1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Түрмеге хат!

Талғат бауырым!
Түрмеге жеткен хат бостандығы шектеулі жандарға қуат, үміт, күш-қайрат, жігер беретін шығар. О жағын мен нақты білмеймін. Білетінім, редакция қоржынын толтырып тастайтын кейбір хаттар бізді әбден қажытты. «Отыз жылға жуық ел басқарсаңыз да, халық сенімін ақтай алмадыңыз...», «Шыдамның да шегі бар...», «Жұрттың ұсынысын дұрыс түсініп, қантөгіске ұластырмай, өз еркіңізбен биліктен бас тартқаныңыз жөн болады...» дегендей сөйлемдерінен аяқ алып жүргізбейтін хаттар көп келеді. Сол хаттардың басындағы сөйлемге көз түскенде-ақ оларды дереу дайындап, газетке басып жібергің-ақ келіп тұрады. Бірақ хат мәтінінің соңына жеткенде беймәлім автордың «Құрметпен қазақ халқы» деген қолтаңбасы салыңды суға кетіреді. Өзінің емес, жалпы қазақ халқының атынан сөйлегенді ұнататын кісілердің біреуімен жақында біраз жерге барысып қалдық.
– Ақсақал, – деймін үлкендігіне құрметпен қарап, – хатыңызға өз аты-жөніңізді қойсаңыз, үтір-нүктесін өзгертпей басамыз. Әйтпесе мына түрімен оның домалақ арыздан айырмашылығы жоқ. Несіне қорқасыз ақсақал басыңызбен?
– Қалай қорықпаймын? Бала-шағам бар емес пе!? – деді ол кісі еш ойланбастан.
– Ондай қорқатыныңыз бар болса, несіне бізге хат жазып мазамызды аласыз? – деймін. Жауап қатпайды. Қата алмайды...
Талғат бауырым, сені білмеймін, өзім осындай кісілерге біртүрлі аяныш, аяушылықпен қараймын. Көкейіндегі ойын ашық айта алмаса жер басып өмір сүріп не керек? Ынжықтығы мен қорқақтығын бала-шаға қамымен бүркейтін болса, тірі жүріп не қажет?
Айтпақшы, Талғат, осы сен түрмеге не үшін түстің? Сенің де жарың, бала-шағаң бар емес пе еді?
Сол күні Атыраудағы алаңда Макс екеуің топқа түспей, үйде теледидар қарап, диванда тыныш жатсаңдар, сендерді кім сөгер еді? Айтшы, алаңға шығып нелерің бар еді? Қылмыскер атанып, тар қапасқа қамалу үшін бе? Анаңды уайымға салу үшін бе? Айтпақшы, Талғат бауырым, жер комиссиясы жиынында ығайлар мен сығайлар, шенді-шенеуніктер алдында анаңның сөйлеген сөзі әлі есімде. «Ұлыма күйе жағылмайды. Жаға алмайсыңдар!» – деді ғой. Осы сөзден кейін-ақ кең залдағы дөңгелек үстелге жағалай жайғасқандардың бастары салбырап қалды емес пе?! «Іштеріңнен ұлымның кінәсіз екенін біліп отырсыңдар. Бірақ оны қорғауға дәттерің бармайды. Себебі өз балаларың үйлеріңде отыр. Кімнің патриот, кімнің патриот емесіне бағаны сендер бермейсіңдер. Президенттің өзі «24 сәуірдегі митингіге жерді қорғаудан қорықпайтын нағыз патриоттар шықты» деп бағалады», – деді ғой анаңыз.
Талғат бауырым, анадан осындай баға есту түсіне білгенге нағыз бақыт емес пе?! Біз халық болып өзіңді, досың Максты қорғай алмадық. Кешір!
Хабарың жоқ та шығар, сен қамалған сәттен бері елде көп нәрсе өзгерді. Билік өзің бастап шыққан наразы жұрттың айтқанына жартылай көніп, жер заңдарын қайтадан қарады. Жайылымдық жерлердің мәселесі оңды шешіліп жатқандай. Кейбір қалаларда жеке тұлғаларға үй салу үшін 10 сотық жер телімдерін жаппай бере бастады. Арнайы бағдарлама да қабылдады. Шекаралық аймақтарда ауылшаруашылық жері шетелдіктерге берілмейтін болды. Осыған дейін жер иеленіп алған латифундистердің есімдері ғана белгісіз болып қалды, әйтпесе енді жер алмақтарға көлемнен шектеу қойылды. Бастысы – жер шетелдіктерге оңды-солды таратылмайды. Айтпақшы, таяуда өткен конституциялық реформада 26-бап арқылы шетелдік меншікті «әркім» сөзімен бекітіп қоймақ еді, ол ниеттері жүзеге аспай қалды. Бұл жетістік өзіңнің және досың Макстың жеңісі деп білем. Мүмкін, билік айтқандай, «сыра патшасы» Төлешовпен бір байланыстарың бар шығар. Кім біледі? Бірақ өздеріңе таққан айып көпшілікке сенімсіз, дәлелсіз көрінді. Бір білетінім, өздерің батырға айналған 24 сәуірден кейін қазақ деген ұлттың бар екені биліктің есіне түскендей. Соңғы екі жылда өтірік-шыны аралас болсын, ұлтқа ұнайтын бастамалар бой көтере бастады. Тфу-тфу, тілім тасқа. Тіпті елдің басты телеарналары да «ұлтым», «алашым», «қалың жұртым» деп сөйлейтін болған. Рас айтам. Алда-жалда көпшіліктің ниеті қабыл болып ертерек бостандыққа шықсаң, оны өз көзіңмен көрер едің. Осы жазғандарыма сенбеуің де мүмкін. Бірақ мен үшін бір нәрсе анық: егер 2015 жылы Макс екеуің Исатай мен Махамбеттің елесіндей болып алаңға жұртты бастап шықпағанда бүгінде жер қорғалып, ұлттың ұпайы түгенделіп, бір аптадан бері талқылап тоқтай алмай жатқан «рухани жаңғыруға» да жетпес едік. Яғни алаңға шыққан еңбектерің зая кеткен жоқ. Сендердің арқаларыңда жер қорғалды. Сендердің арқаларыңда ұлт ұпайы түгенделіп жатыр. Сендердің арқаларыңда біраз азаматтар ұлт жанашыры атанып, телеэкрандарда жұлдыздай жарқырап тұр. Әрине, олар бастарына қонған бұл бақытқа өздеріңнің себепкер екенін айта алмайды. Бірақ бұл кінәраттарын көңілге алып қайтесің!? «Жұлдыздар» өздігінен жарық шаша алмайтынын, өзгенің жарығына ғана шағылысып жанатынын білесің ғой! Біздегі жағдай осы. Айтпақшы, Талғат бауырым, туған күніңмен! Келесі 34 жасыңды отбасыңның ортасында ғана қарсы алуыңа шын тілекшімін! Максқа бізден сәлем! Бостандыққа шығуларыңа тілеулеспіз!

ЖОҒАРҒЫ СОТ ШАҒЫМ ҚАРАУДАН БАС ТАРТТЫ
Қазақстан Жоғарғы соты Петропавл қаласында сот жазасын өтеп жатқан атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның шағымдарын қараудан бас тартты. Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша алқасының судьясы Дәулен Нұралин «шағымды кассациялық инстанция сот отырысының қарауына беруге негіз жоқ» деген ұйғарым жасаған. Қорғаушы тарап алғашқы және апелляциялық инстанциялардағы сот үкімін жою, Боқаев пен Аянды қылмыстық айыптар бойынша қудалауды доғаруды талап еткен. Судьяның пікірінше, куәгерлердің жауаптары, сараптамалар қорытындылары және «өзге объективті дәлелдер» негізінде іске қатысты соттың берген тиісті құқықтық бағасы сотталғандардың айыпты екенін көрсетеді. Қаулыға қарағанда, белсенділердің адвокаты мен қорғаушысының өтініштерін судья «жеке-дара» қараған. Сот істері базасында бұл іс бойынша құжаттарды қоғамнан жабық ұстап отыр.


Құрметпен Руслан ЕРБОТА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар