1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Әкесін ақтаймын деп баласы істі болғаны ма?

Әкесінің кінәлі емес екенін дәлелдеуге кіріскен баласының басы бәлеге қалды. Әңгіме Ақмола облысы Целиноград ауданында прокуратура қызметкері мен тергеушіні атып жаралап, соңынан өз-өзіне қол салған Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан жайында. Асылжан ресми өкіл ретінде әкесінің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот отырысына қатыса бастаған болатын. Ол әкесінің өліміне байланысты оған қарсы істі тоқтату әкесін ақтамайтынын айтқан еді. Оның пікірінше, әкесі кінәсіз болғандықтан өз-өзін атып өлтірген.

Осы соттың алғашқы отырысы өткеннен кейін-ақ Асылжан Жампозовтың өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған «құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерді» деп айып тағылған. Алайда Асылжанның өзін тергеуге әзірге шақырмапты.
«Әкемді жерлегеннен кейін келесі күні мені қорқыту, үркіту басталды. Бір таныс арқылы маған шығып, ақша ұсынды. Келісімге келмесек, қатаң жаза қолданамыз, іс қозғаймыз, жазаға тартамыз деді. Істің қозғалуы осы жайтпен байланысты деп ойлаймын», – дейді Асылжан ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Шынында, Асылжан Жампозовтың үстінен қылмыстық істің енді қозғалып жатқаны әртүрлі ойға жетелейтіні анық.
Біз Асылжан Жампозовтың (суретте) өзімен сөйлеспек болған едік, бірақ ол сот отырысында болғандықтан, байланысу мүмкін болмады. Сосын марқұм Ө. Жампозовтың тағы бір ұлы – Шыңғыспен сөйлесудің сәті түсті. Шыңғыс Өмірбекұлы Тараз қаласында тұрады.
– Әңгіменің бәрін енді біліп жатырмыз ғой, – дейді Шыңғыс Жампозов. – Әкеміздің жаназасын шығарып, жерлеп келгеннен кейін үйде адам қарасы көп болды. Өзіміз қайғы жұтып отырып көп нәрсеге мән бермеген екенбіз. Абыр-сабыр адамдардың ішінде ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің жүргенін де енді елден естіп жатырмыз. Бәлкім, у-шу шығып кете ме деп қауіптенген де болар. Сол кезде прокуратура мен қаржы полициясының қызметкерлері інім Асылжанға кеп жолыққан екен. «Сотты ары қарай жалғастырмай-ақ қояйық. Осымен істі жауып тастайық. Егер сот ары қарай жалғасатын болса, біз де саған шара қолданамыз. Арыз жазба» деп, бір жағы қорқытып, бір жағы сыр тартып, қомақты ақша да ұсынған көрінеді. Мен де, анам да бұл жағдайды енді естіп, аң-таң болып отырмыз.
– Асылжан не істеген?
– Інім, әрине, көнбеген. Астанаға бара салып ресми өкілі ретінде сотқа қатысты. Әкеміздің ақ екенін дәлелдеуге белсене кірісті. Бірақ күн сайын Асылжанмен телефон арқылы сөйлесіп отырмын. Оны ешқандай тергеуге шақырмаған.
– Негізі, шынында, құқық қорғау қызметкерлеріне қолы тиген бе?
– Асылжан әкеміз туралы жағдайды ести салып, оқиға орнына тез арада жеткен. Барса, мәйіт жатқан жерді қоршап қойған екен. Көз алдында әкесі қан-қан болып жатқанда баласының қандай жағдайда болатыны белгілі емес пе? Жылап тұрып не істеп, не қойғанын сезбейтін күйде болған ғой. Бәлкім, әкемнің денесіне жетіп, құшақтағысы келген шығар. Мүмкін, әлі де тірі деп ойлады ма?! Бірақ сол жердегі құқық қорғау қызметкерлері оны жібермейді. Бұл қоршаудан өтемін деп барынша жанталасқан. Сол кезде, мүмкін, бір-екеуіне қолы тиген де болар. Әдейі тимегені анық... Онда да ет қызуымен, бәлкім, жұлқып, қызметкердің кеудесінен итеріп жіберген болар. Одан артық әрекетке бармаған...
– Қазір анаңыз қайда?
– Анам осы Таразда болатын. Асылжанның үстінен қылмыстық іс қозғалды дегелі бері уайымдап жылап, «енді баламнан айырылып қалмасам болғаны...» деп аяқастынан Астанаға ұшып кетті. Ұшаққа билет таппай, әрең дегенде ілікті.
– Жалпы, әкеңіздің қылмыстық ісі туралы не айтар едіңіз?
– Не айтуға болады? Әкемнің күйіп, қиналып жүргенін іштей сезіп жүрдік. Жалпы, әкем балаларына көп сыр аша бермейтін. Бірақ барлық дәлелдерін қағазға түсіріп, бейнежазбаға жазып кеткен ғой. Соны көрген адам бәрін түсінеді...
Әрине, бұл істің соңғы нүктесін сот қоятыны анық. Рас, соңғы сот отырыстарының бірінде Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының шешімімен Преображенское су торабының жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқыру айыбы бойынша іс қайта тергеуге жіберілді. Сондай-ақ Жампозовтың өлімінен кейін Қазақстан бас прокуратурасы «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша іс қозғаған. Дегенмен бұл іс шиеленісіп, тіптен қоюланып келе жатқан сияқты. Әрине, заң бәріне ортақ. Десе де, марқұм әкесін ақтаймын деп жанталасқан баласының үстінен қылмыстық іс қозғап жіберу қоғамды да екіұдай күйде қалдырғаны анық.
Әлде, шынында, қаржы полициясы мен прокуратураның осы іске қатысты қызметкерлері өз абыройларын қорғап қалу жолында бір нәрседен қауіптене ме?

Әңгімелескен О.ДӘУІТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қазақ | 12 тамыз 2017 00:48
Мынау деген масқара ғой, бейбітшілік заманда адамды өлімге дейін апару
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар