12 наурыз 2010
Эстетикалық тәрбиенi әлсiретуге болмайды!

Кеңес қоғамы тұсында эстетика пәнiне мектептерде арнаулы сағаттар бөлiнетiн. Бiр қызығы, бұл пән қазiргi кезде мектептердiң бағдарламасынан мүлдем алынып тасталған. Ал эстетикалық тәрбиенiң ажырмас бөлiгi саналатын сурет пәнi бұрын мектептерде сегiзiншi сыныптарға дейiн жүргiзiлетiн. Қазiр оның өзi қысқартылып, сурет пәнi алтыншы сыныпқа дейiн ғана өткiзiледi.
Мен сегiз жыл гимназияда сурет пәнiнен сабақ бердiм, сондықтан өз тәжiрибемнен бiлемiн, балғын жеткiншек кiшкентай кезiнен бастап түрлi-түстi бояуларға құмар келедi. Содан болу керек, сурет салуға ерекше ынталы болады. Мiне, балғын балалардың әдемiлiктi бағалай бiлу қабiлетiн осы кезден бастау өте маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, Бiлiм және ғылым министрлiгi осы бiр маңызды мәселенi естерiнен шығарып алған тәрiздi. Осы күнгi сурет пәнiнiң оқулықтары орыс тiлiнен аударылған, тiлi қасаң, оқушылар үшiн қызықты емес. Бұл оқулық әлеуметтiк жағдайы нашар отбасылардың балаларына ғана тегiн берiледi де, қалғандары оқулықты сатып алуға тиiстi. Бiрақ мектептерде қалыптасқан жағдайға байланысты, сурет пәнiн маңызды деп есептемейтiн ата-аналар бұл оқулықты балаларына сатып әпермейдi. Көптеген мектептерде сурет пәнiн методикалық құралмен қамтамасыз ету базасы да жоқ. Қажеттi құралдарды мұғалiм өзi iздестiрiп табуға мәжбүр.
1960-70 жылдары Қазақтың Әл-Фараби атындағы мемлекеттiк университетiнде Бахтажар Мекiшев деген ұстаз болды. Ол кiсi сол кезде ҚазМУ-де студенттер үшiн «Жетi муза», ал ҚазПИ-де «Қыз Жiбек» клубтарын ашқан болатын. Ол клубтарда студенттер өнердiң майталмандарымен жиi кездесетiн. Бахтажар ағамыз ертедегi және бергi замандағы әлемдiк өнер тарихын тартымды, қызықты етiп әңгiмелеушi едi. Шәкiрттерi өзiнiң ұстаздық мiндетiне ерекше жауапкершiлiкпен қарайтын Бахтажар Мекiшевтi әрдайым еске алып отырады. Өкiнiшке қарай, Б.Мекiшевтей ұстаз қазiргi уақытта өте сирек.
Бiз мұны неге айтып отырмыз? Өйткенi, өнер тарихын тереңдетiп оқыту бiздiң жоғары оқу орындарында да өз деңгейiнде емес. Өнертану мен өнер тарихы пәндерiне бөлiнген сағаттар мүлде аз. Бейнелеу және мүсiндеу өнерi факультеттерiнiң басы-қасында жүргендердiң айтуынша, бiлiктi өнертанушы ұстаздардың жетiспеушiлiгi, өнер тарихы мен өнертануға қатысты оқулықтардың аздығы да бұл саланың еңсесiн көтертпей жүрген көрiнедi.
Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейдiң жоғары оқу орындарында студенттер оқулықтар мен методикалық құралдардан еш мұқтаждық көрмейдi. Әсiресе, Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларындағы бейнелеу және мүсiндеу факультеттерiн бiтiрiп шыққан түлектер кәсiптiк шеберлiктiң биiк деңгейiнен көрiне алады. Сондықтан шығар, Ресей қалаларынан ерсi жасалған, сөлекет мүсiнделген ескерткiштердi кездестiре алмайсыз. Ал бiзде, Астана не Алматы сияқты мегаполистерiмiзде есек тәрiздi ат мiнген, немесе басы денесiне сай келмейтiн ескерткiштердi жиi кездестiруге болады. Өзге қалаларымызда да сапасыз ескерткiштер көп-ақ. Тәрбие мен талғамның жоқтығы мемлекеттiң миллиондаған қаржысын ысырап етуде. Эстетикалық тәрбиенiң әлсiздiгi – мемлекет үшiн де, халық үшiн де зиян. Әсiресе, жас ұрпақ үшiн залалды.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
Алматы.




