1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 21 ақпан, сейсенбі 2017
21 ақпан 2017
Қаралы ақпан: БЕЙБIТ КҮНДЕ 7 САРБАЗ ҚАР АСТЫНДА ҚАЛДЫ

ҰЛТ БОЛЫП АЗА ТҰТА АЛДЫҚ ПА?
Он жетiншi ақпан. Кезектi қаралы, азалы күн. Бейбiт күнде жетi сабраз қар астында қалды.
Жамбыл облысы Жуалы ауданы Алатау ауылынан 35-40 шақырым жердегi Көксай шатқалына әскери жаттығуға шыққан сарбаздар қайта оралмасын бiлдi ме? Тiлеужан Қуатжанұлы (1993 жылы туған), Мұхит Балмағанбетұлы (1991 жылғы), Мақсат Құрманғазыұлы (1995 жылғы), Әуесбай Ерiсбаев (1992 жылғы), Әмiр Аралбаев (1988 жылғы), Әлiшер Мошабаев (1991 жылғы), Мақсат Қыдырбаевтардың (1991 жылғы) талқаны неге осылай таусылуы тиiс едi? Олардың әке-шешесi, ағайын-бауыры, жора-жолдасы, аяулы жары, сүйем деген сезiмiн жеткiзiп үлгермеген ғашығы, былдырлаған тiлi шығып, тәй-тәй басып көрмеген ботақан балалары өмiр бойы неге қайғы жұтуы тиiс едi!?
Бiреу бұл апатқа қалың жауған қарды себепшi жасапты. “Тосыннан келген тағдырдың жазуына ешқандай амал-айла жоқ” деп отырғандар және бар.
Баспасөздiң берген ресми ақпаратына қарасақ, марқұмдардың денелерi мәйiтханаға жеткiзiлiптi. Әскери бөлiмшеде қоштасу болыпты. Одан мәйiттер туыстарына берiлiп, жаназасы шығарылыпты.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қайғылы оқиғаны тергеудi өз бақылауына алыпты. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев “твиттерiнде” төрт ауыз сөзбен көңiл айтыпты. Қорғаныс министрi Сәкен Жасұзақов пен Жамбыл облысының әкiмi Кәрiм Көкiрекбаев Бауыржан Момышұлы мен Күркiреусу ауылдарына барып, қайтыс болған Тiлеужан Кеңесов пен Мұхит Тұрысмағамбетовтiң және Мақсат Шәкеннiң отбасына көңiл бiлдiрiптi. Ал дүйсенбi күнi үкiмет сағатына қатысқан депутаттар қаза тапқан жетi сарбазды бiр минут үнсiздiкпен еске алуға да жарамады. Әлеуметтiк желiдегi пiкiрге қарасақ, қорғаныс министрi Сәкен Жасұзақов пен Жамбыл облысы әкiмi Кәрiм Көкiрекбаев ботадай боздап отырған ата-анаға көңiл айтуға барғанда аяқ киiмдерiн шешпей, төрге бiр-ақ шыққандарын аямай сынап жатыр.
Осы көрiнiстердi бiз бұрын да, бұған дейiн де көрген едiк қой (2015 жылы Каспий теңiзiндегi әскери жаттығу кезiнде төрт сарбаз суға батып кеткен – ред.). Билiк болсын, көпшiлiк болсын әскери оқу жаттығу үстiнде сарбаздардың қаза табуына етiмiздiң үйренiп кеткенi соншалық, қазаны ұлт, жұрт, қоғам болып, шын қайғырып өтейтiн азаматтық, адамдық ұстанымымызды жоғалтып алғандаймыз.
Бiз бұл жерде қаза болған кiсi артынан бiрге кетудi айтып отырған жоқпыз. “Әр қазақ – менiң жалғызым” деген айнымас темiрқазықтан айырылып қалғанымызды меңзеп отырмыз. Қазақстандық ақпарат сайттарын қарасаңыз, Көксай шатқалындағы қазаға қатысты Өзбекстан президентi Шавкат Мирзиевтiң көңiл айтуын бiрден көресiз. Ал Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың көңiл айтуын akorda.kz сайтынан да, Facebook-тегi akordaPress парақшасынан да аңғармайсыз. Сонда бұл қалай? Өзбекстан президентi бiлiп отырған Көксай шатқалы апатының жайы қазақ президентiне жетпеген бе? Әлде Ақорда қызметкерлерi Н.Назарбаевтың көңiл айтуын сайттың қалтарыс тұсына тығып тастаған ба?
Бұдан бөлек, әншейiнде мемлекеттiк тапсырыс алу үшiн ресми жиындарды қалт жiбермей, “әскер тақырыбын бiзден басқа кiм көтерушi едi!” деп кеуде қағып жүретiн үкiметтiк емес ұйымдар қайда? Жоқтау жазып, елдiң шерiн тарқатар ақындар неге көрiнбейдi? Өрiмдей жетi сарбаз ертеңгi жетi рулы iргелi ел емес пе едi? Жаппай көңiл айту мен жоқтаудан өмiрi үзiлiп кеткен жандардың қайтып келмесi анық. Алайда, Отан алдында борышын өтеп жүрiп, бейбiт күнде шейiт болған әр азаматтың өмiрi үшiн ұлттық деңгейде қайғырып, аза тұта алмасақ, несiне елмiз, қазақпыз деп жер басып жүрмiз?


Руслан ЕРБОТА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (9)
Жарылхапов Жұмабай | 21 ақпан 2017 16:21
Біз қазақпыз деп кеудені ұрғанда алға жан салмаймыз, бауырларға 1-минут тұрып хош боуырлар деуге жарамадық-ау
қонақ | 21 ақпан 2017 17:13
Біздің қорғанышымыз деп жүрген АРМИЯ қар тазала алмай, 4-5 сағат қарға тығылып жатса несі АРМИЯ помоему бәрі арамтамақтар ғой
Еркин | 21 ақпан 2017 18:13
Ханнын котин тиреп турган уазир болсандарда актарынды шешип iлтипат билдирип адам кусап хайырлы болсын айтсандарш дейтин бир туыстын табылмаганы
дулат | 21 ақпан 2017 22:03
сабраз емес сарбаз
Асылбек | 22 ақпан 2017 06:32
Жетисип калыппыз жау жагадан алса не истеимиз Алла Казактарды Казактардын жерин баледен сактасын.Онбагаан н кудайдан тап аш коз уызга жарымаган.
алмат | 22 ақпан 2017 10:06
Әрине қайғылы оқиға бұл ұлттың қазасы деп есептеймін. Мен бір айтарым, ол менің өз көзіммен коргенім. Сол қаза болған сарбаздардың үйлеріне барып, көңіл айтқандардың арасында болдым. Біздің мемлекетімізді қорғап отырған сарбаздардың тұрмыстық жағдайын көргенімде, е бізді қорғайтын, бір пәле болса жауға шабатын қазақтың кедей, жағдайы жоқ қаракөздері екеніне көзім жетті. Тұрып жатырған от басыларының жағдайын көрсеңіздер. Жұмыс таппағаннан амал жоқтан қызмет атқарып жүргендеріне көз жетеді.
Ділназ Өскемен | 22 ақпан 2017 12:08
Шығыс Қазақстан, Өскемен қайғыларыңызға ортақ. Бұл күн бүтін ұлт үшін қаралы күн. Мен Темірланымды өлсем жібермеспін армияға, айдың күні аманда біресе атылады, асылады. Енді мына жағдай... Өкімет басында қарғыс алған адам отырғанда осылай бола бермек!
Қызылордалық Балталы Төлеген | 22 ақпан 2017 13:03
Армияға "құқық қорғау саласына қызметке барсам" дегендер немесе келісім-шартпен күнін көре алмай отырғандар барады. Ал "елді, Отанды қорғау "ол әшейін далбаса. Ондай "патриоттық" үндеумен тек ақымақтарды ғана еліртесің. Біздің әскеріміз әлемдік армияны, Ресейді, Қытайды қой, тіптен өзбектің, Ауғанның армиясының бір "сілкігеніне" жарамайды. Соғысқа үйренген ауған, сирияның "моджахеттерімен" күресуге қаухары бар ма екен өзі? Ал, мына АЗАМАТТАРҒА, жастай жесір қалған келіндерге, жетім қалған балаларына ОБАЛ болды!
Антай | 23 ақпан 2017 10:46
Оңтүстіктен, кайғырып көңіл айтамыз. Қайран, қаракөз жап-жас жігіттер!!! Жүрегіміз езіліп кетті.
Ұлым әскерден аман келсе екен!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар