1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Тараздың тәртіптік кеңесі театрға бергісіз

Жамбыл облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбек жуырда тәртіптік кеңеске тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облыстық департаментінің ұсынысымен өткен бұл кеңес отырысы театрға бергісіз өтті. Қойылымның қысқаша сипаты мынандай: Мырзақасым Байбек Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы К.Қожатаеваға хабарласып, сол аудандағы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектепте жұмыс істейтін келіні Айжан Кертаеваға бірлік қосып беруді талап еткені, айтқанын орындамаса, оған шара қолданатынын ескертіп қорқытқаны жөніндегі таспа облыстық тәртіптік кеңес төрағасының қолына түскен. Одан бөлек, қарамағындағы бір қызметкерді жеке пәтерін жинастыруға үнемі жұмсап отырғаны белгілі болған. Бірақ ол қызметкер жеме-жемге келгенде бастығының үй шаруасына көмектескенін қызметтік тәуелділіктен емес, «жаны ашығаннан», адамгершілік тұрғысында атқарғанын айтып араша түсті.
Тәртіптік кеңес отырысында Байбектің өзі: «Бұлай болады (тәртіптік кеңеске тартыламын) деп ойламаған едім. Білместік болды. Бүкіл мемлекеттік қызмет алдында, сіздердің алдарыңызда кешірім сұраймын», – деп кінәсін мойындады. Жарыссөзге кезек берілгенде кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп мәймөңкелеп, қызметiне толық сай еместiгi туралы хабарлап, «Байбекті орнында қалдырған жөн» деген ұсынысын айтты. Сол-ақ екен, ол ұсынысты талқылап жатпай, кеңестің өзге мүшелері келісіп алғандай бірауыздан мақұлдады.
Енді осы жерде облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбектің есімі жамбылдықтарға жақсы таныс екенін айта кетейік. Мәселен, М.Байбектің қызметтік жолына көз жүгіртсек, алдымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген кезінде президенттің қатаң сынына ілігіп, қызметінен кеткені еске түседі. Мұнан кейін араға біраз уақыт салып, бір күнде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Бұл жолы өзіне берілген қызметтік пәтерді лауазымын пайдаланып жекешелендірмек болғаны анықталып, ақыр аяғы қызметімен қош айтысады. Сөйтіп, көрінбей қалған Байбек бірер жыл өткеннен кейін облыстық экономика және жоспарлау басқармасына бастық болып мемлекеттік қызметке қайта келеді. Одан көп өтпей облыстық тексеру комиссиясының төрағасы болып тағайындалады. Сол кезде облыстық тексеру комиссиясында үлкен шу шықты. Прокуратура өкілдері оның үстінен тәртіптік іс қозғау керектігін ұсынғанымен, ол жолы оның «мұртын балта шаппай» қызметінде қалды. Одан бөлек, Мырзақасым Байбектің қол астындағы қызметкер Нұрлан Дүйсенов Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің қызметкерінен 1 миллион 500 мың теңге пара алып жатқан кезінде ұсталып, істі болып жатыр. Тиісті орындар Дүйсеновтің жасаған қылмысына Байбектің байланысын дәлелдей алмаса да, қол астындағы қызметкердің жемқорлыққа барғаны басшыға сын емес пе?!
Енді, міне, барған жұмысында қанша сынға іліксе де, суға батпайтын М.Байбек тәртіптік кеңестің тезінен тағы да амалдап аман өтіп кетті.
Негізінде, Мырзақасым Байбек өткен жылы зейнет жасына толған болатын. Жайлы кабинет, жұмсақ креслосын қимаған ол заң бойынша тағы бір жылға қызметін ұзартқан еді. Бұл ретте облыстық тексеру комиссиясының төрағасы межелі уақытты елге еңбек етудің орнына қызмет бабын асыра пайдалану ісімен тәртіптік кеңеске тартылып жатқаны өкінішті.
Айтпақшы, әдеп және кеңес отырысында Жуалы ауданының ауылдық округ әкімдері Е.Сейдалиев, Н.Таубалдиев, Б.Сүлеймановтар тәртіптік жазалары бар қызметкерлеріне сыйақы жазғандары үшін қызметiне толық сай еместiгi туралы тәртіптік жазаны арқалап қайтты.
Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қ | 12 наурыз 2017 15:08
Бауыржан Байбек, Мырқасым Байбек - тектері ұқсайды екен
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар