1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
Күдік пен шындық

Оңтүстіктің полицейлеріне осының қайсысы қымбат?

Соңғы бір жарым жылда басымнан өткен оқиғаларды, жан сырымды «Жас Алаш» арқылы ақтарсам деп отырмын. Енді маған бұдан басқа амал қалмаған сияқты. Дәлірегі, бір жарым жыл ішінде табалдырығын тоздырған құзырлы органдар басқа шара қалдырмады. Осы бір жарым жыл ішінде «Бізде адам құқығы бәрінен қымбат» деген тәмсілдің ауада қалықтаған құрғақ сөз болудан әріге аспағанына көзім жетті. Созбақтамай мәселенің турасына көшейін. Бұл оқиға былтыр 10 мамырда болған. Түн ортасында маған ұзақ жылдардан бері әрі қызметтес, әрі сырлас досым болып жүрген Боранбай Есқараев байланысып, бір сұмдық хабарды жеткізді. Ол ұлы Шыңғысты белгісіз бұзақылардың ұрлап әкетіп, 40 мың доллар талап етіп жатқанын, «бермесең, полицияға арыздансаң, балаңды өлтіреміз» дегенін айтты. Ойда жоқта болған бұл жағдай мені де есеңгіретіп тастады. Сол түні Боранбай екеуміз сандалумен болдық. Ертеңінде полицияға хабарластық. Қонаев көшесінің бойында облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы басшысымен және қызметкерлерімен жолықтық. Полицейлер Б.Есқараевқа арыз жаздырып алды...
Кешкісін біз Иляев көшесінің бойындағы кафеде отырғанбыз. Б.Есқараевқа тәртіп сақшылары хабарласып, ұлының табылғанын айтты. Бірақ қуанышты хабардың ақыры мен үшін күтпеген жайтқа ұласты. Кафеге сау етіп кірген полицейлер менің қолыма кісен салып, көлікпен облыстық ішкі істер департаментіне алып келді. Көлікке салар кезде бір шұғыл уәкіл сол жақ бүйрегімнен екі мәрте ұрды. Осындай абыр-сабырда бар ұққаным, Шыңғысты ешкім ұрламаған екен. Ол өзін-өзі ұрлап, әкесінен ақша талап еткен болып шықты (бұл соңғы кездері шымкенттік бай-бағландардың ұл-қыздары арасында кездесетін құбылысқа айналып барады). Ең қызығы, сол Шыңғыс тергеушілерге осындай масқара тірлікті менің «тапсырмам» бойынша жасағанын айтыпты.
Шұғыл уәкілдер мені ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы У. Жәнібековтің кабинетіне алып келді. Ол салған жерден «Б.Есқараевтан кешірім сұра, оның баласын ұрлап, ақша талап еткеніңді мойында» деді. Полицейлердің кейде қаттырақ кететінін білсем де, мұншалықты дөрекі деп кім ойлапты дейсіз. Қысқасы, не керек, мен облыстық ішкі істер департаментінде бір тәулік бойы негізсіз қамауда отырдым. Ештеңені мойындағаным жоқ. Жасамаған тірлігімді қалай мойындаймын? 11 мамыр күні кешкісін мені тергеушілер Шыңғыс Есқараевпен беттестірді. Ол ә дегеннен өзінің ертегісін айтуға көшті.
Ол менімен бірге карта ойнап жүріп, ірі көлемде қарыз болып қалғанын, ақыр аяғында қарызды қайтару үшін менің ұсынысыммен және ұйымдастыруыммен өзін өтірік ұрлап, әкесінен ақша талап еткен-мыс. Сол күні ол менің тапсырмам бойынша әлдебір екі жігітпен жолыққанын, олар өзара келісім бойынша бетіне ұрып қанатып, қанды киіміне жағып, суретке түсіріп, оны уатсап жүйесі арқылы әкесіне жіберген көрінеді. Кейін ешқандай ақша ала алмайтынын білген соң мұны тастап кетіп қалған-мыс. Туған әкесін тақырға отырғызбақ болған ұлдан бұдан басқа не күтуге болар еді?! Мені қызықтырар жалғыз сауал – осыншама қиялдан туған дүниені Шыңғыс өз ойынан шығарды ма, әлде оған әлдебіреулер жәрдем берді ме екен? Мен ешқашан құмар ойындарға қызыққан адам емеспін. Шыңғыстың маған қарыз болған жері де жоқ. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы аудандардың біріндегі мемлекеттік кірістер басқармасында істейтін оның құмар ойындарға құмартып, үнемі қарыз болып жүретінін еститінмін. Беттестіру кезінде Шыңғыс қайта-қайта сөзден сүріне берді. Жауаптары бір-бірімен қабыспады. Мәселен, оның «Молтаевпен бірге карта ойнадым» деген уақытында мен Шымкентте мүлдем болмағанмын. Осыны алға тартқанымда, Шыңғыс беті бүлк етпестен оны басқа уақытқа сырғыта салды. Сырғыта салу, ойланбастан өтірік жауап бере салу, сол арқылы адам тағдырын ойыншыққа айналдыру оп-оңай дүние болғаны ма? Департаментте мені бір тәулік бойы ұстаған тергеушілер ертеңіне босатып жіберді. 12 мамырда Боранбай Есқараев ішкі істер департаментінің тергеу басқармасына Н. Молтаевқа қояр ешқандай кінәсі жоқ екендігі туралы арыз жазып беріпті. Артынша тергеушілер қылмыстық істі қысқартты. Тергеушінің осы жөніндегі қаулысында «Шыңғыс Есқараевтың Н.Молтаевқа ақша ұтылып, қарыз болғандығы және жеңіл жолмен ақша табу мақсатында әкесіне жалған ақпарат беріп, қылмыс жасауға және көп мөлшерде ақша алуға мәжбүрлегені тексеру барысында өз дәлелін таппады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бір өкініштісі, тергеушілер шындықтың түбіне жете алмады. Екі ортада мені күдікті қылып, бәрін жылы жауып қоя салды. Шыңғыстың қасында жүрген жігіттерді іздестіру жүргізілмеді. Тым құрыса шындықты білу үшін оларды тауып, жауап алу қажет емес пе еді?! Полицейлерге сонда шындық дегеніңіздің құны көк тиын болғаны ма?
Адамның миына күдіктің алдымен кіретіні белгілі. Арам ой адамды алдымен төңіректейді. Бостандыққа шыққан бойда ағайын, туыс, дос-жаранның маған деген көзқарастарының күрт өзгеріп кеткенін байқадым. Тіпті өз-өзімді ауыр ойлармен жеп, жан күйзелісін бастан кештім. Ақыр аяғында өз-өзімді ақтап алуға кірістім. Болған жайт туралы облыстық прокуратураға шағымдандым. Облыстық прокуратура арызды Шымкент қаласының Абай аудандық прокуратурасына жіберсе, ондағылар Әл-Фараби ауданына жолдады. Ал Әл-Фараби аудандық прокуратурасы, керек болса, менің заңсыз ұсталғаным жөнінде жазған арызыма осы күнге дейін жауап та берген жоқ. Мені ауыр қылмыс жасады деп негізсіз айыптаған Шыңғыстың үстінен Қылмыстық кодекстің 419-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған сөз жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ тергеуші Шалқар Құдайбергенов (бәлкім, әлдебіреулермен өзара келіскен шығар) істі жауып тастады. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің де қабылдауында болдым. Ол қарамағындағы қызметкерлерін шақырып, тапсырмаларын берген еді. Алайда тергеушілердің тірлігі сиырқұйымшақтанып кетті. Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотына азаматтық тәртіппен де жүгіндім. Шыңғыс Есқараевтың маған жала жапқаны үшін кешірім сұрауын талап еттім. Сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Қазақстанда адамды қаралау оңай, ал ақтап алу қиынның қиыны екен. Дегенмен шындық бәрібір түбі бір шығады деген сенімдемін.
 

Нұрлан МОЛТАЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті