1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
Соттағы соңғы сөз

Тәуелсіз «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, журналист Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық істің үкімі бүгін шығады. Ал кеше Жанболатқа соңғы сөз берілді. Өз сөзінде Мамай «Трибуна. Саяси қалам» газеті туралы айта келіп, оны шығаруға әуелі Төлеген Жүкеев көмектескенін, кейін Жақсылық Жарымбетов те қол ұшын созғанын мәлімдеді.
«Біздің газетіміз ешқандай қаржылық топтың, тұлғалардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып, ықпалында болған емес. Газет шын мәнінде тәуелсіз басылым болатын. Ешкімге, ешқашан нұсқау берген жоқ. Жобаны алғаш бастағанда Төлеген Жүкеев қолдау көрсетті. Жарымбетовтің көмектескенін өткенде де айтқанмын. Бірақ ол редакцияның ішкі ісіне, шығармашылығына араласқан жоқ. Егер араласса, біз оның көмегінен сол сәтте бас тартар едік.
Мұның алдындағы сот отырысында прокурордың сөзін естідік. Меніңше, бұл – азаматтық қоғамның жеңісі», – деді Жанболат Мамай.
Қыркүйектің 4-інде өткен жарыссөз кезінде прокурор судьядан Жанболат Мамайдың «жас баласы, кәрі әке-шешесі барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескере отырып, төрт жылға бас бостандығын шектеуді және мүлкін кәмпескелеп, үш жылға дейін журналистік қызметпен шұғылдануға тыйым салуды» сұраған еді.
Мамай соттағы соңғы сөзінде қамауда отырғанда отбасына және осы іс бойынша өзіне қолдау білдіріп, көмектескен БАҚ-қа, халықаралық ұйымдарға, қоғам белсенділеріне, саясаткерлерге алғыс айтты.
Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері шетелде қуғында жүрген, сырттай 20 жылға сотталған, оппозициялық саясаткер деп сипатталатын БТА банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар, «БТА банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Саяси қалам. Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тұтқынға алған еді. Ал Жанболат өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Іле сот Мамайды екі айға қамау жөнінде шешім шығарды. Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімі өзгеріссіз қалды. Журналисті қамауда ұстау мерзімі кейін де сот шешімімен бірнеше рет ұзартылды.
Мамайдың үстінен қозғалған іс қоғамдық сипат алып, журналистер, қоғам белсенділері, саясаткерлер әлеуметтік желіде сәуір айында Mamay Fest акциясын өткізді. Белсенділер журналисті босатуын талап етіп, оған тағылған айыптарды негізсіз деді. Мамайға қолдау көрсеткен қоғам белсенділері халықаралық ұйымдарға хат жазып, істің қайта қаралуын талап етті. Белсенділер бұл іс бойынша Алматы прокурорымен де кездескен еді.
Іс барысы осылай өрби келіп, алғашқы сот отырысы 14 тамызда басталды. Мамайға қатысты сот отырыстарының бірінде Әблязов ісі бойынша шартты жазаға кесілген БТА банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов куәлік етіп, Жанболатқа бастапқыда Әблязовтің тапсырмасымен, кейін «елде тәуелсіз БАҚ болуы керек» деп есептеп өзі ақша бергенін айтқан. Кейін Жанболат «Әблязовті көрген де, танысқан да емеспін» деп, Жарымбетовтің куәлік сөзіне қатысты бүй деген еді: «Газетке бастапқыда идеялық және материалдық тұрғыда Төлеген Жүкеев көмектесті. 2013 жылдан бастап қаржылық қиындықтарға ұшырай бастадық. Сол жылы ақпанда Жарымбетовпен таныстық. Танысуға ол өзі бастамашы болды. Оған дейін Әблязовтің Жарымбетов деген орынбасары бар екенін де білмейтінмін. Сөйтіп, біз онымен жай ғана достық қатынаста болдық. Ол қазақ тілін өте жақсы білетін, Қазақстанды сағынғаны байқалатын.
Еш басылым демеушілік көмектен бас тартпайды. Біз де сөйттік, бірақ газетті төрт-ақ адам – бір беттеуші, бір корректор және екі журналист шығара бастадық. Сөйтіп, бүкіл шығындарды қысқарттық, сондықтан 2015 жылдан газет өзін ақтай бастады. Бірақ одан түскен табыстың өзі типографиялық және редакциялық шығындардан аспайтын. Біздің газетіміз идеялық жоба болатын. Біз одан пайда табамыз деп ойлаған емеспіз. Газетіміз ешкімге тәуелді болмасын дедік».
Кеше өткен соттағы соңғы сөзінде де Жанболат Жарымбетовтен алған көмегі туралы атап айтып: «Жақсылық Жарымбетовтің ақшалай көмектескені рас. Бірақ одан алған көмегім заңға қайшы емес болатын. Жарымбетов азаматтық қоғамды дамыту үшін көмектескісі келді», – деп еді. Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған іс бойынша бүгін сот үкімі шығып, іске нүкте қойылады. Бұл іс жарты жылға жуық уақытқа созылды.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар