1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Жаханов бір жақ, ел бір жақ

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат МӘМИдің, ҚР бас прокуроры Жақып АСАНОВТЫҢ назарына!

Осыдан төрт жыл бұрын, 2013 жылы 29 сәуір күні үкіметтің 421-қаулысы шықты. Ондағы субсидия бөлу қағидасы біз секілді шаруаларды ынталандырып, құдық қазып, субсидия алуға талпындық. Нәтижесінде төрт құдық қаздырып, субсидия алуға өтінімді 2014 жылдың 3 қыркүйегінде облыста бірінші болып тапсырдым. «Қызылордаагромаркетинг» АҚ құжаттарымды тексеріп, 421-қаулының 17-тармағына сәйкестігін анықтап, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов басқаратын арнайы комиссия қарауына жолдады. Комиссия құжаттарға оң қорытынды беріп, төрт құдық қазуға жұмсалған шығынның 80 пайызын субсидиялауға шешім шығарды. Сол шешімге сәйкес, жоғарыда айтып өткен қаулының 27-тармағы негізінде облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қызылорда агромаркетинг» АҚ бір жақ, менің шаруа қожалығым, «Тұртан Ата» бір жақ келісімшартқа отырдық.
Әрине, құжаттың жөні бір бөлек, істелген жұмыс бір бөлек. Облыстың, ауданның жауапты қызметкерлері қаздырған төрт құдығымды тексеріп, дұрыстығына акт жасалды. Сонымен, төрт құдыққа төленген субсидия көлемі 13 193 600 теңгені құрады. Бұл соманың тиісті бөлігі құдық қаздырған мердігерлерге аударылды. Осындай белсенділігім үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан марапатталдым.
Даудың басы 2015 жылы басталды. Бұған дейін «субсидия алып, мемлекет қолдауына арқа сүйеңіздер» деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы (мұнан әрі – басқарма) ойда жоқта «субсидияны артық төлеппіз, қаржыны мемлекетке қайтарыңыз» деп атой салды. Тіпті субсидиялар мәселесі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сарапшылар тағайындалды, тергеушілер келіп көрді. Десе де, ешқандай артық төленгені анықталмады. Нақтылағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Р.Мұсабековтің 2016 жылдың 19 сәуірінде шығарған қаулысы бар. Онда құдық қазуға кеткен шығын субсидия қаржысымен жабылғандығы көрсетілген. Бірақ тергеушінің қаулысына тірі пенде құлақ асар емес. Тіпті басқарма басшысы Бақыт Жаханов мұнымен тоқтамай, облыстағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз түсірді.
Мақұл, сотқа берсін-ақ, сот отырысы барысында мен субсидия төлеу облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов басқаратын комиссия шешімімен жүзеге асырылғанын айттым. (Оған дейінгі құжат қабылдағандарды былай қойғанда). Сонымен, басқарма жанталасып комиссия шешімінің күшін жойдыртып, қайта сотқа берді.
2017 жылдың 26 қаңтары күні Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Г.Бекмамбетов «Тұртан Ата» шаруа қожалығына төрт құдық қазғандығы үшін берілген субсидияның 11 848 700 теңгесін артық деп танып, мемлекетке қайтаруға шешім шығарды. Бұған қоса, мемлекет пайдасына 355 461 теңге баж алымын төлеуге міндеттелдім.
Қарапайым тілмен айтар болсам, төрт құдық қаздыру үшін 16 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Жоғарыда айтып өткен қаулыда құдықты қазу құнының шегі 4 млн теңгеден аспауы тиістігі көрсетілген. Жасалған жұмыстар шығынының барлық құжаттары қаттаулы тұр. Басқарманың уәжіне салсақ, мен төрт құдық үшін 1 млн 700 мың теңгедей қаржы жұмсаппын. Соған сәйкес, 1 344 800 теңге субсидия алуым керек екен. Логикаға салып көрейікші, бүгінгідей қымбатшылық заманда жайылымдық жерлерден шегенделген құдық қазу үшін қанша қаржы керек? Басқарманың айтып отырған сомасы жалданған көліктің құнын да ақтамайды ғой.
«Күйінгеннен шығады ащы даусым» демекші, мақұл, солардікі жөн болсын. Сонда әу баста «Қазагромаркетинг» АҚ мамандары, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов басқаратын комиссия қайда қараған?! Әлде прокурорларда бар көз оларда жоқ па? Расында, басқарманың ойда жоқта «бастары істеуіне» облыстық прокуратура жүргізген тексеру себеп болып отыр. Прокуратура айтты – бітті, қалған жұрт қырылып қалсынның кері ме бұл? Әлде басқарма басшысы Бақыт Жахановтың тексеруші орган алдында өзіне шаң жуытпай, өзгені кінәлі етуге тырысқан әрекеті ме? Қалай болғанда да, мен бұл жағдайды елбасының саясатына қарсы келу деп бағалаймын. «Жаптым жала, жақтым күйемен» қарапайым халықты жазықты ететіндер қалайша мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындауы мүмкін?!
Жасыратыны жоқ, осы тексерістің әуресімен ары-бері сенделумен уақыт өткізудемін. Шаруашылығыма қарайтын шама қалмады. Шамасы, біздегілер елбасының тапсырмасын, саясатын осылай жүзеге асыратын болса керек. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты білеміз, әрдайым кәсіпкерлерді қолдайды, көмегін аямайды. Өкінішке қарай, қарауындағылардың істеп отырғаны – мынау. Орайы келгенде жеткізе кетейін, қазіргі күні Қызылорда облысында кәсіпкерлікті жаппай дамытудың Жол картасы қабылданып, аймақ басшысының тапсырмасымен ауқымды жұмыстар басталып кетті. Кәсіпкерлерді көбейтудің қамын күйттеген игі істерге қуаныштымыз, тек қынжылтатыны, оған жауаптылар кейде қисықты түзетудің орнына «жығылған үстіне жұдырық» болатынын қайтерсің.
Өкінішке қарай, мұндай күйді кешіп отырған ауданда жалғыз мен емес. Бірнеше кәсіпкер аяқастынан мемлекетке «қарыздар» болып отырған жайымыз бар. Оған себепкер Б.Жаханов мырза «тәуелсіз, бейтарап сарапшылардың қорытындысына жүгінейік» деген уәжге келіспей, ат-тонын ала қашып отыр. Тіпті 2016 жылдың 15 тамызында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің менің хатыма сәйкес жолдаған хатына да назар салғысы келмейді. Әрине, ол хатта субсидияның бөлінуі, есебі дұрыстығы көрсетілген. Сонда қалай, министрліктің, қаржы полициясының, сарапшылардың оң қорытындыларының түк құны болмағаны ма? Жахановтың сөзін сөйлеген судья да «апама жездем сай» екен, айдаладан құдық қазып, құм шайнап, тас түкіріп жүрген кәсіпкерді табанға жығып берді.
Мына нәрсені ерекше айта кетуге тиіспін. Жахановтың сүйеніп отырған негізгі уәжі мынадай: «Үкіметтің №421 қаулысында 4 млн теңге субсидия «ұңғымаға» берілсін деп көрсетілген», – дейді. Бірақ «құдыққа төленбесін» деген сөз жоқ. Керісінше, субсидияның басым бағыттарында «құдық» деп жазылып тұр. Жазықты болып отырғандағы сиқым – осы. Ал істелген жұмыстың есебі түгел. Оған ешқандай кінә қоя алмайды.
Құрметті жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор мырзалар! Осы жанайқайыма құлақ асып, ел аман, жұрт тынышта қарыздар болған бірнеше кәсіпкердің тығырықтан шығуына жәрдем берсеңіздер деймін.
 

Алшынбай ТҰРТАНОВ
Қызылорда қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар