1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (15867) 5 желтоқсан, бейсенбі 2013
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
5 желтоқсан 2013
Бiз де 60-қа қарай аяқ басып қалыппыз

Бiздiң балалық шағымыз 60-жылдардың басы мен 70-жылдардың ортасына тұспа-тұс келедi. Заманның бiршама түзелген кезi. Балдәурен кезiмiз әсем қала Алматыдан шалғай орналасқан Сарытауқұм құмының етегi, сылаң қаққан, суы мөлдiр Күртi өзенiнiң жағасында орналасқан Ақши ауылында өттi. Батысында Бозой, шығысында Қараой деп аталатын екi қырдың ойпаңында жерi от, суы мол бiздiң ауылымыз бала қиялымызда өзiмiзге жердiң ұйығы болып көрiнетiн (Бүгiнде сол ажарынан ажырамай, өзiнiң киелiлiгiн, қасиетiн сақтап келедi).

Ол кезде шаңы бұрқыраған 5-6 көше ғана, екi-үш дүкенi, 8 жылдық бiр мектебi, совхоздың екi қабат конторы ауылдың көркi мен сәнi едi. Тоқал тамдар бұзылып, қолы жеткендер жаңа үйлердi сала бастаған кез. Жаңа үйге кiргенде ауылда той, бiзге бұның бәрi қызық болып көрiнетiн. Тәттi-жұмсақтың қат кезi, сығалап жүрiп той болған жерден iлiп кететiндерiмiз тағы бар. Соны бөлiп жеп мәз болатынбыз. Алматы бiзге қиял болатын. Барып келгендердiң әңгiмесiн аузымыз ашып тыңдайтынбыз. Ауылдан Алматыға жалғыз коробка автобус қатынайтын. Таңғы жетiде ауылдан аузы-мұрны толып шығатын, кешкi жетiде ыңыранып, бiр қызып, бiр суып ауылға ентiгiп жететiн, әйтеуiр. Иван деген шопыр болатын, бәрiмiз оны Құдайдай көретiнбiз. Келетiн кезде ауыл болып алдынан шығып күтiп тұратынбыз. Кiшкентайлар шаңына көмiлiп, ауылдың шетiнен күтiп алып, орталыққа жеткенше автобустың артынан жүгiрiп, iлесiп бiрге келетiн. Шаңнан жылтырап көздерi ғана көрiнетiн, бұл да аңғал, ақкөкiрек ауыл баласының бiр қызықты сәттерi едi. Төстен келген адамдарды, сәлем-сауқатты күтiп алғандар өзара дабырласып қауышып, мәз болып жататын, бiз оларға бала көзiмiзбен қызыға да, қызғанып қарап, осы автобуспен ертең Алматыға кетiп қалсақ қалай болар едi деп қиялға берiлетiнбiз. Әрине, бiздi ешкiм жiбермейтiнiн бiлетiнбiз. Алматыға бару ол кезде Мәскеуге барғанмен бiрдей болатын.
1966-70 жылдардағы Англиядағы, Мексикадағы әлем чемпионаты өтiп жатқан кездер бiздiң балалық шағымызға тұспа-тұс келедi. Доп додасындағы жарқыраған жұлдыздардың аттарын иемденiп алғанбыз. Чарльтон, Тастао, Пеле, Факетти бәрi ауылға көшiп келгендей. Футболкаларымызға олардың реттiк сандарын, аттарын баттастырып, сырмен жазып аламыз. Кешке мал келгенде үйге оралатынбыз. Кара кешке дейiн ойнап, арасында төбелесiп те аламыз. Барлық үйде ол кезде мал ұстайды, бақша егедi, соның бәрiне үлгеретiнбiз.
 Доп жоқ болса да, апасының жалғызы не кенжесiнде болады. Ал ойнайық деп жиналып қалғанда доп таппай қиналамыз. Сол кезде Үмбетке не Қуаныштың үйiне барып, жалынып тұрғанымыз. Қиналып жатып бередi, әйтеуiр. Оның өзi резеңке доп. Былғары допты есейгенде бiр-ақ көрдiк. Қара ағашты кесiп, қақпа жасадық, онымыз қисық-қисық. Аяқта бәтеңке, жалаңаяқ тепкен күндерiмiз де болды. Кеды киген бала ханға сәлем бермейдi. Қызығып аяғына сығалап қараймыз. Осындай кеды менде қашан болады екен деп қиялдап жатып, ұйқыға кететiнбiз.
Есейген кезiмiзде доп додасының үлкенi басталатын. Ол кезде алаңымыз да жөнделiп, гетра, бутсының шығып, тұрмыстың жөнделген кезi. 1974 жылы Германияда әлем чемпионатының бастала­йын деп жатқан кезi. Төменгi ауыл, жоғарғы ауыл болып алаөкпе доп тебемiз. Бiрде олар, бiрде бiз жеңiп жататынбыз. Ол кезде уақыт деген жоқ, уақыт қой өрiстен келгенше. Кiм бiр доп айырмасымен жеңiп жатса, қой келдi деп тұра қашатын. Жеңiлiп жатқандардың тағы ойнайықшы деп жалынып жатқаны. Тыңдар құлақ жоқ, жазылмаған ауылдың футбол заңы, ойын бiттi. Осының бәрiн қазiр сағынады екенсiң. Қазiргi ауылдағы балалар бiз құсап доп теппейдi. Барлық жағдай бар, қызығушылық жоқ. Қазiргiдей жағдай болғанда сол кезде мен сияқты 4-5 бала кәсiпқой футболда жүрер едiк.
5 тиынмен күндiзгi киноға барамыз, кiшкентайларға орын жоқ, итерiсiп жүрiп жағаласып, жаңа жуылған еденге жайғасамыз. Ересектер тоқылдақ орындықтарға жайғасады. Киноның бiр жерiн түсiнемiз, бiр жерiн түсiнбеймiз, себебi орысшамыз жоқ, мақұрымбыз.
Ауылға орыс ағайындардың көшiп келiп жатқан кезi. Үлкендерiмiз солардың есейген қыздарымен жүргенге әуес, кейбiреуi өздерiне оны дәреже санайтын. Бiз оларды аңдып, соны қызық көретiнбiз. Олар бiздi таспен ұрып қуатын. Еске алсам, ерiксiз езу тартамын. Ол кезде ойынның түрi көп едi. Жазда семсерлесу, ләңгi, асық, қыста шаңғы, коньки, хоккей т.б. ойындар кезең-кезеңiмен келiп, ауысып отыратын. Қазiр осы ойындарды ауылда ойнап жатқан бiр баланы көрмейсiң. Техниканың дамуы, электрониканың шарықтауының өзiндiк әсерi шығар, көп ұлттық ойындарымыз келмеске кетiп бар жатқандай.
Ауыл болғаннан кейiн ауылдың көпшiлiгi мал ұстайды. Ауылдың шығыс жағы түгел совхоздың жоңышқалығы болатын. Ол кезде соғыс ардагерлерi ауылда көп, әр салада жұмыс атқаратын. Жоңышқаны мал түспесiн деп екi соғыс ардагерi қарауылдайтын. Бiреуiнiң құлағы естiмейтiн, екiншiсiнiң аяғы протез едi. Олар атпен күзететiн. Бiз түнде ұрланып барып, жылқыны көк жоңышқаға тұсаулап жiберетiнбiз, қайтарда 1-2 қап жоңышқаны қапқа салып, орып алап қайтатынбыз. Таңғы алтыда тұрып жылқыны алып қайтамыз. Ұйықтап қалсаң, жылқыны жоғарыда атап кеткен әкелерiмiз совхоздың қорасына қамап, таң атпастан дiгiрлеп үйiңе келiп тұрғаны. Бiзде үн жоқ, сыртқа шықпаймыз, ұсталсақ аямайтынын бiлемiз. Бiзге араша түсетiн баяғы шешелерiмiз. “Қайнаға”, “қайным” деп жатып, бiздi де, атты да арашалап алып қалады.
9-10-сыныпқа жеткенде балалықтан бозбалалыққа жетiп, ақылымыз толысып, жұртқа қораздана қарауды шығардық. Ол өзiнше әңгiме. Құрдастарым шетiнен әншi, елiктеушiлер көп, қақаған аязды күндерi көшеде гитарамен жүремiз. Сәнге айналған сол бiр тамаша күндердiң әрбiр күнiн, түнiн қазiр сағына еске аламын. Қызға қырындау да, сөз айту, хат жазудың бәрi осы кезде басталды. Сол кездегi менiң замандастарым бүгiнгi күнi 60-қа қарай аяқ басыпты. Мектеп бiтiргенiмiзге 40 жылдың жүзi болып қалыпты. Бiр сәт болса да сағынышпен сол бала күндерiмiздi еске ала отырып, тәуелсiз елдiң түкпiр-түкпiрiнде ел үшiн еңбек етiп жүрген замандас-құрдастарыма, жерлестерiме амандық-саулықта болып, жақсы күндерде кездесiп жүруге Алла жазсын дегiм келедi.
Даниял РАХЫМБАЙҰЛЫ,
Ақши ауылы,
Iле ауданы,
Алматы облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті