1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
Үмбетәлиев кінәсін мойындап, полицияға өзі келді

Тамыздың 10-ында Таразда түн жарымында сойқан салған Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының бұрынғы бастығы Мұрат Үмбетәлиев прокуратураға кінәсін мойындап келді. Оны өзінің туған қаласы Шудағы шаруашылықтардың бірінде тығылып жатқан жерінен бұрынғы басшысы, бір кездері ОІІД бастығының орынбасары болған полиция полковнигі Нұржан Қалметов іздеп тауып, прокуратураға өз аяғымен келуге үгіттеп, көндіргенге ұқсайды.
Ал ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті таратқан ресми хабарламада «Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің шұғыл әрекет қызметтері Мұрат Үмбетәлиевті ұстады. Қазір ол бұлтартпау шарасын анықтау үшін бас прокуратураның арнайы тобына тапсырылды» деп жазылған.
Үмбетәлиевті бас прокуратураның басшылығымен Шудан Таразға арнайы жедел-іздеу тобы жеткізген. Қазіргі таңда күдікті уақытша оқшаулау орнына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Осы орайда естеріңізге сала кетейік, тамыздың 10-ы күні түн жарымында Таразда полицейлер бірігіп ішімдік ішіп, соңы кикілжіңге ұласып, жанжалдасқан видеожазба әлеуметтік желіде тараған болатын. Аталған видеодан Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Үмбетәлиевтің криминалдық полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғановты жарақаттап, бұрынғы полиция қызметкері Марсель Жетпісбаевтың кеуде тұсына пышақ тығып алғаны анық көрінеді. Осы оқиғадан соң шенділерге қатысты «кісі өлтіруге оқталу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Бектұрғанов қамауға алынған. Ал оқиға орнынан ізін суытқан Үмбетәлиевке іздеу жарияланған болатын.
Бұл ретте криминалдық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Бектұрғановқа қатысты қылмыстық іс әлі қаралмағаны белгілі болды.
«Бектұрғановқа қандай шара қолданатынымызды сол оқиғадағы әрқайсысының рөлін анықтағаннан соң және толық жауап алып болғаннан кейін шешеміз», – дейді Жамбыл облысы прокурорының міндетін атқарушы Айдос Майлыбаев.
Құзырлы орындар бұл оқиғаның жай-жапсары анықталғаннан кейін Үмбетәлиевке қатысты іс басқа бап бойынша қаралуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Арада тоғыз күн өткенде әзер қолға түскен Үмбетәлиевті бұл жолы да «сүттен ақ, судан таза» шығып кетуі мүмкін дейтіндердің қарасы көп. Әсіресе інісінің темір торға тоғытылуына Үмбетәлиевті кінәлі деп білетін, сол үшін анасы бас прокуратураның алдында өзін-өзі өртеп қаза болғанын әлеуметтік желіге шығып айтып, зар еңіреп жылаған Ақмарал Ахметова оның осы жолы да жазадан оңай құтылып кетпеуін сұрайды. Кім біледі, бақандай тоғыз күн бойы «Бамбук» «ай қарап, жұлдыз санап» жатты деймісіз?

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар