1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №102 (16184) 21 желтоқсан, сәрсенбі 2016
21 желтоқсан 2016
Жемқорлар елiндегi күрес майдаларды аулаудан әрiге аспайды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросы жемқорлықпен “бiлек сыбанып күресiп” жатыр. Оның айқын белгiсi өздерiнiң ресми сайттарында айғайлап тұрған­ “қоғамдық маңызы бар тергеулер”. Тергеу маңызын арнайы айдарда айқындап қойған соң, ұлттық бюро қоғамдық маңызы жоқ жемқорлықпен күреспей жатыр деп түсiнсеңiз өз еркiңiз. Сiз үшiн “қоғамдық маңызы жоқ жемқорлық” қолында кiшкентай өкiлетi бар шағын бастыққа, дәрiгерге, жол полициясына берген “сыйлық” болар. Ал ұлттық бюро үшiн билiктiң ұшар басындағы тергеуге алынбайтын тұлғалардың тiрлiгi “қоғамдық маңызы жоқ” болуы әбден мүмкiн. Осы екi араның ортасында ұлттық бюро жемқорлықпен күресiп-ақ жатыр. Оны көру үшiн ресми сайттардың орыс тiлiндегi парақшасын ашып қарай салсаңыз жеткiлiктi (қазақша парақша айлап кешiгiп жаңарады). Соғыстан түскен суыт хабар тiзбесi секiлдi.
 
Мәселен, желтоқсанның 20-ы күнi есеп комитетiндегi республикалық бюджеттiң атқарылуын қадағалайтын бас аудиторлар Б.Копобаев пен А.Жангирбаевалар ұсталған. Ұлттық бюро сөзiнше, лауазымды тұлғалар “Қазақавтожол” мекемесiнiң жетекшiсi С.Мұқашев пен оның орынбасары Е.Шамишевтiң бұрыс атқарған жұмыстарын көрмеген болу үшiн олардан 16 миллион теңге пара алған. Пара берушi деп күдiкке түскен С.Мұқашев бұрын­ғы депутат. Сiз бен бiзге заң шығарған адам.
Төрт күнге созылған демалыс­тың алдында, желтоқсанның 15-i күнi ұлттық бюро Батыс Қазақстан облысындағы спорт және денешынықтыру басқарма бастығы Т.Шаяхметовтi 10 спорт мек­тебiнен бiр айдың iшiнде 1 миллион 500 мың теңге бопсалағаны үшiн қамауға алған. Т.Шаях­метовтiң алдындағы басшы да осылай жемқорлық дауына iлiн­генi әлi есте.
Желтоқсанның 13-iнде ұлттық бюро Қостанай облысындағы “Қостанай-ЦТО” кедендiк бекет жетекшiсi Л.Нурғазиндi 11 лауазымды тұлға мен 30 кәсiпкер байланысқан сыбайлас жемқорлық жүйесiн құрып, бiр айдың iшiнде ғана 10 миллион теңге пара алғаны үшiн қамап тастаған. Бiзде кеденге жақындағандардың жем­қорлыққа батып қалатыны әдетке айналғаны қашан.
Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң төраға орынбасары Алик Шпекбаевтың айтуынша, 2015 пен 2016 жыл арасында 1800 шенеунiк сыбайлас жемқорлық iсiмен жауапқа тартыл­ған.
Желтоқсанның 19-ы күнi Астанада өткен жемқорлыққа қатысты жиында 24 елден келген 50 шақты шетелдiк әрiптестерiнiң алдында Алик Шпекбаев бiраз деректi жiпке тiздi.  
     ­600 лауазымды тұлғаға жа­залау айыппұлы салынды. Екi жылдың iшiнде ғана айыппұл есебiнен бюджетке 6 миллиард теңге түстi. Сыбайластыққа iлiнген 924 адамның мүлкi тәркiлендi және 1 мың 200-ден астам адам өмiр бойы мемлекеттiк қызмет iстеу құқығынан айырылды, ­ – дедi Шпекбаев. Сондай-ақ, оның сөзiнше, соңғы бес жылда сыбайлас жемқорлар елден 70 миллиард теңгенi шетелге асырып жiберген. 47 адамға халықаралық iздеу жарияланып, оның 28-i ұсталып, елге қайтарылған. Жалпы, мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң төраға орынбасары Алик Шпекбаевтың жемқорлыққа қатысты осындай баяндамаларын президент Н.Назарбаевтың 25 жылда құрған билiк жүйесiне диагноз деп қабылдауға болады. Мәселен, 2016 жылы шiлде айында “Атамекен” кәсiпкерлер палатасындағы жиында Алик Шпекбаев Қазақстанда жемқорлыққа кеткен қаржыға бiр жыл iшiнде 628 мектеп пен 1256 балабақша салуға болатынын мәлiмдеген едi. Ендi есептеп көрiңiз, бiр миллионнан астам тұрғыны бар ел ордасы Астанада бар-жоғы 100 мектеп қана бар. Яғни, жемқорлар жеген ақшаға алты Астананың мектептерiн салып тастауға болар едi! Осы деректерге қарағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi басшыларының “коррупциямен күресемiз” деген бел­сендiлiгi жел диiрменмен күрескен Дон-Кихоттың далбаса тiрлiгiндей көрiнедi.
Неге десеңiз, ұлттық бюро бүгiн кеден жетекшiсiн ұстағанымен, оның орнына келгендердiң бәрiбiр жемқорлыққа ұрынатынын көрiп жүрмiз. Президент әркiмдi қолынан жетектеп сотқа алып баратын жүйе өзгермейiнше Қазақстан жемқорлықтан құлан-таза айық­пайтынын соқыр да, керең де ұғып болды. Бiрақ мұны тү­сiнетiн жоғарғы жақ жоқ. Айтпақшы, солармен жемқорлық бойынша күресiп жүрген құзырлы мекеме бар ма? Әлде, бiздiң елде орта буынды шендiлер ғана жем­қор ма?
Жасұлан Ақкер,
Астана 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар