• Мақпал, өлеңдеріңдегі музыканы ести алдың ба? Өлең деген ақынға сазымен келеді ғой. Сен сол сазды естіп жүрсің бе?

Қазақтың Биғайшасы – ақын Биғайша Медеуова өз перзенті, ақын Мақпалға осылай дейді екен. Кезінде. Мақпалдың өмірге енді көз ашқан уағында. Өлең әлеміне енді бой ұрған шағында.

Мақпал сол сазды естіді. Естіді де, қазақ өлеңінің көзі бітеліп, біраздан бері ашылмай қалған бір бұлағын сылдыратты. Осы күні сол бұлақтан нәр алып, өміріне бағыт тауып жатқан жандар көп. Өте көп.

Мақпал «өлең оқып берейін» демейді, «өлең айтып берейін» дейді. Екі сөздің арасында – қазақтың бір-бірінен тамыр үзе жаздаған саф өнері жатыр. Кешегі, көз бен көңіл жетпес дәуірдегі өнер. Мүмкін, Қорқыт заманынан да арыдағы болар. Ұлы даланың әр тасы, әр көдесі, әр шиі, әр бұтасы, әр жапырағы әндетіп тұрған дәуірдің мұрасы. Екі ауылдың арасында атты кісілер жолықса, біреуінің арқасынан міндетті түрде қара домбыраның құлағы сорайып көрініп тұратын күні кешегі – бар болғаны екі-үш ғасыр бұрынғы қазақы болмыс. Міне, сол өнер техника «асыр салған» ХХІ ғасырда Мақпал болып ортамызға қайта келген секілді. Мақпал өлең айтады. Өзінің сазымен, үнімен, музыкасымен келген өлеңді жаңа дәуір перзенттерінің жүрегіне жеткізе айтады.

Десе де бұл – мүлде соны бағыт. Иә, қағаз бен қаламға жүгінбеген кешегі қазақ ақыны көкейіндегісін я қара домбырамен, я қара қобызбен, жоқ дегенде тіпті ауызша әндетіп айтқан болар. Абыз Абай неге Пушкин қаламынан төгілген Татьянаның әніне әуен қосты? Неге қаламқас қалқаға сәлемін әнмен жеткізді? Неге ішіндегі бітпейтін ғашықтық жарасын әнмен жазды? Шынында да, Абайға да сол ғашықтық дерті, сол алаңдау, сол мазасыздық өз сазымен, өз мақамымен келген болар. Ал ХХІ ғасырда Мақпалдың өз өлеңіне әуен телитіні – тіпті басқа өріс. Ақын қыздың өзі оны ешқашан ән демек емес. Ол ән емес. Ол – мақамды жыр. Сондықтан Мақпал әлеміне бірден құлаш ұрып кетемін десеңіз, оның өлеңдерін оқымаңыз, айтыңыз. Өз мақамымен, өз сырымен.

«Қара жәшік» өлеңін тыңдаңызшы. «Сақтап қоямын, сақта-ап қоямын» деген мақам, шынында да, осы өлеңнің өзінікі. Басқа өлеңге бұл әуен орайласпайды. Басқа өлең бұл мақамды «киіне алмайды».

Осы күні ақын Мақпал Жұмабайдың айналасына кісі үйіріліп жүреді. Ақын қыздың қасында экономист те, тарихшы да, әдебиетші де, қарапайым үй шаруасындағы адам да – бәрі-бәрі жүр. Тіпті мынадай бір қызық болыпты: бір әнші Мақпалдың мақамды жырының бірін ән ғып орындауға сұрапты. Сөз басында айтып өткеніміздей, Мақпал өзінің жырларына ән деп қарамайды. Мақамды жырлар – бүтін болмыс. Оны сазынан я сөзінен ажыратып алу мүмкін емес. Осыны әншіге түсіндіріп болғанша, қасында тұрған оқырман қыз (сірә, математик) Мақпалды бірнеше рет түрткілеп: «Бермеңіз! Бермеуіңіз керек», – дегенді әлденеше рет қайталапты. Әне-міне келісіп қоятындай алаңдап, басын шайқап, Мақпал сөйлесіп біткенше дегбірін жоғалтыпты. Апыр-ай, осындай оқырманы (тыңдарманы) бар ақын қыз қандай бақытты!

Десе де Мақпал-шер (шайыр, ақын) күйкі тірліктің, бір сәттік лап етпе көңіл күйдің ақыны емес. Әлия апайымыз (Бөпежанова) өте дұрыс айтады: Мақпалдың өлеңдерінде азаматтық үн бар, жап-жас адамның иығына – жүк, беліне ауыр шоқпар боларлық сұмдық салмақ бар. «Дала иісін ұмытқанда – ұрындық, Дала мұңын ұмытқанда – жығылдық» деген жолдарда қаншама терең сыр жатыр!.. «Іңгәсіндей сәбиінің, туған жерін сүйеді адам». «Аналарын ашу қысқан, біздің ғасыр – мұңды ғасыр». «Замандастың көкірегіне өксік болып тығылармын». «Жалғызым» деген мақамды жырын тыңдаңызшы, шынында да, сөзге серік болып қана қосылмай, ие болып тізгінін ұстаған талай ақын айта алмаған асқақ үн жатыр. Мақпалдың «жалғызы» – бір адам емес, бір мекен емес, жері, байтақ даласы. Осы жерге ақын көз жасын да тамызбай, әлдилейді, осы жерін өзі Ана болып әлдилеп, бесік жырын айтады: «Сен аспанды көре алмай қалды деп, Асфальттардан аршып алғым келеді», «Сен булығып… жылап жатыр екен деп, Мен үнемі бесік жырын айтамын…», «Сен құмығып… үрейленіп кетті деп, Заманадан тек тыныштық сұраймын», «Сен күрсініп… уайымдап қалар деп, Мен өзіңнен көз жасымды жасырам, Жерім менің… Жерім менің…»

Бір қарағанда, ақын мына дәуірде өлеңін жазып жүре берсін, оқырман өзі таразылар, өзі безбендер, өзі ашылмаған аралдарды тауып алар. Жоқ, Мақпал әр оқырманы үшін күреседі. Төрт-бес жыл бұрын ол шағын кештер өткізіп, бәрін шағын аудиториядан бастады. Тыңдармандарымен тікелей сұхбаттар жасады. Өз сөзімен айтсақ, «Қазір әдебиет әдебиет үшін ғана болып қалды. Қазіргі ақын осы шеңберді бұзып-жарып, халыққа жетуді ойлау керек». Бұл талпынысында Мақпал жалғыз болса да қайтпақ емес. Оның ұраны – «жалғыз жүріп-ақ көп нәрсені өзгертуге болады». Ол әрбір оқырманын аялайды. Кітабын сұраған адамға әдіптеп, сыртын арнайы қаптап, әдемілеп ұсынады. Демек, Мақпал әлемі – барлық жағынан көркем әлем.

Өткен жұмада Алматыдағы Елбасы қорының концерт залында Мақпалдың «Жалғызым» деп аталатын концептуалды альбомының тұсаукесері өтті. Ақын қыздың жүрегіндегі лүпілді белгілі музыкант, өңдеуші Бейбіт Ақош дәл түсіне алған секілді. Екі сағат бойы жұрт Мақпалдың өлеңін тыңдады. Бейбіт бастаған музыканттар түрлі аспаптармен сүйемелдеп, жұртты соны өнермен сусындатты. Мақпал әрбір оқырманына жаңа альбомын ерекше сипатпен, бұрынғысынан да әдемі етіп ұсынды.

Биғайша Медеуованың «Мақпалға» деген өлеңінде: «Отаныңның жыры болып кетерсің», – деген тамаша ой бар. Мақпал елінің жырына айналып бара жатыр. Ақын ана жүрегі алдамапты.

Ал Мақпалдың «Ана» деген мақамды жыры осы күні бәріміздің – өлең жазатынымыз бар, жазбайтынымыз бар, анамызды қадір тұтатын бәріміздің құрмет гимнімізге айналды. Біз де Мақпалға ұқсап «дауылдатса да, құйындатса да, бұл Жерге ренжуді қойдық», «біздің соры көп ендік пен бойлықты жылап тұрып сүйеміз». Өйткені онда – біздің Аналарымыз бар!

Есей Жеңісұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз