1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
4 сәуір 2017
Шымкенттегі жер бизнесі немесе президенттің тапсырмасы неге орындалмайды?

Шымкентте әкім ауысқан сайын қаланың бас жоспарын өзгерту әдетке айналған. Жаңа әкімнің бәрі жаңа жобамен келеді. Зардабын халық тартады. Осыдан 3-4 жыл бұрын Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығын салу үшін «Мирас», «Қайтпас» сияқты мөлтекаудандардағы тұрғын үйлерді мәжбүрлі түрде бұздырып, жұртты ұлардай шулатқан қала билігі енді «Тұранға» ауыз салды.
Шымкент қаласындағы 192 орам тұрғындары «Жас Алаштың» редакциясына жолдаған хатында осындай жанайқайларын жазады. «Шымкент қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 7 наурызда шыққан №200 қаулысымен қала аумағындағы 1149 адамның жер телімдері мен жылжымайтын мүліктері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынбақ. Біздің анықтағанымыз, 2012 жылы бекітілген қаланың бас жоспарында 192 орамда жеке тұрғын үйлердің орналасқаны көрсетілген еді. Неге әр әкім ауысқан сайын Шымкенттің бас жоспары өзгере береді? Бір ғана мысалға жүгінсек, 2015 жылы Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылары азамат А.Өсербаевтың кадастрлық нөмірі №193091921385 жер теліміне аз қабатты тұрғын үйлер орналасатынын хабарлаған. Ал 2016 жылдың желтоқсанында дәл осы бөлім «аталған жер теліміне мектеп салынады» деген жауап береді. Сонда қаланың бас жоспарын өзгерте салу оп-оңай дүние болғаны ма?
Енді жерінен айырылғалы жатқандардың көпшілігі жас отбасылар. Араларында жер телімін несиеге алып, үй соғып қойғандар да бар. Ертең мемлекет шығындарымызды толық өтеп бере ала ма? Әкімдіктегілер «егер басқа жер телімін аламын десеңіздер үш жыл күтесіздер» дейді немесе өтемақы ретінде 600 мың теңге ұсынып отыр. Сонда біз үш жыл қайда жүреміз және мардымсыз өтемақымен қай жыртығымызды жамаймыз? Өз елімізде өзіміз қаңғырып баспанасыз жүреміз бе? 1149 жер телімі дегеніңіз аз емес қой. Әр отбасыда орта есеппен төрт адамнан болғанда 5000-ға жуық адам жауапсыз қызметкерлердің кесірінен далада қалайын деп тұр», – дейді арызданушылар.
Ал біз жолыққан Шымкент қаласының бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев «жұрттың жерін жаппай алып жатқан ешкім жоқ» деп, мәселені жұмсартқандай сыңай танытты. Бас сәулетшінің айтуынша, «Тұрандағы» жерлердің бәрі Шымкентке үкіметтің қаулысымен 2004 жылы өткен. Алайда жерді қалаға қабылдап алу 4-5 жыл мерзімге созылған.
Осы қабылдау кезінде жер телімдерінің бір кездері Сайрам ауданындағы ауыл әкімдерінің халыққа таратып жібергені анықталған. Архабаев тіпті жер телімдерін әлдекімдердің саудаға салғанын да жасырған жоқ.
– Олар гектарлап алған жерлерін 8 сотықтан бөліп, қарапайым тұрғындарға сатып, 100-200 есеге дейін пайда көрген. Ал жерді сатып алған тұрғындар жаппай тұрғын үй салып алған. Соның салдарынан жаңа мөлтекаудандарда мектеп, аурухана салатын орын таппай отырмыз. Мектеп салу үшін тұрғындардың жерін, үйін сатып алуымыз керек. Бұған бюджеттен қыруар қаржы кетеді. Кейде осы шығынды азайту үшін әлеуметтік нысандар түсетін жерді әлі үй салынбаған аумақтарға ауыстыруға тура келеді. Осындай амалсыз жылжытудан кейін жоспар-жобаға өзгеріс енеді, – дейді бас сәулетші.
Сонда Шымкенттің бас жоспарын өзгерте салу қиын емес шаруа болғаны ғой?
Н.Архабаев бұл сауалға: «Бас жоспар қатып қалған құжат емес. Мәжбүрлі түрде үйі бұзылып, жері қайтарылып жатқан азаматтарға белгіленген тәртіпке сәйкес өтемақы төленеді», – дегенді алға тартты.
Осыдан екі-үш жыл Шымкент қаласына Сайрам ауданынан 100 мыңнан астам халық тұратын 30-ға жуық елді мекен өтті. Осы жерлерді әлдебір пысықайлардың күні бұрын иеленіп, қалаға өткен соң бөлшектеп сатып жібергені әкімдіктің жиындарында жиі айтылып жүрді. Жеңұшынан жалғасқан бұл сыбайластыққа сайрамдық шенеуніктердің де қатысы бары айтпаса да түсінікті ғой. Уақтысында облыс басшылары кінәлілерді анықтап, істерін прокуратураға өткізу туралы тапсырма да берген. Оның қаншалықты орындалғаны белгісіз. Қайбір жылдары Шымкентке келген сапарында президенттің өзі де жергілікті атқамінерлерге жерді басып алып, игермей отырғандарды анықтауды тапсырған. «Олардың аты-жөндерін халық білуі тиіс» деген. Алайда мемлекет басшысының бұл сөзін құлақтарына қыстырған жан болмай, оның тапсырмасы орындалмады. Алдағы уақытта да орындалатынына күмән бар. Себебі ел аузында Шымкенттегі жер бизнесінің артында Астанадағы лауазымды үлкен шенеуніктердің тұрғаны, «қарға қарғаның көзін шұқымайтыны» айтылады.
Ал мұндай жағдайдан айналып келгенде сорлайтын да, шулайтын да, мәжбүрлі жағдайға түсетін де қара халық қана болып тұр.


Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті