6 қазан 2009
Судья заңға емес, заң судьяға бағынатын болды

Төраға ауысса төрелiк айту өзгере ме?
Шымкент қаласының тұрғындары Қ.Тұрсынбеков пен Е.Югайдың арасында жер телiмi мен құрылысы бiтпеген өндiрiстiк-техникалық қоймаға байланысты шым-шытырық даудың өрбiгенiне биыл табаны күректей сегiз жыл толды. Бiресе Қ.Тұрсынбековпен, бiресе Шымкент қалалық жер ресурстары басқармасымен қайта-қайта соттасып, жеңiлiске ұшырап жүретiн Е.Югайдың былтырғы тамыз айынан берi кенеттен асығы алшы тұра бастауы таңданарлық жайт. Арызданушы Қ.Тұрсынбековтiң сөзiне қарағанда, өткен жылы Оңтүстiк Қазақстан облыстық сотының төрағасы ауысқалы тiрлiктiң бәрi өзгеше өзгерiп сала берген. Сонда қалай? Төраға ауысса төрелiк айту да өзгере ме? Кiм бiлсiн, бәлкiм, әдейi ұйымдастырылған тiрлiк емес, сәйкестiк шығар. Әйтеуiр, бұған дейiн бiрнеше дүркiн Қ.Тұрсынбеков пен жер ресурстары басқармасының пайдасына шешiлiп келген аудандық, қалалық соттың шешiмдерi, осы шешiмдердi қолдаған облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы мен қадағалау алқасының қаулылары жарамсыз болып шыға келген. Облыстық соттың қадағалау алқасының қаулысымен Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғ.Шайбекова iстердi бiрiктiрген түрде қайта қарап, сот шешiмiмен Е.Югайдың жылдар бойы жоғалтып келген ұпайының бәрi лезде түгенделе қалды. Тiрлiктiң күтпеген жерден мүлдем керi бағытқа бұрылып бүйтiп күрт құбылғаны қалай? С.Дзюлиев төрағалық еткен облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы 2008 жылдың 10 желтоқсанында қарсы жақтың апелляциялық шағымын қарағанда мұндай орынды сауалды төтесiнен қоюы қажет едi. Керiсiнше, Ғ.Шайбекованың шешiмiн құлшына құптағандарын қабылданған қаулыдан байқадық. Ең бастысы, тоғыз жыл бойы «толғағы пiспей» әбден шиеленiскен мәселенi шешкенде басқасы басқа, дауы бiтпеген жер телiмi мен құрылысы бiтпеген қойманың бұрынғы егесi «Темiржолмүлiктiң» өкiлдерiнiң, не одан кейiнгi заңды қожайыны Қ.Тұрсынбековтiң қатысуынсыз судья Ғ.Шайбекованың сот шешiмiн шығарғанына ерiксiз басымызды шайқадық. Әңгiме түсiнiктi болу үшiн әрiден бастайық. Әлқисса...
Қ.Тұрсынбеков 2001 жылдың қазан айында «Темiржолмүлiк» кәсiпорнының меншiгiндегi өндiрiстiк-техникалық қойманың бiтпеген құрылысын сатып алып, артынан сол кәсiпорын басшылығының келiсiмiмен қойма орналасқан жер телiмiне пайдалануға құқық беретiн мемлекеттiк актiнiң иесi атанады. Жер телiмi мен құрылысы бiтпеген қойманы заңға сәйкес тiркегенiн растайтын облыстық әдiлет департаментiнiң құжаты да қолында. Оған қоса жылжымайтын мүлiктi жария ету жөнiндегi комиссияның 2007 жылдың 16 тамызындағы №61740 шешiмiмен де жер телiмi мен қойманы заңдастырып қоюды ұмытпайды. Әкiмдiктегi лауазымды адамдардардан бастап прокуратура, әдiлет басқармасы, салық басқармасы, мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, жер қатынастары басқармасы, жылжымайтын мүлiктердi тiркеу орталығы секiлдi өзге де құзырлы мекемелердiң жауапты басшыларынан құралатын осы комиссияның құрамында рәсiмделетiн құжаттарды сүзгiден өткiзiп барып қолдарын қоятыны белгiлi. Осыншама деректер мен дәйектер «дәлелiн таппай», өндiрiстiк-техникалық қойма да, сондағы жер телiмi де бүгiнде не «Темiржолмүлiк» кәсiпорнының, не одан кейiнгi заңды қожайыны Қ.Тұрсынбековтiң еншiсiне бұйырмай тұр.
Құжатпен сөйлегендердiң жанайқайы жаңғырық күйiнде қалып, есесiне Е.Югайдың сөзi құнды болғанының құпиясы неде екенiн ептеп iшiмiз сезедi. «Құрылысты Югайдың өзi жүргiзген.
Тек құжатын рәсiмдеп үлгермеген. «Темiржолмүлiк» кәсiпорны да, Қ.Тұрсынбеков те жер телiмi мен бiтпеген құрылыс өздерiне тиесiлi екенiн дәлелдей алмады. Дау туғызған жер телiмiнiң құжаттарын да заң шеңберiнде алғаш Югай рәсiмдегендiктен соның талап-тiлегi қанағаттандырылуы қажет». Судья Ғ.Шайбекова мен С.Дзюлиев төрағалық еткен облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы Югайдың адвокаты, яғни қорғаушысы қойған осындай талаптарға толығымен көнiп, уәждерiне имандай сенгенi нелiктен? Бәлкiм, Е. Югайдың корғаушысынан гөрi қолдаушысының шапағаты көбiрек тидi ме? Югай 2002 жылдың көктемiнде даулы жерге мемлекеттiк актi алып үлгерген. Ал оның адвокаты «Қ.Тұрсынбековтiң құрылысы бiтпеген қойманы сатып алғанын Югай 2006 жылдың ақпан айында бiр-ақ бiлген» деп ақталып кiмдi ақылды, кiмдi ақымақ санап отыр? Югайдың сөзiне құлақ асқан судьялар неге Қ.Тұрсынбеков пен «Темiржолмүлiк» кәсiпорны арасындағы бiтпеген құрылысқа байланысты жасалған 2001 жылдың қазан айындағы сату-сатып алу келiсiмшарты мен түзiлген қабылдау-өткiзу актiлерiн, даулы жерге Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң 2005 жылғы 14 қазандағы №3294 қаулысымен берiлген мемлекеттiк актiнi жарамсыз етуге ғана сот шешiмiн шығарумен шектелген? Сол «Темiржолмүлiктiң» иелiгiне бiтпеген құрылысты өткiзген «Қазақстан темiр жолы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының бас директоры Абылай Мырзахметовтiң 2000 жылдың 9 ақпанындағы бұйрығын қайда қоямыз? Алматы темiр жолының Шымкент бөлiмшесiне өндiрiстiк-техникалық қойманы жобалау және құрылысын салу үшiн жер телiмiн бөлген Халық депутаттары Шымкент қалалық кеңесi атқару комитетiнiң 1989 жылдың 6 маусымындағы №467 шешiмi күшiн жойғанда ғана Югайдың құрылысты өзi салғаны құжат жүзiнде заңдастырылмай ма? 1992 жылы «Қазжелдорпроект» институты «СМП-711» мекемесi жүргiзген осы құрылыстың сметалық-жобалау құжатын дайындағаны тағы бар. Кезiнде комиссия мәжiлiсiнiң хаттамасы бойынша Е.Югайға жер телiмi ұсынылғанда мекен-жайы Нефтезаводская-2 деп нақты көрсетiлген. Осыған қарамастан Шымкент қалалық әкiмдiгiнiң қаулысымен ол бiтпеген құрылысы бар Нефтескладская көшесiндегi жер телiмiне мемлекеттiк акт алғаны тiптi түсiнiксiз. Оның жер телiмi мен Шымкент темiр жолына қарайтын жер телiмдерi бiр аралықта болғандықтан осы салаға қатысты басшылардың келiсiмi, жергiлiктi атқарушы билiктiң арнайы қаулысы, шешiмi керек. Мұндай қаулы, шешiм шықпастан оған нендей себеппен, қандай заңдылықтың негiзiнде өндiрiстiк базаны кеңейтуге, құрылыс салуға жер телiмi берiлгенi судья Ғ.Шайбекова үшiн бәрiбiр сияқты. Жер телiмiн алуға келiсiмi керек комиссия мүшесi, темiр жолдың тiршiлiгiмен шұғылданатын мекеме басшысы М.Акпаровтың қолы қойылмай түзетiле салғаны комиссияның шешiм әзiрлеуiне «ешқандай кедергi келтiрмейдi» екен.
М.Әмiров төрағалық еткен облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының 2007 жылдың 16 мамырында қабылдаған қаулысына сүйенсек, бiтпеген құрылысқа байланысты Қ.Тұрсынбеков пен «Темiржолмүлiк» кәсiпорны арасындағы сату-сатып алу келiсiмшартына араласуға Е.Югайдың ешбiр қатысы жоқтығы қаулыда анық жазылған. Әуел баста-ақ, яғни 2005 жылдың 7 маусымында Шымкент қалалық сотының судьясы А.Чокморова шығарған шешiмде Югайдың өзгенiң иелiгiндегi бiтпеген құрылысты және жер телiмiн менiкi деп меншiктеп алу арқылы реттеген құжаттарының барлығы заңсыз екенi дәлелденiп қойған едi. Югай мемлекеттiк актi алғанға дейiн жер телiмiнде құрылысы бiтпеген қойма тұрғанына Шымкент қаласының бас сәулетшiсi Ж.Төлтаевтың жер инспекциясының бастығы С.Жансейiтовке 2002 жылдың 11 қазанында жолдаған қызметтiк хаты айқын айғақ бола алатыны сот шешiмiнде де көрсетiлген. «Жер туралы» заңның 37-бабына сәйкес құрылысы бiтпеген ғимарат пен оның орналасқан жер телiмiн бiр-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Осылай бола тұра Югайдың сөзiн сөйлеген судья Шайбекова әрiптесi Чокморованың шешiмiн жоққа шығарып, «даулы жер телiмiнiң құжаттарын заң шеңберiнде алғаш рәсiмдеген Югай, жер телiмiнiң де, бiтпеген құрылыстың да қожайыны да сол» деуi қаншалықты заңды? Маусымда сот шешiмiмен жарамсыз болып шығып, күшiн жойған құжаттарын Югайдың түк болмағандай қазан айында жылжымайтын мүлiк орталығына тiркетiп, ал қараша айында заңсыздығы әшкереленген даулы жер телiмiн «АТФ Банкке» кепiлдiкке қойғаны нағыз заңбұзарлық қой.
Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментiнiң аға инспекторы, қаржы полициясының майоры Д.Жұмабаев жүргiзген тексерудiң барысында да даулы жер телiмi Е.Югайға берiлген кезде «Темiржолмүлiк» еншiлес мемлекеттiк кәсiпорнына тиесiлi әрi заң жүзiнде аяқталмаған құрылыс болғаны анықталған. Арнайы жер қорына ресми құқықтық актiлер негiзiнде алынбаған. Яғни, Е.Югайға жер телiмiне құқық беретiн құжаттарын дайындаған лауазымды тұлғалар тарапынан заң талаптары өрескел бұрмаланған. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлiмiнiң қызметкерi П.Бацунов қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдаланып, даулы жер телiмiн Е.Югайға заңдастыру барысында жалған құжат дайындаған. 2001 жылдың 11 маусымында түзiлген жер телiмiн қарау және құрылыс алаңын таңдау актiсiне жер телiмiн бос деп жалған ақпар көрсеткен. Аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы П.Бацунов дайындаған құжат бойынша жер телiмiн таңдау қорытындысын бекiте отырып, даулы жердiң құрылысы жоқ, көгалдандырылмаған деген жаңсақ ақпарға жүгiнген. Сонымен қатар П.Бацуновтың жер телiмiнiң шекарасын анықтау хаттамасына Шымкент темiр жолы тасымалдау бөлiмшесiнiң бастығы Н.Желдiбаев қол қойды дегенi де жалған болып шыққан. Сөйтiп жинақталған құжаттар негiзiнде Е.Югайдың даулы жер бойынша бос жер телiмiн жалға, содан кейiн сатып алғаны, әрi құрылысын жүргiзiп, қойманы салдым деген уәжi өз дәлелiн таппаған. Қаржы полициясы анықтаған осынау дәлел-дәйекпен судьялар санасып, әдiлдiк салтанат құрса, қанекей? Әй, бiрақ өштескен адамдардай бiр-бiрiнiң шешiмiн шiмiрiкпестен жоққа шығару, күшiн жою жағынан «социалистiк жарысқа» түскен судьялар өзара түсiнiспей, тiл табыса алмай жатқанда көкейде үмiт пен күдiктiң оты қатар тұтанатыны түсiнiктi. Президент Назарбаев құқық қорғау органдары өзара алауыздыққа салынбай ауызбiршiлiкпен, ынтымақпен, бiрiн-бiрi қолдап бiрлескен түрде жұмыс iстеулерi қажеттiгiн нешеме мәрте қадап айтты. Бәрiбiр «аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартқан» тiрлiк қайталанып жатыр. Әрине, әрқайсысы әр тарапқа тартатындай әр судьяның немесе әр құзырлы мекеменiң өз ыңғайына көнетiн, пайдасына жарайтын жекеменшiк заңы бар дейсiз бе? Баршаға ортақ заң бiреу ғана. Өкiнiшке қарай, бүгiнде судья заңға емес, заң судьяға бағынатын болды. «Жас Алаш» газетiнiң облыстағы тiлiшiлер қосынын iздеп келiп, жанайқайын баспасөз арқылы жеткiзудi өтiнген Шымкент қаласының тұрғыны Қалдыбай Тұрсынбековтiң ендiгi бар үкiлi үмiтi Жоғарғы соттың жаңадан тағайындалған төрағасы Мұсабек Әлiмбековте болып отыр. Жанайқайын елеусiз қалдырмайтынына үмiттенген ол әдiлдiктiң әлi-ақ салтанат құратынына сенiмдi.
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы




