алдында ар-намысыма, абыройыма тидi. Сөйтiп, сол күннен бастап 9-тармаққа “тексеру жұмыстары туралы мәслихат хатшысын хабардар етiп тұру қажет” деген өзгерту енгiзiлдi. Кiнәмнiң жоқтығын айтқым келiп едi, “сен емес, мен басшымын” деп сөз бермей қойды. Мәслихат хатшысының бұл әлiмжеттiк әрекетiнен кейiн жұмыстан шығуға өтiнiш жазуға мәжбүр болдым. Себебi дәлелсiз кiнә таққан басшыны бiрiншi мәрте көрiп отырмын және мұндай заңсыз әрекеттерге барған басшымен жұмыс iстеу мүмкiн емес екенiн түсiндiм.
А. Мамырбаев, Тараз қалалық мәслихатында жұмыс iстеген инспектор-ревизор:
– 2009 жылдың 11 ақпанында келiсiмшарт бойынша мәслихатқа жұмысқа қабылдандым. Бiрақ мәслихаттың хатшысы Ө.Байшығашев жылдың аяғына дейiн сұранған өтiнiшiмдi қабылдамай, тек екi ай сайын ғана ұзартып, 1 қарашаға дейiн төрт рет созды. Әр тексерудiң актiсiнiң көшiрмесiн және анықтама жазып, тұрақты түрде берiп отырғанымызға қарамай, “9 ай бойы тексеру туралы мәлiмет бермедiң” деген сылтаумен келiсiмшартты тағы үздi. Жұмысқа алушы Ө.Байшығашев болғанымен, жұмысқа жұмсап, тапсырма берушi тексеру комиссиясының төрайымынан және комиссия мүшелерi тарапынан ешқандай ескерту алған емеспiн.
...Мiне, Тараз қалалық мәслихатындағы жағдай осындай... Мәслихат — халық өз үнiн жеткiзетiн биiк мiнберi емес, Байшығашевтiң жекеменшiк “iнгенi” болып кеткен сықылды. Не iстеймiн, не қоямын десе де өз еркi. Осыдан кейiн Тараз қалалық мәслихатының хатшысы мен қарапайым халықтың арасы бiрте-бiрте алыстап бара жатқанын байқайсыз. Мәслихаттағы депутаттардың бәрi “нұротандықтар”, ендеше бұл мәселеге “Нұр Отан” партиясының жергiлiктi филиалы мен Жамбыл облысының жаңа әкiмi Қанат Бозымбаев жете мән бередi деген ойдамыз.