1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №96 (16178) 30 қараша, сәрсенбі 2016
30 қараша 2016
Маусым оқиғасы: СОТ ӨТТI. НҮКТЕ ҚОЙЫЛҒАН ЖОҚ
28 қарашада қылмыстық iстер жөнiндегi Ақтөбе мамандандырылған соты 5 маусымдағы террорлық шабуылға қатысты үкiм шығарды. 18 қазанда басталған сотта 29 күдiктi жауапқа тартылды. 7-еуi террорлық шабуылға тiкелей қатысқаны, қару-жарақты заңсыз иеленiп, қарулы шабуыл жасағаны үшiн, 18-i қылмыс жасалатынын бiле-тұра әдейi жасырғандары үшiн айыпталды. Әлiбек Ақпанбетов, Жаңабай Қуанышбаев, Бақыт Қуанышбаев, Асхат Рахметов, Әнуар Садихов, Арсен Таңатаров, Асхат Иманғалиев өмiр бойы бас бостандықтарынан айыру жазасына кесiлдi. “Паллада” қару-жарақ дүкенiндегi шабуылға қатысып, одан шыққан кезде қолдарындағы қаруды тастап, қашып кеткен Азамат Әбдiрахманов пен Айдос Жұбановты сот 22 және 20 жылға бас бостандықтарынан айырды. Дүние мүлiктерi тәркiленiп, жазасын қатаң режимдегi колонияда өтейтiн болды.
 
05.06.2016 ж. 22 адамнан тұратын топ түскi сағат 14.23-те “Паллада”, 6 қаруланған топ сағат 14.49-да “Пантера” қару-жарақ дүкен­дерiне басып кiрдi. “Пантерада” сатушы Андрей Максименконы, шақыртуға жеткен “Жедел күзет” қызметкерi Мирхан Тәжi­баевты, зейнеткер Онищенконы өлтiрiп, 4 полицейдi жаралап, 18 қару, пышақ, бинокльдi қолға түсiрiп, №22 маршрутты автобусты басып алып, сағат 14.48-де Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлiмшесiне шабуыл жасады. Бұл жерде ҰҚК әскери қарсы барлау бөлiмшесiнiң қызметкерi Даниэль Майлыбаев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар, келiсiм-шартпен қызмет атқаратын Берiк Қалиев қаза тапты. 6 әскери қызметшi түрлi жарақат алды.
Оқиға болған күннiң ертеңiне осы қылмысты бұрын белгiсiз   “Қазақстанды азат ету ұйымы” өз мойындарына алып, ДАИШ содырларына қосылу үшiн Сирияға кеткен тәк­фiршiлдер ұйымдастырды деп айтылды. ДАИШ идеологы, Әбу Мұхаммад аль-Ад­нанидiң дәрiс­терiнен уланған жетiмдер үйiнен шыққан Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуған тобы ұйымдастырды деп хабарланған.
05.06.2016 ж. Есет батыр көшесiндегi жалдамалы пәтерге Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуғанның шақыртуымен түскi 12-ге қарай 45 адам жиналған. Айыпталып жатқандардың туыстары өз жақындарын сағат түскi 12-ге қарай Дмитрий Таңатаровтың   Айтуғанның сырқаттау болып дүние­ге келген сәбиiне көмек жайын ақылдасуға шақыртқанын айтады. Қарулы шабуыл жөнiн­дегi жоспарларын Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуған дастарқан басында ғана айтқан. Жабық жиынға қатысқан 26-сы “джихадты” қолдап, 18-i қарсы шыққан. “Ақиқаға” шақырылғандардың пәтерден кетiп қалуына мүмкiндiк болмаған, себебi, Айтуған мен Таңатаров сыртқы есiктi құлыптап, келгендердiң шығып кетуiне мүмкiндiк бермеген, әрi көлiгi барлардың кiлттерiн тартып алған. Пәтерден шыққан бойы үйлерiне кеткен 18 адам қылмысты жасырғандары үшiн айып­ты деп танылып, 2-5 жыл­ға бас бостандықтарынан айы­рылу жазасына кесiлдi.
Өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесiлген 28 жастағы Асхат Рахметовтi Дмитрий Таңатаров Бурабайда емделiп жатқан жерiнен ұшаққа билетiне ақша жiбе­рiп, шұғыл шақыртып алған. Рахметов жастайынан дәрi­гер­лердiң бақылауында, де­мiкпемен ауырады.
45 адамды байланыстырып тұрған ортақ шаруа – бұлардың барлығы да Ақтөбе қаласындағы “Астана” сауда үйiнiң төменгi қабатында телефон саудасымен айналысады. Не­гiзiнен, жұмыссыздар, үйлерi жоқ, жатақханада не саяжайларда, не жалдамалы пәтерде тұрады. Осы қандықол қыл­мыс­ты ұйымдастырушылар –Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуған өздерi “Пантера” қару-жарақ дүкенiн шабуылдауға қатыспаған, қандай да бiр себеппен олар осы қылмыстан жасырынып қалған. Бұл екеуi­нiң 10 маусым күнi Некрасов көшесiндегi жалдамалы пәтерде тығылып жатқаны анықталған. Түнгi шабуылда екi радикал өлтiрiлiп, Таңатаровтың өзi ауыр жарақатпен жедел жәр­дем ауруханасына жеткiзiлдi. Есiн жинай алмаған күйi Таңатаров 11 маусымда 16.45-те жедел жәрдем ауруханасында көз жұмды. Сонымен оқиғаның басты ұйымдастырушылары сот залына да, тергеуге де жет­кен жоқ.
Өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесiлген –Бақыт Қуанышбаев 33 жаста, Қызылорда облысынан; Жаңабай Қуанышбаев – 34 жаста, Шалқар ауданынан; Әлiбек Ақпанбетов – 27 жаста, Ақтөбеден; Асхат Рахметов – 28 жаста, Ақтөбеден; Әнуар Садихов – 23-те, Атырау облысынан; Арсен Таңатаров – 26 жаста, Ақтөбеден; Асхат Иман­ғалиев – 30 жаста, Қобда ауданынан. 22 жылға жаза кесiлген Азамат Әбдiрахманов – 28 жаста, Темiр ауданынан; 20 жыл­ға сотталған Айдос Жұбанов – 31 жаста, Мұғалжар ауданынан.
Iстi жүргiзген судьялар – Нұрлан Сұлтанов пен Гүлжан Әжiғалиева. Осы оқиғаның артында тек ДАИШ идеологиясы жатыр ма, әлде басқалай жұрт көзiнен жасырылған себептерi бар ма, осы жағы әлi толық анық­талмады. 2016 жылғы 5 маусым оқиғасы 2011 жылғы Шұбаршидегi “салафитшiлер бүлiгiнiң” жалғасы болды ма деген күдiкке де толыққанды жауап жоқ. “Астана” сауда үйiндегi ұялы телефон жөндеу­мен, сатумен айналысатын жұмыссыз адасып жүрген жас­тар кейбiр қитұрқы жоспардың құрбанына айналды ма деген күдiк те жоқ емес. Қоғам қазiр осы сауалды алға тартып отыр. Неге десеңiз,   қандықол қылмыс мұқият жоспарланған. 44 адамды “ақиқаға” деп жинап, жолға ақшамыз жоқ деп бас тартқандарға таксиiңдi төлеймiн деп шақырып, 26 жас­ты оққа айдап салып, өздерi жасырынып қалып, 5 күннен соң көздерi жойылған Арман Айтуған мен Дмитрий Таңатаровтың қолдарында ақша қайдан жүр? Жастайынан мүгедек, демiкпемен сырқат Асхат Рахметовтi емделiп жатқан жерiнен ұшақтың билетiн тө­леп алдыртқан. Арада үлкен ақша жүр. Бiрақ айтылмайды. Сот процестерiне журналис­тер­дi қатыстырмау себебi де осында. Жергiлiктi салафит­шiлер­дiң Темiр ауданында мұнай ұрлығымен айналысатыны жа­йында ақпарат құралдарында жиi айтылып қалады. Tengri­news-тiң хабарлауынша, 25 қарашада Bloomberg News-ке сұхбат берген Н.Назарбаев Ақтөбе оқиғасына байланысты былай деген: “Там не только салафизм, там самое настоящее криминальное воровство – на этой основе положено. Люди даже не знали, что они занимаются экстремизмом. Они просто были включены в воровство на месте. Мы разберемся и все это открыто и транспарентно расскажем всем людям...”.
Соған қарағанда, 5 маусым оқиғасының әлi нүктесi қойылып бiтпеген сияқты. Басты сұрақ – iздеушiсi жоқ сала­фит­шi жұмыссыздардың қолымен мұнай ұрлығын ұйымдастырушылар кiмдер?
 Баян Сәрсембина,
Ақтөбе

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар