1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
5 қаңтар 2017
Әсiресақтық әлегi

Бұл әзiрге халықтың жүйкесiне тие қоймаған, бiрақ күнi ертең кез келген Қазақстан тұрғынының алдынан шығатын күрделi мәселе. Күрделi болатыны, қабылданған жаңа заң ендi әркiмнен уақытша тiркеуге тұруды мiндеттейдi. Бұрын Қазақстанның бiр жерiнде тiркелiп, ел аумағын еркiн аралай беретiн жұртқа бұдан былай ондай мүмкiндiк берiлмейдi. Өзге қалада немесе облыста бiр айдан артық жүретiн кез келген адам уақытша тiркеуге тұруы тиiс. Бұл ереженi сақтамағандарға айыппұл салынады.

Қарапайым жұртшылық үшiн жағымсыздау бұл жаңалық әзiрге әлеуметтiк желiлерде ғана талқыланып жатыр. Мәселен, танымал заңгер Джохар Өтебеков өзiнiң Facebook желiсiндегi жазбасында былай дейдi: “Егер сiз Қазақстан аумағында оқуға, ұзақ уақытқа жұмыс сапарымен, қонаққа, жұмыс iстеуге келсеңiз, онда 1 айдан артық тұра алмайсыз. Бiр айдан соң сiз уақытша тiркеуге тұруыңыз керек. Тiптi Алматының iшiнде апаңызға немесе көршiңiздiң үйiне барып тұрсаңыз да, уақытша тiркеуге тұру мiндеттi”.
«Ендi «Тұрғындардың көшi-қоны туралы» заңда «уақытша келу орны (тұру)» деген түсiнiк пайда болды», – деген заңгердiң айтуынша, бұл талапты орындамағандар 7 АЕК (16 000 теңге) көлемiнде айыппұл төлеуге мәжбүр болады екен. Жаңа заңның жағымсыз жақтарын елден бұрын аңғарғандардың бiрi – қаржы сарапшысы Тимур Шығыров. Ол мынадай орынды уәжiн көлденең тартады: “Бұл жайт, әсiресе, жаңа жылдық мереке қарсаңында немесе тамыз-қыркүйек айларында қандай түсiнiспеушiлiк тудыратынын елестетiп көрiңiзшi. Ол кезде адамдар туыстарына, достарына қонаққа барады, студенттер басқа қалалардан демалысқа келедi. Бұл кезде тұрғындар тиiстi қызмет көрсету орындарына лек-легiмен ағылатын болады. Мұндай орталықтар техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан бұған дайын ба?”.
Ендi мына қызыққа қараңыз, Қазақстан 2015 жылдан берi бiрқатар шетел азаматтарын визасыз қабылдай бастаған. Ресми деректерге қарағанда, 19 елдiң азаматтары Қазақстанға 15 күнге дейiн визасыз келе алады. Күнi кеше Қазақстан Еуроодақ елдерiнiң, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерiнiң және Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi мен Малайзияның, Монако мен Сингапурдың азаматтарына визасыз келу тәртiбiн енгiздi. Бұл елдердiң азаматтары 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанға 30 күн мерзiмге визасыз келе алады. Мұндағы мақсат не? Ақорданың ұйғарымымен пайым жасасаңыз, мұндай өзгерiс “Қазақстанның инвестициялық климатын оңалтып, туристiк әлеуетiн дамытуды көздейдi”. Мұны қонақ шақырғыш Ақорданың ЭКСПО қарсаңындағы “есiк ашу” әрекетiне жатқызсаңыз да қате емес. Бiрақ бiр түсiнiксiз дүние, шетелдiктерге үлкен жеңiлдiк жасаған қазақ билiгi өз халқына келгенде неге қасарды? Уақытша тiркеуге тұруды мiндеттеу – билiктiң халыққа сенбестiгiн әйгiлемей ме?
Жаңа өзгерiстi заңгерлер экстремизммен күресу үшiн қабылданған деп санайды. Бiрақ ол өз жемiсiн беруi мүмкiн бе? Бұған күмәнмен қарауға тура келедi. Себебi экстремистiк пиғылдағы адамдарды уақытша тiркеуге тұрғызу арқылы жүгендеймiн деу – бос әурешiлiк. Жемқорлыққа белуарынан батқан қоғамда арам ойлылар кез келген дүниенi ақшамен сатып алады. Көптеген қылмыстың артында сол қылмыспен күресуi тиiс орган қызметкерлерiнiң өкiлдерi жүредi. Мұндай жағдайда өзге қылмыстармен бiрге экстремистiк қауiп те еселене түседi. Әйтпесе Қазақстан полицейлiк мемлекет. 2014 жылғы есеп бойынша Қазақстан полиция саны ең көп елдердiң алғашқы алтылығына кiрген. Әр 100 мың адамға шаққанда 444,8 полициядан келедi. Бiрақ содан қысқарған қылмыс, түзелген тәртiп бар ма?
Тағы бiр назар аударатын мәселе, Қазақстандағы террорлық iс ретiнде сипатталған оқиғалардың (Алматыдағы, Тараздағы, Ақтөбедегi т.б.) көбi құқық қорғау органы қызметкерлерiне қарсы жасалды. Бұл – экстремистiк пиғылдағы қылмыскерлердiң елге емес, билiкке қауiп төндiре бастағанын көрсетсе керек. Ал уақытша тiркеуге тұру – қарапайым халық үшiн басы артық машақат.

Қ.Баян

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті