1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
«Атып тастайтындай баламыз барымташы емес еді...»

Тамыздың 12-сі күні қазақ-қырғыз шекарасының Жамбыл облысы Жасөркен ауылына жақын тұсындағы шекараны заңсыз кесіп өтпек болып, сарбаз атқан оқтан қаза тапқан Еркін Әміртаевтың денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның ата-анасы, ет жақындары ұлының қазасына шекарашыларды айыптап, жазалануын сұрайды.
– Қайғылы оқиғаның нақты қалай өрбігені бір Аллаға ғана аян. Қарулы сарбазға қарсы шабуылдады дегендері ақылға қонбайды. «Бір мылтықтың аузына жүз адам сыяды» деген сөз бар. Шекарашы сарбаз немеремді қақ маңдайдан атып мерт қылмай, аяғынан болмаса басқа дене мүшесінен атып жарақаттап ұстаса, кінәсі болса мойындатып соттау керек емес пе? «Жиырма адам бірге барыпты» дегенді келген көңіл айтушылардан естідік. Ең болмаса солардың бір-екеуін ұстап алмағаны қалай сонда? Артында келін қалды шырылдап, екі қызы қалды шырқырап, – дейді марқұмның атасы Суанбек қария.
– Кешкі тамағымызды ішкеннен кейін, қыздарын аулада ойнатып жүрген. Отбасына қамқор, қақ-соқпен жұмысы жоқ еді. Сол күні қай сайтан түрткенін кім біледі, біреулерге ілесіп шекараға барыпты ғой. Аяғында сүйретпе, үстінде футболка. Киіміне қарап-ақ бұзақылық жасауға барған адамға ұқсатпайсың. Өзі намаз оқитын. Түс көргендей дел-сал күйде отырмыз, – деген марқұмның анасы Райкүл біз кеткенше көз жасын тыя алмады.
Қарындасы Зубирә ағасының қарулы сарбаздарға шабуыл жасағанына сенбейді. «Ағам шекараны күзетіп тұрған сарбазды таспен ұрды дегендері ойдан құрастырылған нәрсе. Ағамды атып тастағаннан кейін жазадан құтылу үшін әдейі бірін-бірі таспен бастарынан ұрып жарақаттаған ғой. Жиырма адам болды дейді. Неге солардың ең болмаса екі-үшеуін жарақаттап ұстап алмаған? Жоғарыдағылар бәрін өздерінің ыңғайына қарай жасайды ғой», – дейді.
Жасөркен ауылының тұрғындары 30 жасында шекарашы оғынан қаза тапқан Еркін Әміртаевтың оғаш қылықтарын көрмегендерін айтады. Мектепті ың-шыңсыз бітірген, әскерде абыроймен борышын өтеген, жоғары білім алған, ауылға оралып отбасын құрған қарапайым ауыл баласы. Ауыл тұрғындары Әміртаевтар әулетін бақуатты тұратын, өсіп-өнген отбасы деп сипаттайды. Айтуларынша, бір әулетке қарасты «Әміртай» шаруа қожалығында жүзден аса жылқы мен ірі қара, мыңға жуық қой бар. Ал марқұм Еркін әкесі Дәулеткерімнің иелігінде де мыңға жуық қой мен азын-аулақ жылқысына қарап, өз шаруасымен жүрген жігіт екен. Бізге сұхбат берген ауыл адамдары бас әскери прокуратураның «жасөркендік жастар Қырғызстаннан жылқы айдап өтпек болған» дегеніне сенбей отыр.
Дегенмен Жасөркеннің іргесіндегі осы шекарадан бес жыл бұрын да шу шыққан еді. Ол кезде Қырғызстаннан тауық етін заңсыз алып өтпек болған ауыл тұрғыны шекарашылар қолынан қаза тапқан-ды. Жасөркен ауылының әкімі Зайнілдә Сматов шекара бойындағы шиеленістің ушығуын «жастардың жұмыссыздығынан» дейді.
– «Жасөркен» шекара бекеті 2008 жылы қойылды. Жалпы ұзындығы 24 шақырым шекараның таулы аймағында үш шақырымы қоршалмай қалған. Осы өткел барымташылардың көзқұртына айналған. Ауылда жұмыссыз жастар бар. Араларында қырғыздармен келісіп, ары-бері жылқы өткізуді кәсіпке айналдырғандары да бар. Бұл солардың әрекеті, – дейді ауыл әкімі.
«Тамыздың 12-сі күні шекараны бұзып өтпек болды» деген жиырма шақты адамның бірде-біреуін полиция төрт күннен бері (газет беті қатталғанға дейінгі жағдай) ұстай алмады. Дегенмен шекара бойындағы қақтығыс пен қазаға қатысты шекарашылар мен күдіктілер үстінен қылмыстық істер қозғалды.

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Айжан | 18 тамыз 2017 14:49
Окиништи-ак Алла о дуниесин берсин
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар