1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 11-12 (16197-198) 9 ақпан, бейсенбі 2017
9 ақпан 2017
Түрмедегi былықтан бәлеге қалды

ЗАҢСЫЗДЫҚТЫ ТЕКСЕРГЕН ПРОКУРОР ӘЙЕЛ НЕЛIКТЕН ӨЗIН ӨРТЕДI

Атырауда қаңтардың соңында прокурор Лейла Смадьярова облыстық прокуратура алдында өзiн-өзi өртедi. “Түрме қызметкерлерiнен ақша бопсалады” деген күдiкке iлiнген прокурор әйел өзiне бас прокуратураның да қорған бола алмағанына күйiнiп, өзiне қол салғанын айтты. Лейла Смадьярова құқық қорғау саласында 2000 жылдан берi жұмыс iстеген. 2013 жылдан берi – прокурорлық қызметте. Он жетi жыл еңбек өтiлi бар маман неге өзiне қол салмақ болды? “Жас Алаш” тiлшiсi прокурор әйелмен ол қамауға алынғанға дейiн сөйлесiп үлгерген едi.
“Пара алды” деген айып тағылған прокурорға қатысты сот процесi былтыр қазанда басталды. Қаңтардың 31- iнде әрiптес прокурорлардың алдында өзiн өртеп, абыройын қорғамақ болған 37 жастағы кiшi әдiлет қызметкерiн сол жерден өтiп бара жатқандар құтқарып қалған. Денесiн екi пайыз күйiк шалып, аяқтары күйiп облыстық ауруханаға түскен. Сот процесi кезiнде үйқамақта болған Смадьярованың ендi өмiрi үшiн арпалысып жатқанына қарамастан, iске қатысушы процессуалдық прокурор оны қамауға алу туралы сотқа арызданды. Жарты жылдан астам уақытқа созылған тергеудiң салдарынан күйзелiске түскен жас келiншектi жансақтау бөлiмiнен арнайы күзет қойылған палатаға ауыстырды. Ақпанның 6-сы күнi сот жарыссөзi басталды. Күдiктiнiң өзi де, оның адвокаты Игорь Вранчев те соттың айыптау бағытында жүрiп жатқанын айтады.

ПРОКУРОРДЫҢ ӘҢГIМЕСI

– Мен Атыраудағы әйелдер түрмесiне бақылау жасадым,- деп бастады Лейла Смадьярова әңгiмесiн. – Алғаш прокурорлық зерттеудi бастағанда жаным түршiктi. Түрме қызметкерлерiнiң сотталушылармен қарым-қатынасынан бөлек, ондағы кемшiлiктер бастан асатын едi. Сотталғандар маған прокурор ретiнде емес адвокат ретiнде шағым айтып келетiн.
Ұзаққа созылған тексерiстен әбден қалжыраған жас келiншектiң дауысы әзер шығады. Ақ қағаздан айырмасы жоқ қан-сөлсiз бет-әлпетiнен күйiнiштiң, шарасыздықтың белгiсi аңғарылады.
– Түрме қызметкерлерi әйелдерге “зектер” деп жекiретiн. Мен “неге олай дейсiңдер, олар сотталып отырғанымен, өздерiң тәрiздi бiреудiң әйелi, қарындасы, қызы, анасы ғой” дегенiме олар “несiне аяйсың” дейтiн. Сотталғандарды жаздың 40 градус аптабында күн астына тiзiп қойып, әлдебiр iс-шара өткiзедi. Тiптi бiреуi есiнен танып қалған жағдайлар да болды. “Сонда бұл қалай?” дедiм. Түрмеге қыруар қаражат бөлiнiп жатқанымен, онда ыстық су жоқ, сотталғандарды айына бiр рет моншаға түсiредi екен. 2013 жылы алғаш түрме iшiне енгенiмде сотталғандар жейтiн нанның жерде жатқанын көрдiм. Мұның бәрiне көз жұмып қарай алмадым. Қайсыбiрiн тiзейiн. Мен түрменi тексере бастаған үш жыл iшiнде талай былықтың бетi ашылды. Прокурор ретiнде акт жасап, тергеу жұмыстарын жүргiздiм, – дейдi Лейла Смадьярова. – Сотталған әйелдер түрме бастығына кiрiп өтiнiш те айта алмайды екен. Көзi көрмей қалған әйелдiң мүгедектiгiн рәсiмдеуге жәрдемдестiм, ал тағы бiр зейнеткер жасқа жеткен әйел зейнетақысын рәсiмдей алмай жүрдi, оған қолдау көрсеттiм. Бұл менiң есiме түскендерi ғана. Егер басыма осы iс түспегенде, мен жақсылық жасадым деп оларды тiзбелемес едiм.
Лейла Смадьярова Атыраудағы УГ 157/11 әйелдер колониясын Бас прокуратураның 2014 жыл мен 2015 жылдың бiрiншi жартыжылдығындағы Қылмыстық атқару жүйесi комитетiнiң территориялық бөлiмшелерiндегi жазасын өтеп жатқандардың материалдық, тұрмыстық және әлеуметтiк қамтамасыз етiлуiн тексеру туралы 2015 жылғы сәуiр айындағы бұйрығы бойынша тексерген. Оған “тексеру нәтижесiнде 2011 жылдан бастап сотталушыларға тиiстi 10 дана әйелдерге арналған гигиеналық құралдың орнына тек 5 данадан бергенiн анықтағанымен, оны тексеру қорытындысында көрсетпедi, соның салдарынан аса iрi мөлшердегi жалпы сомасы 1 439 010 теңгенiң тауар-материалдық құндылықтарының талан-таражға түскенiн жасырып қалды, оны сотқа дейiнгi iстердi тiркеудiң бiрыңғай тiзбесiне енгiзбедi” деген айып тағылған.
– Сот процесi әу бастан айыптау сарынында жүрдi. Менiң дәлелдерiмнiң ешқайсысын ескермедi. Менiң ойымша, iс басында-ақ судья үкiмдi дайындап қойған, тек соны оқуға асығып отыр, – дейдi Лейла Смадьярова.
Бас прокурордың көмекшiсi Т.Ибраимов жасаған айыптау актiсiне жүгiнсек, “алынған параның” жалпы көлемi 3 миллион 200 мың теңге және 1000 АҚШ доллары. Бұл ақшаны өзiн-өзi өлтiрмек болған прокурордың “қалай алғанын” тарқатайық.

ӘЙЕЛДЕРДIҢ ГИГИЕНАЛЫҚ ЖАБДЫҒЫ

Лейла Смадьярова әңгiменiң бәрi осы әйелдерге арналған гигиеналық жабдықтан басталғанын айтады.
– Мен әйелдер арасында сауалнама жүргiздiм. Оны жүргiзу прокуратураның 7-басқармасымен, басқарма бастығымен келiсiлдi. Сауалнама нәтижесi сотталған әйелдердiң гигиеналық жабдықтарды, тiс пастасын толық алмайтынын көрсеттi. Мәселен, оларға ай сайын 10 дана әйелдер гигеналық төсенiшi берiлуi тиiс болса, оның орнына тек 5 данадан берiлiп келген,– дейдi Лейла Смадьярова.
Ол сауалнамадан соң сол кездегi колония бастығының орынбасары Нұрзада Сағынғалиеваны шақырып әйелдер төсенiшiн бөлуге кiм жауапты екенiн сұраған. Оған жауапты мекеме коменданты Р.Мұқанова екенi анықталған.
– Мұқанова кiнәсiн бiрден мойындап, жалақысы аз болған соң өзiне алып қалған төсенiштердi базарда 60 теңгеден сататынын айтты. Мен оған қатысты 2015 жылғы мамыр айында iс қозғап, оны “сенiп тапсырылған бөтеннiң мүлкiн талан-таражға салу” (ҚК 189-бабы 1-тар) бабы бойынша iстi бiрыңғай тiркеу кiтабына тiркедiм, – дейдi Лейла Смадьярова.
Смадьяроваға қатысты iстi тексерген бас прокурордың көмекшiсi Т.Ибраимовтың айыптау актiсiне сүйенсек, ол 2015 жылғы мамыр айында сол кездегi Атыраудағы әйелдер түрмесi бастығының орынбасары Нұрзада Сағынғалиевамен оның жеке көлiгiнде кездесiп одан “өзi жасырып отырған фактiнi сотқа дейiнгi iстердi тiркеу тiзiмiне енгiзбеу үшiн 2 миллион теңге берудi талап еткен. Бермесе мекеменiң қызметкерлерiн жауаптайтынын айтып қорқытқан. Сөйтiп, Сағынғалиева ол ақшаны берген. Оны жинау үшiн мекеме қызметкерлерi банктен несие алуға мәжбүр болған. Ал Смадьярова 2011 жылдан 2015 жылдың бiрiншi тоқсаны арасындағы тексеру қорытындысында әйелдердiң гигиеналық төсенiштерiн жымқырудағы шығынды азайтып 35 187 теңге деп көрсеткенi” айтылған айыптау актiсiнде.

“ТӨСЕК ЖАЙМАЛАРЫ ҮШIН 6 МИЛЛИОН СҰРАҒАН”

Прокурордың айыптау актiсiнде келтiрiлген тағы бiр эпизодта Смадьярова төсек жаймаларына қатысты жымқыруды жасырғаны үшiн әлгi Сағынғалиевадан тағы 6 миллион теңге талап еткенi айтылады.
Оған дәлел ретiнде сотта Сағынғалиева прокурордан СМС хабарламалар алғанын, оның қоңырау шалғанын айтады.
– Шындығына келгенде, ешқандай төсек жаймаларына қатысты анықтау болған жоқ. Мен оператордан мобильдi телефонымдағы шығыс-кiрiс қоңырауларының, барлық СМС хабарламалардың тiзiмiн алып ұсындым. Ол ескерiлмедi, – дейдi Лейла.
Прокурордың айыптау актiсiнде Нұрзада Сағынғалиева әйелдер колониясының бас бухгалтерi М.Бименовадан пара беру үшiн 1 миллион теңге сұрап алғаны көрсетiледi. Осы мақсат үшiн Сағынғалиеваға бухгалтер Бименовадан бөлек, мекеме коменданты Р.Маханова,Г.Мылқымбаев, К.Әшiрхандар ақша берiп көмектескенi айтылады айыптау актiсiнде. Ал Смадьярова тағы да сол Нұрзада Сағынғалиевадан оның жеке көлiгi iшiнде әлгi бiр миллион теңгенi алған деп айыптайды прокурор.

АМАНҒАЛИЕВА ЖӘНЕ ТАҒЫ 2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Прокурордың айыптау актiсiне сүйенсек, 2015 жылдың қыркүйегiнде Смадьярова өзiнiң жемқорлық әрекетiн жалғастырып, Атыраудың пенитециарлық мекемесiне 96 миллион (!) теңгенiң азық-түлiгi мен қажеттi тұрмыстық жабдықтарын жеткiзетiн жеке кәсiпкер Аманғалиевадан ақша бопсалап, 2 миллион теңге талап еткен. Және ол ақшаны, айыптау актiсiнде айтылғандай өзiнiң прокурорлық кабинетiне шақырып алып сұраған әрi оның бизнесiне бұдан әрi тиiспейтiнiн айтқан.
Мемлекеттiк айыптаушының сотта айтқанындай, кәсiпкер Аманғалиева “Смадьярованың әрекетi туралы ҚАЖД қызметкерi У.Темiрланға баяндап, ол өз кезегiнде прокурор келiншектiң тiкелей бастығы 7-басқарма бастығы Иманғалиевке мәлiмдеген. Соның нәтижесiнде Смадьярова кәсiпкерден ақша ала алмаған”.
Алайда кәсiпкер Аманғалиеваның өзi арыз да жазбаған әрi сотқа да келмеген.
– Менiң кәсiпкердiң азық-түлiк әкелетiн көлiгiн тексерудi талап еткенiм рас, – дейдi Лейла Смадьярова. Себебi түрме iшiнен тексеру болған сайын қол телефондары тәрiздi тыйым салынған заттар үнемi табылып жатады. Ендеше ол қандай да бiр жолмен абақтыға түседi ғой. Оны сотталушыларға берiлетiн заттармен бiрге бере алмайды. Ал менiң бұл әрекетiм түрме қызметкерлерiне де, кәсiпкер әйелге де ұнаған жоқ. Ол маған бiрден ет, қазы, Алматыға жиi барып тұратынымды бiлiп жол билетiн алып берудi ұсынды. Менi “сатып алмақ” болды. Бiрақ мен iстi актiлеп, көлiктi тұрақты тексерудi талап еттiм.

“СУИЦИДТI ЖАСЫРҒАНЫ ҮШIН ТАҒЫ 1000 ДОЛЛАР”

– 2015 жылғы қарашада сотталушы К. Массалимова басқа сотталушылардың қысым көрсетуi салдарынан өзiне қол салмақ болған. Ол бұл туралы мен кезектi тексеруге барғанда айтты. Мен бұл жайт туралы “неге прокуратураға арнайы хабарлама берiлмеген” деген талап қойдым. Сағынғалиева түсiнiктеме жазып, өзiнiң ол туралы бiлмегенiн айтты. Атырау облысындағы ҚАЖД бастығы, прокуратураның 7-басқарма бастығы келiп тексеру жасалды. Мен прокурорлық бақылау актiсiн жасап, екi кезекшi жауапты тұлғалар тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды, – дейдi Лейла Смадьярова.
Алайда прокурордың айыптау актiсiнде Сағынғалиеваның тәртiптiк жауапқа тартылмау үшiн Смадьярованың өзiнен 3000 доллар талап еткенi, жазадан қорқып өзiнiң 1000 долларды прокурордың кабинетiне апарып бергенi баяндалады.
Мемлекеттiк айыптаушы кейiн 2015 жылдың соңында Сағынғалиевадан тағы 200 мың теңгенi “үшiншi тұлғаға беру үшiн талап еткенiн” айтады.
Сотта Сағынғалиева ол ақшаны Смадьярова Бас прокуратураға бермек болғанын мәлiмдеген.

ПРОКУРОР НЕГЕ ӨЗIН-ӨЗI ӨРТЕМЕК БОЛДЫ?

Мен бұл сауалды Лейланың өзiне қойған едiм.
– Мен прокурормын. Бiздiң бәрiмiз заң адамдарымыз. Мен заң бар деп сендiм. Бiрақ бұндай сот болады деп ойлағам жоқ. Сот iстi әдiл қарайды деп сендiм. Алты ай бойы менiң iсiмдi төрт арнайы прокурор Астанадан Бас прокуратурадан, Алматы, Жамбыл мен Маңғыстау облыстарынан келген прокурорлар қарады. Олар маған “бұл – жүйе, сен оған қарсы шыға алмайсың” дедi. Сөйтсем, расымен жүйеге қарсы тұра алмайды екенмiн, – дедi ол.
Лейланың соңғы үмiтi бас прокурор Жақып Асановта болған. Оған 16 қаңтарда арыз жазып, iспен танысуын өтiнген.
– Мен Асановтың жыл соңындағы коллегиядағы сөзiн тыңдадым. Ол сонда қылмысты азайтуға тырысыңдар, егер адамның жазықсыз екенi дәлелденiп тұрса, оны отырғызбауға тырысыңдар дегендi айтқан. Мен оған дұрыс жетпей отыр деп санап, мән-жайды толық баяндап жазған едiм, – дейдi Лейла Смадьярова.
Пара алды деп күдiкке iлiнген прокурордың бас прокурорға жазған арызынан үзiндi келтiрейiн: “Маған қатысты қозғалған iс – Атыраудағы әйелдер түрмесi қызметкерлерiнiң менен кек алу мақсатында жасап отырғандары. Айыптаудың барлығы еш дәлелсiз, бұрын менiң бақылауымда болған, менiң прокурорлық қадағалауымның салдарынан әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, кейбiрi жұмыстан шеттетiлiп, тiптi құқық қорғау саласында жұмыс iстеу мүмкiндiгiнен айырылғандар.
Менiң Атырау облысындағы жұмысым барысында прокурорлық бақылауым бойынша 8 қылмыстық iс қозғалды. Атырау облысындағы қылмыстық атқару жүйесi департаментiндегi (ҚАЖД) қызметкерлерге берiлетiн жалдамалы пәтерге қатысты заң бұзушылық анықталып, ҚАЖД-тiң 3 қызметкерiне қатысты қылмыстық iс қозғалды. Бұл тексеруiме былтырғы қаңтарда Бас прокуратураның өзi жағымды баға бердi. Прокурорлық тексерiс нәтижесiнде ДУИС-тiң 62 заңды тұлғасы, соның iшiнде әйелдер колониясының бұрынғы бастығы Н.Сағынғалиева, Э.Оразаев, Е.Байменов, бас бухгалтер М.Бименова және басқа да маған қатысты куәлiк етiп отырған тұлғалар заңдық жауапкершiлiкке тартылды. 3 адам қызметiнен босатылып, әйелдер түрмесiнiң 2 қызметкерiне жемқорлық кәртiшкелер берiлдi.
Мен өзiме тағылған ақша бопсалау мен алу туралы бес эпизодтың бiрде-бiрiмен келiспеймiн. Мен – жалған айыптың құрбанымын. Ол жалған айып – менiң кiршiксiз прокурорлық еңбегiмнiң “жемiсi”.
Iсте менiң айыбыма қатысты дәлел жоқ, ол тек менiң сотталуыма мүдделi тұлғалардың сөзiне негiзделген. Бас куә Нұрзада Сағынғалиева “берген “ақшаларын нақты қайда, қашан бергенiн айта алмайды. Әр сот отырысында әртүрлi дәлелдер келтiредi. Бұндай жағдайда не iстеуiм керек?”.
Смадьярованың адвокаты Игорь Вранчевтiң айтуынша, бұл арызына 31 қаңтарда жауап алған. Онда “барлық өтiнiштерiңiздi сотта айтуыңызға болады. Егер оның шешiмiмен келiспесеңiз, апелляциялық шағым түсiруге құқыңыз бар” деп жазылған дейдi адвокат.
Лейла Смадьярова өзi сенiм артқан бас прокурордың бұл жауабынан соң өлуден басқа жол жоқ деп шешкен. Сөйтiп, өзiн өртемек болған.
Дәлелденбеген мәлiметке сүйенсек, әдiл прокурорлық бақылау жасап, заңды сақтауға тырысқан жас прокурордың әрекетi Бас прокуратурадағы әрiптестерiме ұнамаған тәрiздi. Желдiң ауаны қауiпсiздiк қызметi жағынан еседi деседi. Ал “жел соқпаса, шөп басының қимылдамайтыны” тағы бар.
Соттың iс қарауы жалғасып жатыр.

Сәния ТОЙКЕН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Ана | 9 ақпан 2017 21:44
Бекерден бекер сотты болмайды, жəй адам емес заң қорғаушы ғой, қолында билік болғанда көздерін шел басады. Адал еңбекпен тапқпан асың ас, арам жолмен тапқан желкеңнен шығарады. Кім болса да адал жүріп тыныш ұйықтағанға не жетсін қысқа ғасырда.
пионер | 10 ақпан 2017 11:36
Қазақ билігіне адалды арамға айналдыру түк емес. Билікпен әлі толық танысып үлгірмепсіз, АНА.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 10 ақпан 2017 12:50
Соттай береді.Процестік кодекстегі"кінәсіздік презумпциясы"бойынша"барлық күмәнді,дәлелденбеген жағдайлар айыпкердің пайдасына шешіледі"деп көрсетіле тұра басшылыққа алынбайды.Соттарың мамандар емес.Бұрынғы нотариус,хатшы,т.с.с.,"көкелерге ақшасын төлеп"Президенттің Указына"ілінген сауатсыздар."Біреу айтты"деп соттай береді.Прокурорың да солардың"ксерокопиясы".Өздері"айыптаушы,әлде заңдылықты қадағалаушы"кім екендіктерін білмейді.Сот,прокурор өздері ОПГ.Білетіндері сот тергеуінсіз адамды соттау.
иван | 10 ақпан 2017 12:56
сауатсыз үкім шығарған соттарды тізімге алу керек, олардың да жауап беретін кезі болады.
Ана | 11 ақпан 2017 13:14
Бəрі ақымақ сен ақылды екенсің пионер, айналайын қазақ билігінде адалдық жоқ, болса не бітіріп жүрсің онда. Бұндай жағдайға жетсек кім кінəлі өзіміз. Масыл болып қорқақ болып жүргеніміз. Өзімізді түзейік жөнге келейік. Ұрпаққа дұрыс тәрбие берейік.
казах | 15 ақпан 2017 21:23
адил сот жок
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар