1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
4 сәуір 2017
Жанболат жазықсыз жапа шекпесін!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә.НАЗАРБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ
Президент мырза!
Қазақстандағы барша жетістіктер мен жақсылықтарды Сіздің есіміңізбен байланыстыра айту әдетке айналып барады. Сондай-ақ еліміздегі келеңсіздіктерді де ел-жұрт Сізге телиді. Мемлекет басшысы болған соң, жауапкершіліктің батпан жүгін мойныңызбен көтересіз.
Демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құру жолына түскен Қазақстанымыздағы алға қойған мақсатпен үйлеспейтін жағымсыз жайттар бізді мазасыздандырады. Әсіресе еркін ойлы, өзіндік ұстанымы бар, көзқарасы мен пікірін ашық айтатын, көпшілікке жол бастайтын азаматтарға қысым жасаушылық, қудалау әрекеттері барған сайын үдеп барады. Мемлекетке, халыққа, жер мен тілге жанашыр белсенді адамдардың сотқа тартылып, жазықсыз жазалануының куәсі болып келеміз. Соның соңғы мысалы ретінде Макс Боқаев пен Талғат Аянды, Жанболат Мамайды айтамыз.
Біз бұрынғы ашық хатымызда өткен жылғы Жер кодексіне қатысты митингіге қатысқаны үшін сотталған атыраулық батырларға араша сұраған едік. Енді жас саясаткер, отаншылдығы мен мемлекетшілдігін танытқан, білімді, жігерлі, турашыл азамат, журналист, қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғап Сізге үндеу жолдап отырмыз. Ерекше назар аударуыңызды және бұл екі мәселе жөнінде таяу арада саяси шешім қабылдауыңызды сұраймыз! Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының кепілі ретінде Сізге үміт артамыз.
Жанболат Мамайға ҚР Қылмыстық кодексінің 193-бабы (3-тармақ, б, в пункттері) бойынша айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды, қазіргі кезде ол қамауда отыр. Оған түрмеде қоқан-лоқы жасалғанын, соққыға жыққанын тәуелсіз ақпарат құралдары жазды. Жасалмаған қылмысты мойындату үшін әлгіндей «сындыру» тәсілдері қолданылған жоқ па деген күмәндамыз.
Саяси тапсырыспен сотталғандардың заңбұзушылыққа бармағанына, қылмыс жасамағанына көпшіліктің көзі жеткен. Соған қарамастан, саяси қайраткерлерге, қоғамдағы белсенді азаматтарға басқаша айып тағылып, соттау белең алып барады. Жоғарыда аттары аталған азаматтарымыз солардың қатарында.
Біз Жанболат Мамайды әлгіндей қылмыстық әрекетке барды дегенге сенбейміз. Қудалау орындарының келтірген уәждері иланымсыз, көңілге қонымсыз. Жерді қорғаушы патриот жігіттерді басқа істегі сотталушылармен байланыстырып, қолдан іс құрастыру көріністері қайталанып жатыр. М.Боқаев пен Т.Аянның соты бұрмалаушылықтың ізін жасыра алмады, судья әділетсіздік жасады. Мұның бәрін көріп отырмыз. Сол кепті енді Ж.Мамайға қайталамақ көрінеді.
37-нің елесі бүгінгі күні осындай қатер төнгізіп жатса, қол қусырып қалай отырамыз?! Қалайша дабыл қақпаймыз?! Ондай зауалды дереу елден аластамаса, қуғын-сүргіннің топалаңы халықты қасіретке ұшыратады. Біз Сізді сондай сорақы саясатты қолдайды, соған жол береді дегенге қимаймыз. Алапат қатердің алдын алыңыз, дереу тоқтам салдырыңыз! Біз соны сұраймыз және талап етеміз!
Қазақстанымызда саяси қайраткерлігі үшін құрбан болғандардың, жапа шеккендердің бұдан әрі қатары көбеймесін! Азаматтар құқығын қорғаудың орнына жоғарыдан түскен тапсырысты орындау үшін заңды бұрмалап, қолдан қылмыскер жасаушылар жазаланбай келеді.
Қайта шендері өсіп, жоғары қызметтерді иеленеді. Сондықтан ондайлар асырасілтеуден тайынбайды және әрекеттерін одан әрі жалғастырып, ауқымын ұлғайтады. Мұндайға қарсылық болмай қоймайды. Қақтығыстар осыдан туады. Саяси қудалаушылық, заң билігін пайдаланып басып-жаншу саяси өзгерістер жасауды талап ету күресіне ұласады. Бұл қазіргі әлем тарихынан белгілі жайт. Содан тағылым алғанымыз жөн.
Біз қоғам, мемлекет үшін пайдасы мол белсенді азаматымызға – жарияланған мақалалары мен митингілерде сөйлеген сөздерінде жемқорлықты, даңғазалықты, көзбояушылықты әшкерелеген, көрші елдердің империялық астамшылығына, экономикалық экспансиясына үнемі қарсы пікір туғызған, сақтандырған журналист, «Трибуна. Саяси қалам» газетінің басшысына – Жанболат Мамайға жасалып жатқан саяси қудалауды дереу тоқтату қажеттігін қаперіңізге саламыз.
Есімдері аталған, аталмаған басқа да ерлеріміздің қапастан босатылуын талап етеміз!
Жастар – біздің болашағымыз. Сол болашағымызға балтаның жүзі, саясаттың ызғырығы тимесін!

Серікболсын Әбділдин – мемлекет және қоғам қайраткері;
Қабдеш Жұмаділов – Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері;
Софы Сматаев – жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері;
Ғаббас Қабышев – жазушы, қоғам қайраткері;
Мұхтар Шаханов – ақын, Халық жазушысы;
Темірхан Медетбек – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері;
Тоқтар Әубәкіров – Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры,
Мұрат Әуезов – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері:
Иран-Ғайып – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері;
Әміржан Қосанов – саясаткер;
Гүлжан Ерғалиева – журналист;
Рысбек Сәрсенбайұлы – журналист;
Ермұрат Бапи – журналист;
Талғат Айтбайұлы – жазушы, публицист;
Әмірхан Меңдеке – жазушы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар