1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №96 (16178) 30 қараша, сәрсенбі 2016
30 қараша 2016
Ар-ұждан тұтқындары Макс пен Талғатты соттаған Қазақстан билiгiн әлем айыптап жатыр
Атыраудағы Талғат Аян мен Макс Боқаевтың әдiлетсiз сотына әлем жұртшылығы, барлық танымал халықаралық құқық қорғау ұйымдары назар аударды. Көз тiгiп қана қоймай, ел мен жер тағдырына алаңдаған, билiктiң саясатымен келiспеген қос белсендiнi заңсыз соттаған Қазақстан билiгiн бiрауыздан айыптап жатыр. “Ерекше демократиялық жолымен” келе жатқан Қазақстан тағы бiр сорақы заңсыздығымен дүниежүзiне масқарасы шықты.
Кеше бейбiт шерулердi ұйымдастыруға қатысты деген айыппен қоғам белсендiлерi Талғат Аян мен Макс Боқаевтың 5 жылға сотталуына қа­тыс­ты алаңдаушылық бiлдiр­ген АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы сот ше­шiмiн қайта қарауға шақырды. “Қазақстан Республикасының заңдары мен мемлекеттiк билiк институттарына құрмет бiлдiре отырып Құрама Штаттар заң және азаматтарға еркiн әрi шынайы сотқа, сонымен бiрге ойын еркiн бiлдiру құқығына кепiлдiк беретiн ҚР Конституциясының жоғары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшiн билiк органдарын осы iс бойынша сот шешiмiн қайта қарауға шақырады”, – делiнген елшiлiктiң үндеуiнде.     
Америкалық дипломаттар Қазақстан билiгiне елдiң Конституциясының және Қазақстан қол қойған халықаралық келiсiмдердiң бейбiт жиындар мен саяси көзқарастарын бiлдiру құқықтарының сақталуына кепiлдiк беретiнiн еске салды. Сол себептi “бейбiт түрде келiспеушiлiгiн бiлдiр­ген­дердiң әрекетiн қылмыс деп бағалауға болмайтынын” бiлдiрген АҚШ елшiлiгi “Құра­ма Штаттардың Қазақстан билiгiмен бiрге ел азаматтарының да тұрақты, ашық демократиялық қоғам құруға талпынысын қолдайтынын” мәлiм­дедi.
Адам құқықтарын қорғау жөнiндегi халықаралық Human Rights Watch ұйымы да Атырау­дағы сот шешiмiн айыптап, Қазақстанда бейбiт қарсылығын бiлдiрген екi адамның әдiлетсiз соттағалғанын жария еттi. Ұйымның өкiлi Мира Ритман “Келiспейтiндерiн (жер сатуға) бейбiт түрде бiлдiргенi үшiн Боқаев пен Аянды бас бостандықтарынан айыру – өрескел әдiлетсiз шешiм. Макс Боқаев пен Талғат Аян дереу бостандыққа шығулары керек” деп мәлiмдедi.
Ал БҰҰ-ның бейбiт жиындар мен бiрлесу еркiндiктерi мен құқықтарына қатысты мәселелер жөнiндегi арнайы баяндамашысы Майна Киаи қос белсендiнiң iсiне байла­ныс­ты дайындаған құқықтық бағасында “Ұйымдастырушылар (бейбiт наразылық шарасын) билiктi ескертпегеннiң өзiнде қылмыстық та, әкiмшiлiк те жазаға тартылмауы, айыппұл төлемеуi немесе бас бостандықтарынан айырылмауы керек” деп бiрақ кескен. Сөйтiп Қазақстан соттарына бейбiт шерулерге қатысу еркiндiгi секiлдi халықаралық құқықпен қорғалатын құқық­тарды бұз­бауға кеңес бередi. Яғни, Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттап отырған Қазақстанның билiк орындарының өздерi заңды белден басып отыр. 
Сол себептi Amnesty Inter­na­tional, Норвегиялық Хельсинки комитетi және Құқық қорғаушылардың құқығын қорғау жөнiндегi Обсерватория секiлдi халықаралық құқық қорғау ұйымдары атыраулық қос батырды дереу босатуды талап еттi. Amnesty Interna­tional Макс пен Талғатты “ар-ұждан тұтқындары” деп атады. Бұл қос батырдың тағдыры ендi бүкiл әлем жұртшылығының назарында деген сөз.  
Атыраулық азаматтық бел­сен­дiлердiң әдiлетсiз соттал­ғанына наразы болған ресейлiк құқық қорғаушылар Қазақстандағы саяси репрессиялардың ушығуына байланысты iске араласуын сұрап Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкерге үндеу жолдады.
Ресейлiк құқық қорғаушылар Еуроодақты Қазақстан билiгiнен басты саяси және азаматтық құқықтарды сый­лау­ды және елдегi саяси тұтқындардың бәрiн босатуды талап етуге шақыруда.
“Бiз, ресейлiк құқық қорғау ұйымдарының өкiлдерi, көршi Қазақстанда репрессия мен азаматтық белсендiлердi қудалаудың күшейгенiне алаңдаймыз. Бес жыл iшiнде барлық дерлiк оппозициялық партиялар мен ақпарат құралдары жабылды, тәуелсiз кәсiподақтарға тыйым салынды. Алайда бейбiт жиналуға берiлген iргелi құқықты бұзу Қазақстанда кең тараған және мемлекеттiк бассыздықтың дәлелi болып табылады”.
Адам баласына Алладан берiлетiн сөз бостандығы, көз­қарас еркiндiгi секiлдi құқықтарды аяққа таптаған Қазақстан билiгi осылайша әлем алдында қарабет болды. Бағынышты соттар мен тергеу орындарының Талғат пен Макс­қа қарсы уәж, дәлел-айғақтарының ешқайсысы халық­аралық қауымдастықты сен­дiре алмады. Керiсiнше, бiз адам құқықтарын бәрiнен жоғары қоятын елдер үшiн жаңа “Солтүстiк Корея” атандық. Демократиялық мемлекет құ­руға ұмтылған ел осылайша жаманатты болып, билiк әлем жұртшылығынан Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына лайықты сыйлық алды. Ендi елдегi билiк бұдан қандай қорытынды шығарады? Әлемдiк қауымдастықтың айып­тауларына құлақ аса ма, жоқ әлде Жаңаөзендегiдей ешкiмдi пысқырмай, құқықтық сананы құлдық санаға айналдыруын жалғастыра бере ме?
 Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар