15 желтоқсан 2009
Соттың әдiл өтетiнiне сенбейдi

ЖӘКIШЕВ IСIН АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ СОТЫ ҚАРАЙДЫ
“Қазатомөнеркәсiп” акционерлiк қоғамы ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар Жәкiшев пен оның оққағары Талғат Қыстаубаевтың iсi Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотына берiлдi. Бұл жөнiнде желтоқсанның 10-ы күнi Астанада Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiков мәлiмдедi. Жәкiшевке ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке iрi көлемде материалдық залал келтiрдi және мердiгер кәсiпорын басшыларынан iрi көлемде пара алды деген айып тағылып отыр.
Сонымен бiрге Бас прокуратура Алматы қаласының Қаржы полициясы департаментi бастығының орынбасары Айдын Жантелеев атқарып отырған лауазымды қызметiне лайық емес деп мәлiмдедi.
“Қазатомөнеркәсiп” ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар Жәкiшевке Қылмыстық кодекстiң 176-бабы 3-бөлiгiнiң “а, б, г” тармақшалары бойынша және 311-баптың 5-бөлiгi бойынша айыптаулар тағылды. Атап айтқанда, 2003 жылы Жәкiшев “Қазатомөнеркәсiп” компаниясының Венадағы өкiлдiгiн ашқан. Бас прокуратураның ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiковтiң айтуынша, өкiлдiктiң басшылары және жұмысшылары ретiнде ұлттық компанияға ешқандай қатысы жоқ Қазақстанның Австриядағы Елшiлiк қызметкерлерiн формалды түрде тiркеп, оларға жалақы берiп отырған. “Мысалы, әртүрлi кезеңде өкiлдiктiң директоры қызметiне елшiлiк қызметкерi Эльнара Шоразованың анасы және Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшiсi Рахат Әлиевтiң жанында болған Вадим Кошляктың зайыбы қағаз жүзiнде тағайындалған. Осылайша, Венадағы өкiлдiктiң ғимарат жалдау, жалақы төлеу, мүлiк сатып алу сияқты түрлi шығындарына қаражат бөлу арқылы 2003 жылдың шiлдесiнен 2007 жылдың қыркүйегiне дейiн “Қазатомөнеркәсiп” ұлттық компаниясының 99 млн. 763 мың 961 теңгесi ұрланған”, – дедi Бас прокуратураның ресми өкiлi.
Сонымен бiрге, Жәкiшевке мердiгер кәсiпорындардың басшыларынан мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурстарда оларды жеңiмпаз деп тану үшiн бiрнеше рет аса iрi көлемде пара алған деген айып тағылыпты. Ал Жәкiшевтiң оққағары Талғат Қыстаубаевқа да “Қазатомөнеркәсiп” компаниясының мүлiгiн өз өкiлеттiгiн терiс пайдалану арқылы талан-таражға салды деген айып тағылуда.
Бұған дейiн адвокат Нұрлан Бейсекеев пен Жәмила Жәкiшеваның “Мұхтар Жәкiшевтiң конституциялық құқығы бұзылуда” деген мәлiмдемелерiне қатысты Бас прокуратура былайша түсiнiктеме бердi. “Жәкiшевтiң адвокаты Бейсекеев БАҚ арқылы оған қылмыстық iс материалдарымен танысуға небәрi 3-ақ күн берiлгенiн жария еттi. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қылмыстық iс материалдарын тергеу органдары Жәкiшев пен оның адвокатына осы жылдың 13 қарашасында берiлген. 19 қарашада айыпкер мен оның қорғаушысының iспен танысуды қасақана созуына байланысты тергеу қылмыстық iс жүргiзу заңдарының нормаларын сақтай отырып, танысу мерзiмiн 30 қарашаға дейiн деп белгiлеген болатын. Бейсекеевтiң өтiнiшi ескерiлiп, бұл мерзiм де прокуратураның нұсқауы бойынша ұзартылған. Яғни, Жәкiшев пен оның адвокатына iспен танысу үшiн жеткiлiктi уақыт берiлдi”, – дедi Нұрдәулет Сүйiндiков.
Жәкiшевке “Уран кенiштерiнiң үлестерiн талан-таражға салды” деген айыптаулар қайда қалмақ? Бас прокуратура бұл iске қатысты тергеу амалдары жалғастырылуда деп қысқа қайырды. Бас прокуратура Жәкiшевтiң iсiндегi құпия материалдарды зерделеу кездерiнен басқа кезеңде сот отырысын ашық режимде қарауды ұсынатын болады деп мәлiмдедi.
Осылайша, Жәкiшев iсiн толық айыптаған Бас прокуратура, керiсiнше, Алматы қаласының Қаржы полициясы департаментi бастығының орынбасары Айдын Жантелеев iсiне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы қабылдайтынын атап өттi. “Жантелеевтi ұстау барысында ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлерiмен ол жерде кездейсоқ болып қалған 4 адамға қатысты қандай да бiр заңды негiзсiз ұстау, кiсен салу, медициналық бақылаудан өту сияқты мәжбiрлеу шаралары заңсыз қолданылғандығын атап өту қажет. Мұнымен шектелмей, аталған 4 адам ҰКК департаментiнiң ғимаратына жеткiзiлiп, ол жерде келесi күннiң таңына дейiн заңсыз ұсталған”, - дедi Бас прокуратураның ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiков. Сонымен бiрге заңды қадағалау мекемесi Айдын Жантелеевтiң есiрткiнi заңсыз сақтаған деген дәйектi жоққа шығарып, бiрақ оның адамдармен қарым-қатынаста талғамсыздыққа жол беретiнiн айыптаған. Бас прокуратураның мәлiметi бойынша, Жантелеев есiрткi заттарын заңсыз айналымда ұстайтын адамдармен байланысы бар. Осы үшiн бақылау органы Қаржы полициясы басшысына Жантелеевтi лауазымды қызметiнен босату жөнiнде ұсыныс жiбергенiн айтты.
Бас прокуратура ғимаратында өткен брифингке Мұхтар Жәкiшевтiң адвокаты Нұрлан Бейсекеев пен Жәмила Жәкiшева да келдi. БАҚ өкiлдерi брифингтен кейiн, бiрден Бейсекеев пен Жәкiшевадан да түсiнiктеме алмақ болған едi. Бiрақ, Бас прокуратура қызметкерлерi журналистерден және Жәмиладан тез арада залды босатуларын сұрады. Осыдан кейiн 25 градус аязда Бейсекеев пен Жәкiшева далада тұрып журналистердiң сұрағына жауап бердi. Олар қадағалау органының Жәкiшевке қазiрден бастап мемлекеттiк айыптаулар тағып жатқанына қарағанда, соттың да әдiл өтпейтiнiн кесiп айтты. “Бас прокуратураның бүгiнгi мәлiмдемесiнен кейiн құқық қорғау органдары арасындағы былықтың бола беретiнiне, әрi қарай жалғаса беретiнiне көзiм жеттi. Соттың да әдiл өтетiнiне сенбеймiн”, – дейдi Жәкiшевтiң зайыбы Жәмила.
Жәмила сонымен бiрге журналистерге мына жағдайға назар аударуын сұрады. “Бас прокуратура брифингте “Бiз барлық азаматтарға тең қараймыз”, – дедi. Мысалы, прокуратура айтқан екi жағдайды алып қарайықшы. Мұхтардың iсiнде де дәл Жантелеевке қатысты айтылып отырған заң бұзушылықтар болды. Жасырын пәтерлер, куәгерлердi мәжбүрлеу секiлдi оқиғалар. Айтпақшы, Жәкiшевтiң бұрынғы орынбасарлары әлi күнге дейiн жасырын пәтерлерде отыр. Олар бүгiнгi күнге дейiн жақын туыстарымен байланыса алмауда. Бастапқыда “олардың өмiрлерiне қауiп төнбес үшiн ұстап отырмыз” дедi. Бiрақ олардың отбасылары ешқандай күзетсiз Алматыда жүрiп жатыр. Оларға бүгiнгi күнге дейiн қауiп төнген жоқ. Демек, оларды әлi күнге дейiн қарсы куә айту үшiн мәжбүрлеп қамап отыр. Бұл да өрескел заң бұзушылық”, – дейдi Жәмила Жәкiшева.
Ал Жәкiшевтiң адвокаты Нұрлан Бейсекеевтiң барлық айыптаулар бойынша өзiнiң қорғауындағы Мұхтардың құқығы сақталмағанын айтады. “Ол тергеу iсiнде өзiнiң кiнәсiздiгiн толық дәлелдеуге мүмкiндiк ала алмады. Менен бөлек Жәкiшевтiң жеке өзi Бас прокуратураға бес өтiнiш жазды. Бiрақ соның бiрiн де қадағалау мекемесi қараған жоқ. Прокуратураның айыптау құжаттарымен толық танысуға жеткiлiктi уақыттары болды дегенiне байланысты мынаны айтқым келедi. Мен 16 қарашада дене қызуымның өте жоғары болғанына байланысты еңбекке жарамсыз деп табылып, ауырып жаттым. Iске тек 25 қарашада кiрiстiм. Ал осы уақыт аралығында тергеу органдары менi құжаттармен танысты деп қаулы қабылдап қойған. Ал iстермен танысу уақытын математикалық есеппен келтiретiн болсам, маған бiр бетiне 23 секунд ғана уақыт берген. Осы заңдылыққа жата ма?” – дейдi Нұрлан Бейсекеев.
Естерiңiзге сала кетейiк, “Қазатомөнеркәсiп” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшев мамыр айында қызметiнен алынып, тұтқындалды. ҰҚК оны мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыптады. Тұтқындалғаннан берi Мұхтар Жәкiшев ҰҚК-iнiң Астанадағы тергеу абақтысында отыр. Мұхтар Жәкiшевпен бiрге тұтқынға алынған оның оққағары, полиция майоры Талғат Қыстаубаев та мамыр айынан берi қамауда жатыр.
Жұлдыз ТӨЛЕУ,
Астана





Уәж айту