1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Озбырлық үстемдігі мемлекетті құрдымға кетіреді

Ата заңымызда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», – дейді. Ата заңымыз бізге осындай мүмкіндіктер береді екен. Онда біз не себептен әлеуметтік әділетсіздіктен көз ашпай келеміз? Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап ел басқару жүйесі озбырлыққа жол беріп, конституциялық құқықтарды өрескел бұзумен, сөз бостандығын тежеумен келеді. Соңғы кездері сөз бостандығы бұрын-соңды болмаған қудалауға, қыспаққа түсті. Азаматтарды заңсыз ұстап әкету, тәуелсіз басылымдарды заңсыз жабу, сот пен құқық қорғау орындарының сорақы іс-әрекеттері қазіргі билік үшін қалыпты жағдайға айналды. Қайда қарасақ та, бостандық кеңістігі тарылып жатыр. Адам құқығын, сондай-ақ бейбіт түрдегі жиындар мен митингілерді, шеруді шектейтін, байланыс құралдарын бақылау сияқты жаңа ережелер мен заңдар қабылданып жатыр. Бұған интернет және әлеуметтік желілерге жасалып жатқан қысымды қоссақ, алдағы уақытта қазақ азаматтары оқитын, мұңын шағатын, қорған іздейтін бірде-бір тәуелсіз басылым немесе сайт қалмайтындай. Тәуелсіз ақпарат құралдарының түгелге жуығы жабылып, қазіргі кезде тек «Общественная позиция» мен «Жас Алаштың» ғана қалғаны соның бір айғағы. Құқық қорғау органдары мен арнайы қызметке жаңа өкілеттіктер үсті-үстіне беріліп жатыр. Бұл биліктің полицейлік мемлекетке айналғанын көрсетеді.
Былтырғы жер дауынан бері билік репрессияның жаңа кезеңіне бет бұрды. Жер дауына қатысты Атыраудағы митинг халықтың белсенділігін көтерген еді, билік оны тұншықтырып, жаншуға барын салды.
Жер мен мемлекет тұтастығына алаңдаған Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттау, әділдікті ту еткен «Трибуна» газетін тінту мен ел қамына жалындаған Жанболат Мамайды қамау сөзімізге дәлел. Бұрын 37-ші жылы ел азаматтарына «халық жауы» айдары тағылса, бүгінде «ұлтаралық, әлеуметтік араздықты қоздырушы» дейтін айып шықты. Сөйтіп, елді қорқыту мен үркіту арқылы билеп отырғандай. Өзгеше ойды түрлі тәсілмен басып-жаншу, тәуелсіз газет-журналдарды заңсыз жабу, сайлау нәтижелерін бұрмалау және халықтың бейбіт шеру жасау құқығына тыйым салуы қашаннан бергі әдетіне айналды. Белсендіні «құрбандыққа шалу» арқылы басқаға «сабақ болсын» деп шындықты айтқан азаматтардың соңына түсіп жатқандарын қарапайым халық сезіп отыр. Ұлтшыл азаматтар ел сөзін, жұрт тілегін айтып, халықтың алдына шықса, оның несі айып? Қара басының емес, халық мүддесіне қызмет көрсетуінің несі жаман? Ниеті ақ, халыққа тілекші, ашық пікірдегі азаматтарды жау санаудың қажеті қанша? Жағымпазданбағаны, билікті өтірік мақтамағаны, ойындағыны ашып айтқаны үшін бәрін жазалай берсек ертең елге кім тірек болады?
Қазақстанның әр тұрғыны өзін егемен елдің еркін азаматы ретінде сезіне алмаса, қоғам пікірі ескерілмейтін болса, онда біз қандай тәуелсіздікке қол жеткіздік? Елді дамыту мен өркендету жолында билік азаматтардың отаншылдығы мен ерік-жігеріне арқа сүйеудің орнына, керісінше, авторитарлық тәсілдерге бой алдырғаны қалай?
«Халық бәрін білмесін» деген қитұрқы саясат ұстанып, азаматтардың бостандығы, еркіндігі, құқығын ескермей, оларды қудалау жалғаса беретін болса, оның соңы жақсылықпен аяқталмайды. Озбырлық үстемдігі мемлекетті құрдымға кетіреді. Ондай болмас үшін халықтың билікке қояр талабы: «Ашық та әділ сайлау өткізу, сөз бостандығын іс жүзінде қолдану, азаматтардың бейбіт шеру, жиын өткізу еркіндігін мойындау, саяси қудалауды тоқтату!» Қазіргі авторитарлық, қуғын-сүргінге сүйенген идеологиясын шынайы демократияшыл, әлеуметшіл, саяси реформамен алмастыру. Ұлттың еркіндігі, сөз бостандығы үкімет пен парламенттегі шенеуніктер санымен, жаңа салынған зәулім ғимараттармен өлшенбейді. Тәуелсіздік қадірі мен еркіндік Қазақстан халқының бақытымен өлшенеді.

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ арнайы «Жас Алаш» үшін

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар