18 ақпан 2010
Қара албасты
Болған оқиға
Ауылдық жерден, қала сыртындағы ескi үйге көшiп келгенiмiз есiмде. Мен ол кезде бар-жоғы тоғыз жаста болатынмын. Әкемнiң бет-бейнесi тiптi есiмде жоқ. Анам ол кiсiнiң суреттерi өртенiп кеткен дейдi. Көкемнiң үйiнде әкемнiң бiрен-сараң суреттерi бар. Бiрақ долы жеңгем бiздi төргi үйге өткiзбейдi. Мен үш жасқа толғанда әкем қайтыс болыпты. Содан берi анам байғұстың көрмеген бейнетi, тартпаған азабы қалмады. Менен екi жас кiшi қарындасым екеумiздi жеткiземiн деп анам байғұс тыртыңдап жүргенi. Ауылда жүргенде анам ауыл дүкенiнiң еденiн жуатын. Ол кезде тамағымыз тоқ, жағдайымыз жақсырақ болатын. Қырсық шалғандай, ауыл дүкенi де жабылып, анам жұмыссыз қалды. Қалада күн көруге болады деген соң, ауылдағы үйiмiздi екi қара малға айырбастап, оны сатып пұл қылып, бiреулердiң айтуымен қала сыртындағы қараусыз қалған тоқал тамға көшiп кiрдiк. Қалаға келгелi, анам ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүрiп алды. Бiздiң күйiмiз кете бастағасын, анам мектеп директорына жалынып жүрiп, еден жуатын жұмысқа орналасты. Үйiмiздiң iшi-сыртын ақтап, терезе сынықтарын жамап, ауланы қоқыстан тазалап та алдық. Үйдiң айналасындағы қоршаулар бiр жерiнде бар, бiр жерiнде жоқ болатын. Бiр ғажабы, мұндағы малдар бiздiң жаққа iзiн де салмайды. Тiптi, ұры иттер де бас сұқпайтын. Тек таңертеңнен кешке дейiн қара қарғалар әр-әр жерде қонақтап отырады да қояды. Ал ақшам уақытында бұл маңға меңiреу тыныштық орнайды. Күн ұясына батқанда далаға шығу қорқынышты. Қою қараңғылық арасынан бiрдеңе қараңдап келе жатқандай көрiнетiн. Әсiресе, анам мен қарындасым қатты қорқатын. Үйде еркек кiндiктi жалғыз мен. Қорықсам да, сыр бермеуге тырысатынмын. Бiздiң үйде жарық жоқ. Электр бағаналары болғанымен, желiлерi жоқ. Әлдебiреулер қиып кеткен бе, кiм бiлсiн?! Қол шамның жарығымен отырмыз. Анам кейде жұмыстан кеш келетiн. Жалғыз аяқ соқпақ жолға қарап, қарындасым екеумiз терезеге телмiремiз. Қаланың жайнап тұрған жарықтары бiздi қатты қызықтыратын. Мұндай әдетiмiздi анам бiрнеше рет байқап қалып, «Түнде терезеге қарауға болмайды, жаман болады» деп қатты ұрысты. Бiз «неге жаман болады?» десек, анам жауап бермедi.
Бiр күнi анам жұмыстан кешiгiп келетiн болды. Қарындасымыз екеумiз күндегi әдетiмiзше үйде қалдық. Бұл жалғыздық бiзге бала күннен серiк. Түнгi терезеге телмiрiп, анамызды қарадық. Қарындасым: «Қала балалары үйлерiнде теледидар көрiп отыр, ал бiзде жарық та жоқ, теледидар да жоқ», – деп күрсiндi. Мен қарындасымды қатты аяп кеттiм. Кенет жарықтар арасынан бiрдеңе қараңдап бiзге келе жатқандай көрiндi. Қараңдаған бейне жақындап келедi. Әлгi бейне жақындаған сайын үлкейiп келе жатқандай көрiндi. Қарындасыма қарап: «Мынау не? Сен көрiп тұрсың ба?» – деп сұрадым. Ол: «Кәне, кәне», – деп, мен тұрған терезе әйнегiне үңiлдi. Бiрақ ештеңе көре алмады. Мен саусағымды шошайтып: «Мiне, мiне», – деп қоямын. Әлгi қараңдаған бейне жақындай түстi. Өзi адам тәрiздес бiрдеңе. Жақындаған сайын зорайып бара жатқан тәрiздi. Қарындасым болса, әлi бейхам әндетiп тұр. Мен қорқа бастадым. Үстi-басы сабалақ-сабалақ жүн, екi құлағы шошайған, көздерi қып-қызыл шоқтай, үстiндегi екi тiсi ернiнiң екi жағынан шығып тұр, танауы жалпақ, бұжыр беттi бiрдеңе бiздiң терезеге еңкейiп қарады да, әйнекке мұрнын тақап, ысылдап демiн алғанда, терезе буланып ештеңе көрiнбей кеттi. Одан арғысы есiмде жоқ...
Көзiмдi ашсам, қалалық аурухананың жансақтау бөлiмiнде жатыр екенмiн. Анам байғұс жылап отыр. Мен көзiмдi ашқанда, анам қуанып кеткенi сонша, дәрiгерлерге қарай жүгiрдi. Қанша уақыт ес-түссiз жатқаным белгiсiз. Аузымдағы түтiкшенi алғанда, сөйлегiм келдi. Бiрақ, тiлiм күрмелiп, икемге келмедi. Ақыры тiлiм таңдайыма жабысып, тұтығып қалдым. Көзiмнен жас шығып кеттi. Мен мылқау екенiмдi сонда ғана ұқтым.
Емханадан шықтым. Дәрiгерлердiң айтуынша, мен ендi қайтiп сөйлеуге қабiлетiм жетпейтiн көрiнедi. Мектептен шығып, бiржола үйде отыруға айналдым. Сол күнi кешкi астан кейiн жатуға кiрiстiк. Бойым балбырап, ойым сан-саққа кетiп, төсегiмде етпеттеп жатқанмын. Әлi ұйқым келе қойған жоқ. Кенет ту сыртымнан бiрдеңе келе жатқандай көрiндi. Мен артыма бұрылып қараймын дегенше болған жоқ, әлгi қара дәу келiп үстiме жатып алды. Денем ауырлап, тұншығып барамын. Айқайлайын десем, тiлiм жоқ. Қимылдауға шамамды келтiрмей, бастырып барады. Жүрегiм аузыма тығылып дүрсiлдеп ала жөнелдi. Екi көзiмнiң ақшаңдап бара жатқанын байқап қалған қарындасым қорқып кетiп, анамды шақырып келдi. Анам «бiсiмiллалап» орнымнан әрең тұрғызды. Жан-жағыма қарасам, ештеңе жоқ. Сол түнi ұйықтауға қорқып, таңға дейiн кiрпiк iлмей шықтым. Ертесiне түннiң бiр уағында әлгi оқиға тағы қайталанды. Ол кезде анам қасымда болатын, дереу оятып алды. Содан бастап бұл қара албасты менi айналдыра бастады. Күнде түн ортасында келедi. Келедi де, менi бар салмағымен басып, тұншықтыра бастайды. Талай рет қарындасым мен анам арашалап алды. Күндiз ұйықтап, түнде шошайып жалғыз отыратын әдеттi шығардым. Ұйықтауға қорқамын. Ұйықтамаған адамға түн ұзақ болады екен. Таң атып болмайды. Үйде бостан-бос отырғасын, қойын дәптерiме қара албастының суреттерiн сала бастадым. Жүрiс-тұрысын, бiздiң үйдiң терезесiне еңкейiп қарағанын, бәрiн-бәрiн салдым. Салған суреттерiмдi көрген адамдар көзiн жұмып, басын шайқайтын болды. Екiншi қойын дәптерiме анамды, қарындасымды, көкемдi, түсiмде көрген әкемнiң суретiн де салдым. Әсiресе, әкемнiң суретiн көргенде анам көп жылады. Сөйтсем, мен әкемдi айнытпай салыппын.
Бiр күнi бiздiң үйге бiр әйел келдi. Сол кiсiге анам мұңын шағып жылады. Қолында менiң сурет салған қойын дәптерiм. Әлгi әйел: «Бұл үйден кет. Балаңнан айырылып қаласың. Мұндайды қазақта «қара албасты басты» дейдi», – деп тәтпiштеп түсiндiрiп жатыр. Көп ұзамай қаланың орталығындағы көп қабатты үйлердiң бiрiнен пәтер жалдап тұруға бел байладық. Ертесiне көшетiн болып жүктерiмiздi буып-түйiп дайындала бастадық. Есiк алдына заттарымызды үйiп қойып, жолға қарадық. Көлiк әлi жоқ. Мәшине келгенше тынығып алайық деп ескi киiздi жерге жайып жiберiп анам мен қарындасым қисая кеттi. Мен де қарап тұрмай жантая жата кеттiм. Жатқан кезде ғана өзiмнiң қатты шаршағанымды сездiм. Сәлден кейiн-ақ денем балбырап, көзiм жұмыла бастады. Сол-ақ екен әлгi қара албасты жетiп келiп үстiме мiнiп алды. Қозғала алмай қалдым. Көмекке шақырайын десем дауысым шықпайды. Аяқ-қолым серейiп қатып қалған. Қорыққаннан жүрегiм аузыма тығылып, тынысым тарылып барады. Әр-әр жерден дауыстар шығып, бұлдыраған бейнелер көрiнгендей болды. Бәлкiм, бұл анам мен қарындасым шығар. Әлгi түсiнiксiз бейнелер арасынан әкемдi көргендей болдым. Ең болмаса әкемнiң етегiнен жармасып қалайын деп тұра жүгiрдiм. Сол сәтте қара албасты менi қоя бердi. Сол-ақ екен өзiмдi жеңiл сезiндiм. Жаным жай тауып, көкке көтерiлiп бара жатқандай қалықтап барамын, қалықтап барамын...
Қайрат АҒЫБЕРГЕН.




