1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
Жанболаттың жазығы не?

Журналист Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған істі қарау сотта жалғасып жатыр. Өткен аптада болған сот отырысында негізгі екі куәгерден жауап алынды. Олар: БТА банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов пен оның қарындасы Шәмшия. Бұл екі адам журналист ісіндегі маңызды куәгерлер. Маңызды болатыны – осы екі куәгердің түсініктеріне сүйеніп айып тағылған. Сонымен, қос куәгер сотта не деді дегенге келейік. Жақсылық Жарымбетов 2011 жылдан бастап Мұхтар Әблязовтің тікелей нұсқауымен Жанболат Мамайға қарындасы Шәмшия Жарымбетова мен оның күйеуі Аханов арқылы ақша беріп отырғанын мәлімдеді. Ал Шәмшия жалпы сомасы 110 мыңға жуық долларды бірнеше мәрте жұбайы арқылы Мамайға бергенін айтты. Жанболат болса: «Жарымбетовті жақсы танимын. Ол газетке қолдау көрсеткен. Мен мұны ақшаның ізін жасыру деп санамаймын», – деді. Жұма күнгі сот отырысындағы негізгі түйін – осы.

ЖАРЫМБЕТОВ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ БАСПАСӨЗ
Жақсылық Жарымбетов БТА банкінде істеп жүрген кезінде 24 мың доллар жалақы және бонустар алып отырған екен. Бұл – оның өз сөзі. Сөйтіп, Қазақстаннан кетер кезде банк жәшігіне ақша қалдырған. Міне, сол ақшадан Шәмшия Жарымбетова ағасының айтуымен 2011-2015 жылдар аралығында 120 мың доллар көлеміндегі қаражатты Ж.Мамайға бірнеше рет берген көрінеді. Бірақ бұл ақшаның бәрі Әблязовтің тапсырмасымен берілмегенге ұқсайды. Олай дейтініміз, Жарымбетов «2012 жылдан бастап Әблязовпен байланысымды үзгенмін» дейді. Ол Жанболатқа кейінгі үш жыл, яғни 2015 жылға дейін өз еркімен қаржылай көмектесіп тұрыпты. Оның себебін «елде тәуелсіз баспасөз керек деп ойладым» деп түсіндіреді. Тәуелсіз баспасөздің қажеттігін түсініп, сол үшін жеке қаражатын шығындаған Жарымбетов енді келіп тәуелсіз басылым редакторының үстінен қозғалған істе куәгер болып отыр. Жарымбетов пен Әблязов кетіскен 2012 жылы Жанболат Мамай «Трибуна. Саяси қалам» газетін шығара бастады. Сонда 2012 жылға дейін Әблязовтің нұсқауымен Жанболаттың Жарымбетовтен ақша алып тұрғаны қисынға келмей қалады.

ӘБЛЯЗОВТІҢ АҚШАСЫ
Жанболат Мамайды қорғау ко­митетінің мүшесі, журналист Гүлжан Ерғалиева жұма күнгі сот отырысына орай өз пікірін жария етті. Онда ол: «Егер Әблязовтің ақшасын пайдаланған адамдардың бәрін соттау керек болса, онда «Алға» партиясының жетекшілері, жергілікті басшылар, Әблязовке телінген БАҚ-тар, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары, тіпті Әблязовтің қайырымдылық үшін жұмсаған қаражаттарына дейін тауып, бәріне іс қозғау керек қой», – дейді. Гүлжан Ерғалиеваның ойынша, Жанболат Мамай ісінің Әблязовпен байланыстырылуы жай ғана сылтау. Билік Әблязовтің саяси көзқарасымен үндес болуы себепті әрі билікті өткір сынға алып жүргендіктен де Жанболатты істі қылып отыр деп есептейді Ерғалиева.

ЖАРЫМБЕТОВТІҢ ЖӘШІГІ
Ал кеше өткен сот отырысында тағы бір куәгер сөйледі. Ол – Шәмшия Жарымбетованың бұрынғы күйеуі Ғалымжан Аханов. Ол Шәмшия берген конверттерді түрлі адамдарға жеткізіп беріп отырған екен. Бірақ ол ақша жеткізген адамдардың ішінен Жанболат Мамайдан басқа ешқайсысын танымайтындығын айтқан. Ал Жанболатты әлеуметтік желі – Facebook-тегі белгілі тұлға болған соң танығанын тілге тиек етіпті. Куәгер Жанболатпен 2014 жылдың көктемінде кезіккенін айтыпты. «Ақшаны 20-40 мың доллармен бірнеше бөлікке бөліп, төрт-бес рет апардым. Соңғы рет 20 мың доллар алған адамның Жанболат Мамай екенін баспасөздегі суреттерінен таныдым», – дейді Ғалымжан Аханов.
2009 жылы Әблязовпен бірге шетел асқан Жарымбетов банк жәшігінде 150 мың доллар тастап кеткен. Осы қаражатты Шәмшия Жарымбетова ағасының нұсқауымен жұмсап отырған.
Жанболат Мамайға «кезiнде БТА банктен Мұхтар Әблязов ұрлаған ақшаның бiр бөлiгiн газетi арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген айып тағылып отыр. Жанболаттың өзі бұл айыпты мойындамайды. Мойындамайтын себебі – «Трибуна. Саяси қалам» газетінің шығарушысы есепті ол өзі алған қаражатты газетке көрсетілген демеушілік деп қабылдап, ақшаны басылымның шығындарына жұмсап отырған. Жалпы, Жанболат Мамайдың Жарымбетовтен қаражат алуы Әблязовке қатысты қылмыстық іс қозғалмай тұрып болған. Ол кезде қазір сөз болып жатқан қаражаттар ұрланған деп есептелмеген еді. Сол себепті де Жанболат Мамай ісінде бұлыңғыр жайттар көп. Жанболат болса өзінің ақтығына сенімді болғандықтан, «әділдіктен үмітім бар» деп отыр. Сот ісі ертең де жалғасады. Ол отырыста Жанболат Мамай сөйлемек.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Тараз | 22 тамыз 2017 21:25
Байғұс Жанболат ай, Aлла сабырлық берсін, сабырлы бол. Аллаһ жазаларын береді. Сенің кінəсіз екеніңді халық біліп отыр... Қазақстан Мазақстан болып кетті.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті