1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
«Бандыны» қуған Мәсімов...

Қазір банды деген де заманға сай бейімделіп алыпты. Бұрын банды десе БМВ мінген, көзге қара көзілдірік таққан, ұрда-жық мінезді алпамсадай жігіттер елестеуші еді. Қазір бұлар да дүние жинап, байлыққа қол жеткізу жолындағы баяғы әдіс-тәсілдерін өзгертіп, елден ерекшеленбей-ақ табысы мол жерлерге тұмсығын сұғып, бар-жоғы білінбей қарапайым өмір сүруге көшіпті. Тіпті қолға алған кәсіптерінің болашағын баянды ету мақсатында құқық қорғау органдарының басшыларымен байланысып, олардың кейбірін өз қатарына қосып алыпты. Кейбірінің кәсіпкерлік саласында бағы жанған...

Иә, ұлттық қауіпсіздігімізді Кәрім Мәсімов қолға алғалы бері өмірі де, тірлігі де әлдеқашан бір қалыпқа түскен қылмыстық топтардан маза қашты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген соңғы арнайы операциялардан кейін елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтар тамырын тереңге тартып, сегізаяқ сияқты бәрін шырмап алғаны анық байқалды. Және тағы бір айтары, бұл қылмыстық топтар кеше ғана анықталып, бүгін ғана топ етіп қолға түскен жоқ. ҰҚК көптеген жылдар бойы бұлардың басқан қадамын аңдып, мәліметтер жинап, тыныс-тіршілігін бақылап отырғанын ашық айтты. Яғни бұл комитетте ескірген, мерзімі өткен істер болмайды деген сөз. Барлық заңсыз әрекеттерді қаттап жинап, құпия сақтап, керек кезінде суырып алып пайдалана береді.
Осы аптадағы арнайы операция кезінде белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қолына кісен салынып, күдікке алынғаны осы ойымызды дәлелдей түскендей.
М.Тоқмәди – ірі кәсіпкер, «ҚазСтройСтекло» зауытының бас директоры. Елімізде ірі шыны зауытын салуға талпынып, шетелден инвестор тартып, кейіннен бұл тірлігі сол кездегі ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың тарапынан қолдау таппай соңы үлкен дауға ұласқан. Кейіннен Қ.Бишімбаев «Қызылордада салынып жатқан шыны зауытының қаржысын жымқырды» деген айыппен тергеу изоляторында отырғаны белгілі. Айтқандай, Мұратхан Шәкірханұлының есімі банкир Ерлан Тәтішевтің жұмбақ өліміне байланысты қаралған істе де аталады. Ол Е.Тәтішев қазаға ұшырағанда қасында болған екен. Бірақ сот Мұратханды бұл істен ақтап алған болатын.
М.Тоқмәди «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалімен, ал «ҚазСтройСтекло» зауыты «Ең үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған. Кейбір басылымдар мен телеарналар сипаттағандай, өмірбаяны о баста қылмыстық топпен байланысып кеткен кәсіпкердің президент сыйлығын алуына кезінде ҰҚК қалай жол беріп, ай қарап отырғаны түсініксіз.
«ҚазСтройСтекло» – «Мега», «Мега–2», AFD Plaza, Dostyk Plaza, Республика сарайы, қуыршақ театры, «Алматы Арена», «Кегок», ұлттық музей, Астанадағы мюзик холл, Тараздағы спорт сарайы секілді еліміздегі ірі ғимараттарды әйнекпен жабдықтаған өте ірі кәсіпорын.
Негізі, елге Мұратхан Тоқмәдидің ұсталғанынан бұрын, зауытта тінту жұмыстарының жүріп жатқаны туралы ақпарат жетті. Содан әлеуметтік желілерде «зауыт директоры қашып ұстатпай кеткен сияқты, қалада қуғын басталыпты, соңына түсіпті» деген сияқты жорамалдар айтыла бастап еді. Бірақ Мұратханның қызының инстаграмдағы парақшасынан кәсіпкерді таңғы сағат 07:30-да өз үйінен арнайы жасақ басып-кіріп ұстағаны туралы ақпаратты оқыдық.
М.Тоқмәди сондай-ақ белгілі спортшы, кешегі күнге дейін еліміздегі триатлон федерациясының президенті болған. Былтырғы жылдың желтоқсан айынан бері бұл қызметті Кәрім Мәсімов атқарады. Бұл екеуі де желаяқ. Жүгіруден алдарына жан салмайды. Үкімет жетекшісі кезінде Мәсімов Астанада өткен марафонда 21,1 шақырымды бағындырған еді. Ал Мұратхан триатлоннан Орталық Азия мен Қазақстан бойынша рекорд жаңартып, Солтүстік Америкада өткен триатлонға (3.8 шақырымға жүзу, 180 шақырымды велосипедпен өту, 42 шақырым марафонды жүгіріп өту) қатысып, әлемдегі ең үздік Ironman (темір адам) қатарына қосылған болатын.
Міне, алдына түсіп құстай ұшып, дельфиндей жүзіп, желдей ескен желаяқ Мұратханды Мәсімов осы аптада ақыры қуып жетті.
Рас болса, осы желаяқ жігіт «Депутаттық корпус» атты қылмыстық топтың лидері деп танылып, қылмыстық тергеулерде есімі аталып келгенімен, ол жазасыз құтылып кетіп отырған көрінеді.
Бір қызығы, кәсіпкердің үйі мен жұмыс орны ҰҚК «басып кірді» дегенмен, олар 2-3 күннен бері ресми мәлімет бермей отыр. Ал осы сәтте ҰҚК-нің немесе құзырлы орындардың сандығында сан жылдан бері сақталып жатқан дәйектер кейбір басылым мен телеарналардың қолынан табылып, шартарапқа «шашудай» шашылды. Сол дәйектердің мәтініне қарасақ, 1999 жылы «Ялян» сауда орталығының президенті, яғни Қытай азаматы Мұратхан есімді азаматтан қорлық көріп жүргенін айтып, полицейлердің көмегіне жүгінген. Өз шағымында бизнесмен Сян Дун Мұратханның одан және «Ялян» директоры Сәйкен Сәбиғазыұлынан 100 мың доллар бопсалағанын жазады. Ақшаны беруден бас тартқан Сәйкен аяусыз соққыға жығылыпты. Қорқып қалған бизнесмендер рэкетирлерге ақша беруге келіскенімен, кейін полицейлерге шағымды бората бастайды. Нәтижесінде халықаралық жанжал туындап, Қытай елшілігі бұл жайтқа қатысты Қазақстанға хат жолдаған.
Тергеу барысында кәсіпкерлерге қоқан-лоқы көрсеткен азамат Тоқмәдиев Мұратхан екендігі анықталыпты. Ол сонымен қатар қолына қару алып, «Рахат» базарының аймағын өз бақылауына алу үшін «Төрт ағайынды» қылмыстық тобымен күрескен екен. Мұратханның үстінен қозғалған қылмыстық іс сол күйі тоқтап қалыпты. Полиция хаттамасынан делінген құжатқа сәйкес, үш жыл бұрын Тоқмәдиев Алматыдағы «Шелковый путь» мейрамханасы алдында келушілерге оқ жаудырып, құқық қорғаушы Аван Хайдаров пен сол маңда болған 19 жастағы Айбек Мағауовты жарақаттайды.
Алайда сол кезде де қылмыстық әлемде Мурка есімімен танымал болған Мұратхан жазасыз қалған.
Міне, КТК телеарнасы арқылы тараған мәліметтер осылай дейді. Айтпақшы, Қытай азаматының жазған арызында «Рахат-Инвест» компаниясының басшысы «М.Д.Ермегияев» дегеннің де есімі аталады. Ермегияевтер елімізге белгілі есім. М.Тоқмәдидің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін оның жағдайы қалай болды, ол да ұсталды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Ал «ҚазСтройСтекло» зауыты қауіпсіздік бөлімінің бастығы Серік Бөрібаев бұл кәсіпорынға бұрыннан бері талай кәсіпкердің қызығып жүргенін айтып қалды. «Зауытқа қызығады ғой. Жұмыс істеп жатыр, ақша әкеліп жатыр. Біреуге ұнады. Алғысы келді. Алады. Бізде сол ғой Қазақстанда, кез келген дүниені тартып алады» дейді ол.
Кім біледі... Әйтеуір, соңғы кездері ҰҚК қылмыстық топтарды құрықтауға құлшына кірісіп жатыр. Бұл қарқынмен қолға кісен салу ісі тек шыны зауытының директорымен ғана аяқталмайтын сияқты. Бұған дейін Алматының Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының бұрынғы басшысы, полиция полковнигі Б.Қасабеков, Қызылордадағы қылмыстық мұнай бизнесіне дем берушілердің қатарында аты аталған осы өңірдегі көлік прокуроры Н.Серікбаевқа қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің ұсталуы ҰҚК-нің жалын күдірейте түскені рас.
Қалай айтса да, дала мен қаладағы осынау қуғынның, ҰҚК-нің осыдан 20 жылдай бұрынғы арызды қайта көтеріп, сол бойынша қылмыстық іс қозғауында бір құпия жатқандай... Әліптің артын бағып, бұл істі соңғы уақытқа дейін сары майдай сақтап, енді шаң басқан тартпадан суырып алуында қандай сыр бар? Бұрын неге мән бермеген? Шынында, ҰҚК Мәсімов келгелі бері естерін жинай бастады ма, жоқ әлде бұл үлкен саяси науқанның алдындағы кезекті «тазалау» жұмыстары ма?

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар