1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16253) 24 тамыз, бейсенбі 2017
24 тамыз 2017
Төбеден тонаушы түскенде...

Соңғы кездері елде ұры көбейіп кетті. Құқық қорғау орындарының жұмыстары қожырап, қауіпсіздік қызметі қауқарсыз болып қалды ма, әлде ұрылар неше түрлі голливудтық киноларға тамсанып, біліктіліктерін шыңдап жетіліп алды ма, олар, әйтеуір, ойпырмай дегізіп жұрттың таңдайын қақтырып жатыр. Тамыздың 22-сінде таңғы сағат 09:20-да Kaspi Bank-тің Алматы облысы Талғар қаласындағы бөлімшесіне тонаушылар тура төбеден түсіпті. Банктің бейнетаспасына бастан-аяқ жазылған тонау интернетте ең көп қаралған видеоға айналды. Банк бөлімшесіндегі шағын кассаға төбеден зу етіп түскен екеу аңтарылып қалған екі кассир қыздың қолын лезде байлап, уыстарына түскен ақшаны қоржынға салып, келген іздерімен кері шығып кетеді. Ұрылар кассаны тонап жатқан сәтте терезенің арғы жағынан не істерін білмей, ары-бері жүгіріп жүрген күзетшінің сұлбасы видеода анық байқалады. Дабылды сол күзетші қақса керек.
Осы әрекеттер небәрі төрт минуттың ішінде зу етіп өте шығады. Осы төрт минутта ұрылар 75 мың доллар, 36 млн теңге, 120 мың рубль және 3000 евро ұрлап кетіпті деген ақпарат тарады. Алайда банк өкілдері кейінірек мұны жоққа шығарып, жиынтығы 40 млн теңге ұрланғанын хабарлады. Сондай-ақ тонаушылар туралы қандай да бір ақпарат ұсынған жанға 5 миллион теңге сыйақы беруге әзір екендерін мәлімдеді. Бұл күндері Алматы облыстық ішкі істер департаменті «іс қаралып», «іздестіру жүріп жатыр» деген құрғақ әрі қысқа мәлімдемемен шектелді.

«БАНКТІ ӨЗ АДАМЫ ТОНАЙДЫ»
Ішкі істер министрлігінде 20 жылдай уақыт қызмет етіп зейнетке шыққан, қазір республикаға танымал күзет агенттіктерінің бірінде істейтін Дарханға (өтініші бойынша аты-жөнін толық атамай отырмыз) интернетте тараған видеоны көрсетіп, пікірін сұраған едік.
– Біріншіден, ұрылар төбеден түскен. Яғни банк бөлімшесінде қауіпсіздік, сақтық шаралары мүлдем қарастырылмаған. Ғимарат төбесі оңай ашылатын құрылыс материалдарынан салынған. Банк мұндай жерде отырмауы керек. Күдіктіні осы ғимараттың жағдайын жақсы білетіндердің арасынан іздеу керек. Көшедегі адам банк бөлімшесіндегі осал жер шатыр екенін білсе де, ол банктің ішіндегі жолды таба алмас еді. Демек, тонаушы алыстан келген жоқ.
Дайындығы жақсы, жолды білетіні, ғимарат ішінен хабары бар екені видеода көрініп тұр. Ақша тұратын жерді іздеп әуреге түспейді. Бірден қол салады. Оның үстіне банк бөлімшесіне бір сағат бұрын инкассаторлардың ақша алып келгенін біліп тұр ғой. Тергеу, тексеру істері, әлбетте, банктің қазіргі, бұрынғы қызметкерлерінен басталады. Бұл сөзсіз. Олар соңғы рет кіммен сөйлесті, кіммен араласты, олар не істейді – осының бәрін тексеру, назарға алу керек. Себебі бұған дейін де банктер тоналған. Солардың көбінде ұры өз іштерінен шықты, – дейді ол.
Соңғы жылдары тоналған банктердің санын білмекке ішкі істер министрлігіне хабарласқан едік, олар біздің сұрағымызға нақты жауап айта алмады. Өйткені тонау мен шабуыл жасап, тонау істерінде банктерге қатысты жеке санақ жүрмейді екен. Министрліктің өкілі Жұмагүл Үмбетбайқызының айтуынша, осы жылдың жеті айындағы дерек бойынша, тонау фактісімен 114 596 қылмыс тіркелген, оның 52,9 пайызы анықталған. Ал былтыр тіркелген 129 823 тонаудың 44,4 пайызы ашылған.

ОСЫ КҮНГЕ ДЕЙІН ТОНАЛҒАН БАНКТЕРГЕ ҚЫСҚАША ШОЛУ
Жоспарлануы мен жүзеге асуы жағынан кәсіби әрі ірі көлемдегі тонау ретінде жиі айтылатын қылмыс 2001 жылдың мамыр айында Алматы қаласында болды. Кезінде ұйғыр сепаратистерінің көшбасшысы саналған Мухлисов пен оның «бандасы» шаңқай түсте Фурманов көшесінің бойында «ТұранӘлем» банкінен шыққан инкассатор көлігіне шабуылдап, бір қызметкерді атып өлтіріп, екеуін ауыр жарақаттап, 17 млн теңге мен 196 мың долларды алып кетті. Кейіннен шабуыл жасағандар ұсталып, Модан Мухлисовтың қылмысы дәлелденіп, ол өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ал серіктері ұзақ уақытқа түрмеге қамалды.
2007 жылы маусымның 27-сінде белгісіз біреулер Альфа банктің ғимаратына шабуыл жасап, 65 миллион теңгені тонап кетті. Кейіннен тонаушылар сол банктің қызметкерлері екені анықталды.
2009 жылы екі жігіт 45 минут ішінде Қостанай қаласындағы Халық банктің бес банкоматынан 34 626 200 теңгені ұрлап кетті. Тонаушылар банктің кассирі мен оның сыбайласы болып шықты.
2011 жылдың 28 наурызында Алматыда Бөгенбай мен Чайковский көшелерінің қиылысында қарақшылар инкассаторды атып өлтіріп, 40 млн теңгені қолды қылған.
2010 жылы Шахтинскіде үш қылмыскер Халық банктен 19 млн теңге тонамақ болады. Алайда атыс басталып, инкассатор мен қылмыскер жараланады. Тергеу амалдарының нәтижесінде әлгі үшеудің ұзақ уақыт бойы банкті аңдып жүргені, тонауға келер алдында көлік ұрлап, оның жүргізушісін өлтіріп тастағаны анықталды.
2012 жылы АТФ банктің Петропавл қаласындағы бөлімшесінің біріндегі банкоматтан белгісіз біреулер 12 млн теңгені тонап кетті.
Кентау қаласындағы банктердің бірінен 2013 жылы 2,5 млн теңге ұрланған. Тонаушылар жертөле арқылы өтіп, банктің кассасынан ақша тонаған.
2010 жылы үш жігіт бетпердесіз Леңгір қаласындағы банк бөлімшесіне келіп, кассирді пышақпен қорқытып, 1,5 млн теңге алып кетеді.
2011 жылдың қаңтарында шымкенттік екі азамат банк бөлімшесіне медициналық маска киіп, күзетші мен қызметкерлерді пышақпен қорқытып, 400 мың теңгені алып кетті. Банк күзетшісінде қару болмағаны анықталды.
Банкті ешбір қарусыз-ақ тонағысы келетіндер де бар. Мысалы, 2012 жылы Михаил Гаврилин атты Астана тұрғыны Цеснабанкті тонау үшін гаражынан банкке дейін жердің астынан 70 метрлік жол қазған. Алайда банктің қауіпсіздік қызметі оның жолын кесті. Михаил тонауға ниеттенгені үшін сот шешімімен мүлкі тәркіленіп, төрт жылға сотталды.
Айтпақшы, өткенде ғана экс-министр Темірхан Досұхамбетовтің үйіне ұры түскен-ді. Алайда «тоналған үй мен ақша менікі емес, ағамдікі» деп Т. Досмұхамбетов шырылдап қалды. Қалай десек те, өзінікі болсын, ағасыныкі болсын ұрылар 3 миллион доллар, 50 мың евро және 50 миллион теңге тұратын сағатты үптеп кеткен ғой. Әрине, Т.Досмұхамбетовтің өз үйі немесе ағасының үйі банк емес. Бірақ бұл үйде жатқан ақша банк бөлімшесінің өзінде бола бермейтін сияқты ғой.
 

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар