1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Тұрғындар үрейлі, әкім асығыс, ресми дерек қанттай

8 сәуірде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нүркен ауылының тұрғындары Қопа өзеніне құлап кетіп, қаза тапқан екі азаматты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмдарға топырақ салуға, туыстарына көңіл айтуға алыс-жақыннан келген қалың жамағат қар суынан ауылға кіре алмай, көліктерін жарты жолға тастауға мәжбүр болды. Оларды төтенше жағдайлар басқармасының ауыр жүк көліктері ауыл шетін басып қалған қызыл судан ары-бері өткізіп тасып жүрді.
Қопалықтардың жерлестері, 37 жастағы Дархан мен 44 жастағы Сайран Сәбитовтердің тірі болар деген әлсіз үмітін төтенше жағдай мамандары төрт күннен кейін біржолата үзді.
2 сәуір күні мал іздеуге шығып, қайтар жолда суы көтеріліп, ағысы күшейіп кеткен Қопа өзенінен өте алмай қалған бауырына ауылдан көмекке келіп, бірін-бірі арқанмен тартып алмақ сәтінде аттарының аяғы тайып, суға кеткен ағайындыларды құтқарушылар төрт күн іздеді. Бейсенбі күні, 6 сәуірде кешкі сағат алтылар шамасында оқиға орнынан 1,5 шақырым жерден жедел-құтқару отрядының сүңгуірлері өзен мұзын жарып, 37 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Мұз жарылған кезде марқұмның денесі су бетіне көлкіп шыққан. Ал екінші жігіттің мәйіті жұма күні, 7 сәуірде сағат 10-дар шамасында оқиға орнынан 1,6 шақырым жерден табылған. Суға кеткендерді іздеу жұмыстарына 90 маман мен 8 техника және тікұшақ тартылған.
Екі бірдей азаматынан ойламаған жерден айырылып, қара жамылған әулеттің шері қалай тарқасын...
«Төтенше жағдай қызметі әуелде іздеу жұмыстарына бір техника мен қайық қана берді. Қайық мұз араласқан өзен үстінде жүре алмай, оны өздері сүйретіп жүрді. Таба алмай қиналған соң ғана басқа көлік пен көмектерін жіберді. Ертерек келсе мұндай болмас па еді...» – деп қынжылады.
Ағайынды азаматтарды ақтық сапарға шығарып салған Нүркен ауылының тұрғындары үшін қар суы мен күн райынан өзге әңгіме жоқ. Ауыл іші ми батпақ, аяқ алып жүргісіз. Жүз жиырма түтінді, мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауыл үрей құшағында. Себебі даладағы қар әлі сіресіп жатыр. Толық еріп бітпеген. Енді күн күрт жылынса, еріген қар суы Қопа өзенінің ернеуінен асып, ауылды басып қала ма деп қорқады. Өйтпеске амалдары да жоқ. Себебі бұл ауылға 31 наурызда қар суы жайылып, он шақты үй мен бірнеше қора-қопсыны су басқан. Мұрат Қойшыбаевтың белуардан су басқан үйін көрген төтенше жағдай қызметінің мамандары «бұл жерде тұруға болмайды» деген шешім шығарған. Әкімшілік берген үйді уақытша паналап қалған Мұрат алдағы күндерге алаңдаулы. «Былтыр да үйімді су басқан еді. Ол кезде жауапты мамандар «өзің жөндеп ал» деп 90 мың теңге бергізген. Биылғысы қиын болып, үйім құлағалы тұр. Жөндеуге келмейді. Қайда барарымды, не істерімді білмеймін», – дейді ол.
Қар суы үлкендердің ғана емес, оқушылардың да мазасын қашырған. Мәселен, осы Нүркен ауылының Ақшоқы бөлімшесіндегі 40-қа жуық оқушы апталап мектепке бара алмай жүр. Себебі өзінде мектебі жоқ Ақшоқының (35 үйі, жүз шақты тұрғыны бар) оқушылары 20 шақырымдағы Нүркенге автобус арқылы қатынайды. Бірақ қыста екі арадағы жол апталап күрелмейтіндіктен, автобус жүрмей, ақшоқылық оқушылар үйде қамалып отырады. Қазір де сол. Екі ауыл арасындағы жол батпаққа айналғанда оқушылар апталап сабақтан қалады.
Тұрғындардың мәселесіне, атап айтқанда үйін су басқандардың жағдайы, сабақтан қалған оқушылардың үлгеріміне қатысты түсініктеме сұрау үшін Нүркен ауылының әкімі Абзал Нөгелбековті іздеп көрдік. Бір қызығы, «ауылға тілшілер келді» дегенді естіген әкім көрші ауылдарға тұра қашқандай кейіп жасады. Қанша мәрте хабарлассақ та, ұстатпайтын түр көрсетті. Амал жоқ, ізіне түсіп, жол тостық. Иен далада қарсымыздан шыққан әкімнің жолына көлденең тұрып, көлігін әрең тоқтаттық. Кісі қағатындай құтырынып, қара батпақты күлше шашып әрең тоқтаған көліктен ауыл әкімі түспей қойды. Мұнысы жарты патшадай тәкаппарлығы ма, бәтеңкесінің табанын батпаққа тигізгісі келмеген амалы ма, жоқ әлде болуы мүмкін «перегарынан» қысылғаны ма, ол жағын біз нақты айта алмаймыз. Әйтеуір, көлігінен түспеген, жарты ауыз сөз айтуға жарамаған ауыл әкімі «асығыспын» деп тайып тұрды.
Айтпақшы, осы жолдарды жазып жатқан сәтте ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі «республика аумағында тасқын су басқан тұрғын үйлер жоқ» деген ақпарат таратты. Міне, қызық, мистика! Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нүркен ауылында үйлерін су басқан он шақты отбасы не істерлерін білмей отыр. Ал ресми орындар «тасқын су басқан тұрғын үйлер жоқ» дейді. Су алған үйлердің жоқ болып кетуінің бір сыры ауыл әкімінің асығыс жүрісінде болса керек...

Арайлым ЕРКЕБАЕВА
Қарағанды

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар