1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
«Әділетсіз сот өтті»

Нұрбек Құшақбаев екі жарым жылға сотталды. Оны Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Айжан Күлбаева Қылмыстық кодекстің 402-бабының 2-бөлігі – «заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату» бойынша айыпты деп таныған. Бұған қоса, Нұрбек Құшақбаев сот шешімімен жәбірленуші тарап – Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 199 мың 717 теңге материалдық шығынды және 755 мың 991 теңге мемлекеттік баж салығын 15 тәулік ішінде тауып беруі керек.
Екі жарым жылға сотталып, миллиондаған теңге шығынды өтеуге кесілген Құшақбаев неден жазды? Маңғыстау облысында мұнай саласында қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) атты компания бар. Компанияда екі кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. 2011 жылы компания жұмысшылары «кәсіподақ ұйымдары құқықтарымызды қорғамайды» деп тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құрып, оған жетекшілікке Әмин Елеусіновті сайлаған. Ал Нұрбек Құшақбаев осы кәсіподақтың еңбек қауіпсіздігі инспекторы болған.
2017 жылы қаңтарда аталған компанияның жүздеген жұмысшысы тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап етіп аштық жариялайды. Жұмысшылардың аштық жариялауын Ақтау соты заңсыз деп таниды. Содан аштық жариялауға қатысқан 63 мұнайшыға азаматтық және әкімшілік сот арқылы әртүрлі деңгейде айыппұл салынып, сот жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеуді міндеттеген. Ал Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев аштық жариялау акциясы кезінде ұсталған. Сөйтіп, Құшақбаевты Астанаға жеткізген. Істі қараған судья Айжан Күлбаеваның шешімі жоғарыда айтылды. Залда отырып сот шешімін естіген қоғамдық белсенділер «Масқара! Масқара!» деп шуылдасты. Құшақбаевтың әйелі күйеуінің қолынан ұстап, солқылдап жылады. Оны ешкім жұбата алмады. Жұбата алмас та еді... Өйткені адвокат Гүлнәр Жуаспаеваның сөзіне қарағанда, бұл істің қылмыстық құрамы жоқ.

Гүлнәр ЖУАСПАЕВА, Нұрбек Құшақбаевтың адвокаты:
– Біріншіден, қылмыс құрамы жоқ. 402-баптың 2-бөлігінде қоғамдық насихат туралы айтылады. Бұл жерде сөз кабинетте болған. Ал кейіннен whatsapp қосымшасы арқылы, басқа адамдар арқылы тараған сөздер Құшақбаевтың айтқан сөздері емес. Біз тыңдаған аудиофайлда ол ешкімге нұсқау бермеген. Файл ақпанның 9-ы күні жазылған, ол кезде ереуіл тоқтап, жұмыстан шығарылатын адамдар шығарылып қойған. Құшақбаев пен кейін болған оқиғалардың себеп-салдар байланысы жоқ. Techno Trading-ке келген зиян туралы шешім де түсініксіз.
Бұл бап бойынша төрт түрлі балама жаза қарастырылған: айыппұл, бостандықты шектеу, түзету жұмыстары, сосын барып бас бостандығынан айыру. Прокурор бірден үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, ондай жазаны қылмысты қайталағандарға береді. Полиция мен прокуратура соттарға ақтау үкімін шығаруға мүмкіндік бермейді.
Құшақбаевтың сотына қатысқан қоғамдық белсенділер сырт киімдеріне ақ жіп көктеп, осы әрекеттері арқылы істің қолдан құрастырылғанын білдіргісі келген. Костюмін ақ жіппен көктеп, сот ісіне қатысқан экс-депутат Серікбай Әлібаев Құшақбаевтың ісін «саяси іс әрі әділетсіз өтті» деп отыр.
– Сот әділетсіз өтті. Дәлелдер жоқ. Бұл соттың саяси сот екені белгілі. Билік елді қорқытып, үркіту үшін кімде-кім аштық жариялап басқадай әрекетке барғысы келсе, оның соңы осындай болады деп әдейі жасап отыр деп ойлаймын.
Билік қазір қалталыларды қолдайды. Қарапайым халықтың оларға керегі жоқ. Сот болсын, прокурор болсын байығандардың соты болып кеткеніне осы іс дәлел. Балалы-шағалы жас азаматқа 25 миллион теңгені өндіруді шешім ету обал-ақ. Аяйсың. Үкімді естігенде әйелі талып қала жаздады. Сондықтан қаралы сот болды. Меніңше, БАҚ-та осындай істердегі судья, мемлекеттік айыптаушылардың тізімі жасалып отыруы тиіс. Өйткені түптің түбінде олардан сұрау болады.
Нұрбек Құшақбаевтың ісі саяси іс болатын болса, «жұмысшылардың еңбек дауынан туындаған іске саяси партиялар неге араласпады» деген сауал туады. Қарадық. Бір-ақ партия үн қатыпты. Қалған партиялар қалғып кеткендей... Сөз болып отырған іске араша түскен жалпыұлттық социал-демократтар партиясы: «Биліктің бұл шешімі Құшақбаевтың және оның әріптестерінің (Маңғыстау мұнайшылары) еңбеккерлердің құқығын қорғау мақсатында, тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы заңды талабына жауабы болды. Бірнеше ай бойы жұмыскерлердің ізіне түсіп аңдуының себебі «арандатушылық пен заңсыз ереуілге шықты» деген айыппен шынайы кәсіподақтар қозғалысы мен азаматтық көзқарасты жою мүмкіндігін пайдаланғанына көзіміз жетіп отыр», – деп мәлімдеп, Н. Құшақбаевты босатуды талап еткен.
Осылайша кезекті бір еңбек дауының соңы қылмыстық іспен аяқталды. Соңғы жылдар бедерінде билік еңбек дауына қатысты, әсіресе ондай мәселе мұнайлы Маңғыстау өлкесінде туындай қалса, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың қарсылығына қарамастан, бірден «жазықтыны» тауып, істі қылып, соттап жіберуді үрдіске айналдырғандай. Бұл – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан қалған биліктің бойындағы үрей іспетті көрінеді. Үрейден арыла алмай келе жатқандықтан, «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» кебін киіп отыр.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар