1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №9 (16195)   2 ақпан, бейсенбі 2017
2 ақпан 2017
«Нұрлы жол» бiздi жолсыз қалдырды

Бiз – Ақмола облысы Ерейментау ауданының Қойтас ауылдық округiне қарасты Ажы ауылының тұрғындарымыз. Ажы ауылының географиялық орналасуы Павлодар облысымен шекаралас. Өлеңтi өзенiнiң оңтүстiгiнде, облыс орталығы Көкшетау қаласынан 500 шақырым жерде. Сiздерге хат жазып, көмек сұрап отырған себебiмiз мынадай: “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша салынып жатқан Астана – Өскемен заманауи автомагистральды тас жолы ауылдан 16 шақырым жерден өтедi. Ауылдан шығатын 16 шақырым дала жолы тас жолдың 205-шi шақырымында қиылысады. Осы қиылыстан Ажы ауылына бұрылатын өткел қарастырылмаған. Келешекте тас жолдың құрылысы аяқталған соң, ауыл тұрғындарының сыртқы дүниемен байланысуы мүлде тоқтайды.
Бiз осы тас жолдың салынатыны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап жергiлiктi әкiмшiлiкке, аудан әкiмiне тас жолдың 205-шi шақырымынан өткел салғызу үшiн жобалық-сметалық жоспарға өзгерiс енгiзудi сұрадық. Соңғы 10 жылда ауданымызда 7 әкiм ауысты. Бiрде-бiрi бiздiң өтiнiшiмiзге құлақ асқан жоқ. Тас жолдың 197-шi шақырымындағы Өлеңтi жол айрығына Қойтас ауылынан шығатын жол қосылады деп жоспарлаған. Бұрын Қойтас ауылынан шығатын жол тас жолдың 195-шi шақырымында қосылатын. Бұл жол айырығы Қойтас ауылынан 19 шақырымда, ал Ажы ауылынан – 23 шақырым. Қар қалың түскен жылдары осы жол қиылысына жету азап болады. Өйткенi бұл жол жел өтiне қиғаш. Қарлы-боранды күндерi жүру мүмкiн емес. Төтенше жағдай болып қалғанда ауылдан топталып шыққан автокөлiктер тас жолға 10-12 сағатта әрең жетедi. Қойтас ауылы өзеннiң сол жағында, Ажыдан 4 шақырым жерде. Өзенде көпiр жоқ. Боранда өзен арнасын қар басып қалады. Наурызда қар ерiп, өзенге түскен қызыл су сәуiр айында тасқынға ұласады. Наурыздан мамырға дейiн өзен суы тартылғанша өткел бермейдi. Қыс қатты болған жылдары желтоқсан айынан мамырдың соңына дейiн ауыл тұрғындары 205-шi шақырымдағы қиылыс арқылы ғана сыртқы дүниемен байланысады. Бұл жол – ажылықтар үшiн әлеуметтiк маңызы орасан “өмiр жолы”.
Аудан әкiмi ештеңе шешпеген соң мәжiлiс депутаты Е.Барлыбаевқа өтiнiш хат жаздық. Оның араласуымен “ҚазАвтожол ҰК” АҚ мекемесiнен, облыс әкiмiнен жауап алдық. Бiрақ қанағаттандырмады. Жауаптарында “205 шақырымда топырақтың биiктiгi 4 метр, өзен тасығанда бұл жерге су келедi” дептi. Бәрi бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай осылай дейдi. Бұл ендi шылғи өтiрiк. Қазiргi уақытта 205-шi шақырымға асфальт төселген, бiрiншiден, биiктiгi – 1,5 метр, екiншiден, бұл жерге су келмейдi. Өмiр бойы осы жолмен жүрiп келе жатқан бiз бiлгендi жұмсақ креслода отырғандар қайдан бiлсiн!?
“ҚазАвтожол ҰК” АҚ-ның берген жауаптарында: “келешекте аудандық атқару органдары, жоба авторы, мердiгер ұйым өкiлдерiмен аталған жерге тексеру жүргiземiз” деген-дi. Бiрақ одан берi 4 ай өттi. Ешқандай тексеру жүргiзiлмедi. 205-шi шақырымдағы биiктiгi 1,5 метр жолға бұрылыс салу қиындық тудырса, 205-шi шақырымнан Павлодарға қарай 800 метр жердегi қыраттың үстiндегi тас жолдың биiктiгi 0,5 метр ғана. Ажыға бұрылысты осы жерден де салуға болады.
Сiздерге дейiнгi билiк тармақтарының ешбiрi бiздiң жанайқайымызға құлақ түрмедi. Ендi бiзде не амал бар? Егер Сiздерден де қайыр болмаса, онда бiзге ертең Өлеңтi өзенiнiң көпiрi мен Астана – Өскемен тас жолын жабу ғана қалады. Жұрты ереуiлдетпей-ақ өтiнiш-тiлектерiмiздi орындасаңыздар екен.
Ажы ауылында 400-ден астам адам тұрады. Қойтас ауылының халқы азаюына байланысты әкiмшiлiк орталық Ажы ауылына көшiрiлiп жатыр. Округте 10 мыңның үстiнде қой, 3 мыңнан астам iрiқара, 4 мыңнан аса жылқы өсiрiледi. Ауданымыздағы ет өндiрiсiнiң 53 пайызын бiздiң ауыл өндiредi. Ауылда интернет тұрмақ, телефон жүйесi де тартылмаған. Бұл бiздiң өз мұқтажымызды жоғарыға жеткiзуге де үлкен кедергi. Ауыл болған соң, ауру-сырқау болмай тұрмайды. Жедел жәрдем шақыртудың өзi мұң. Сiздер бiздiң осы өтiнiшiмiзге құлақ асады, ауылымызға телефон жүйесi тартылып, интернетке қосыламыз, ең бастысы, өткел бермей тұрған күре жолдың мәселесiн шештiрiп бередi деп сенемiз. “Жас Алаш” арқылы жолдаған осы хатымызға Ажы ауылының 69 тұрғыны қол қойдық.


Е.Анафин, Ж. Ахметов, О.Омарбекова, Қ.Сыздықов, Е.Базарбаева т.б

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 5 ақпан 2017 12:42
Тек қана жол емес.Егер ҚАЗАҚТЫҢ сағын сындырып,намысын кім көрінгенге таптататын"сарабдал саясат"жалғаса беретін болса,барлық"Нұрлы"бірдеңелерден ҚАЗАҚ үйсіз,күйсіз мемлекеті жойылып далада қаңғырып қалуы әбден мүмкін."Басқаға жерді сатамын","үш тілділікпен тіліңді жоямын","кредитпен үйіңді,күйіңді қиратамын","жердің асты үсті байлықтары басқаларға сатамын",бұл "сарабдал саясатқа қарсы келсең түрмеде шірітемін".Мұның барлығы ҚАЗАҚТЫ жоюдың нұрлы жолдары"!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті