1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16050) 10 қыркүйек, бейсенбі 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
10 қыркүйек 2015
Жұлмаланған газеттер мен тiлiмделген тiгiндiлер

Бiрқатар мерзiмдiк басылымдардың бұдан үш-төрт жыл бұрынғы сандарын қарап шығу қажет болып, А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап кiтап­ха­наға бас сұқтым. Жал­пы, баспасөздiң әр­түрлi деңгейдегi көптеген түрлерiнiң тiгiндiсi осында жасалатынын және сақталатынын бiлемiз. Iздеге­нiмдi алдымен “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнiң 2010 жылғы нөмiрлерiнiң жиынтығын ақтарудан бастадым.

Бiрден айтайын, түп­телген беттердi ашқан сайын iшiнен кейбiр жазбаларды асқан ептiлiкпен қиып әкеткен, жұлмалап жыртып алған тұстарына қайта-қайта кездесе бер­дiм. Одан кейiнгi қатарынан қараған үш жылдық тiгiндiлерден де жырымдалған беттер жиi ұшырас­ты. Iшiнара парақтары жұ­қарып, ақжемденiп, түтесi шыққандары да бар. Бұл көрiнiс әуелде өңiрдiң бас ақпарат құралын кiтапха­наға арнайы келiп оқитындар көп екен-ау деген разылық ойды да меңзегенi рас. Алайда, медальдiң екiншi жағы да бар емес пе. Кiтапханадағы зат – жалпыға ортақ игiлiк. Ал оны бұлай бей-берекет пайдалану – барып тұрған өрескелдiк. Көпшiлiкке арналған дүниенi жымқыру,   үптеп кету – ұрлық. Демек, оған заңды түрде қатаң шара қолданылуы тиiс. Базбiреудiң бiлмей емес, қараулықпен қасақана жасайтын қылмысы дәлелденсе, жазадан құтылмайтыны да анық.
Ендi мұның адамдыққа мүлдем жат қылық, қоғамымызға тiптен қиыспайтын қулық екенiн бiр сәт ойланып көрелiк. Жұрттың бәрi бiрдей өзiне керектi бас­пасөздi үйiне жаздыртып оқуына мүмкiндiгi бола да бермейдi. Газеттен немесе журналдан әлдебiр зәру мәлiмет қажет болып қал­са, басқа қайдан таба қой­­сын, әрине, қолжетiмдi кiтапханаға барады. Ал бiздiң көргенiмiз – ұстарамен, қайшымен мұқият қи­ылған, жұлымдалып жыртылған парақтар, тiптi кей­бiр беттер тұтасымен жымқырылыпты. Жартылай жыртылғандары да жетер­лiк. Обал-ай! Қауымның қор болған ортақ дүниесi-ай! Не деген мәдениетсiздiк! Не деген парықсыздық! Лас тiрлiк! Рухани азғындық. Тек қара басының қамын ойлайтын осындай оспадарлар сол жолы мен көзден өткерген “Жас Алаш” басылымының да ту-талақайын шығарыпты. Ал мен қарамаған газет тiгiн­дiлерi қаншама?!
Ал ендi бұқараның еншi­сiндегi рухани қазынаны өзiнiң жекеменшiгiндей қалай болса солай пайдаланатын әдепсiз әдеттiң жолын қайтiп кеспек керек? Бұрын да Алматыда оқып жүрген кезiмiзде орталық көпшiлiк кiтапхана­ларда газет-журналдар мен басқа да баспа өнiмдерiн осылай тiмiскiлейтiн тiлгiш­тер мен жыртқыштарды ұстап алып, суреттерiн плакат қағазға үлкейтiп басып, оған “Масқара!” деп жазып, ғимараттың ең көрнектi тұстарына бадырайтып iлiп қоятын едi. Жұрттың иелi­гiндегi дүниенi жып еткi­зуге, зақымдауға бе­йiмдi­лердi бұл мәжбүрлi тәсiл әжептәуiр сескен­дiрер-дi. Бүгiн – электронды техниканың дамыған заманы. Оңтүстiк астанаға барғанда сәтi түсiп, кiтап­ха­на­ларына бас сұққанда аңға­ра­тынымыз, олардың кiре­берiстерiнен оқу, абонент залдарына, дәлiзде­рiне дейiн орнатылған бейнебақылау қондырғылары көз­дерiн “сығырайтып” тұ­рады. Осындай ти­iмдi әдiс­тердi осы заманғы әрi қоры мол кiтапханасы көп Шымкентте де неге қолданбас­қа?! Бiз осы сауал төңiре­гiнде А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап кiтап­ха­­наның директоры Шәр­­бану Дiнәсiловамен сөйлес­тiк.
– Өкiнiшке қарай, мұндай келеңсiз көрiнiстер бiзде кездеспей тұрмайды. Мекенжай ауыстырып, абыр-сабырмыз қазiр. Көшiп келген ғимаратымызда көктемнен берi күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Соған қарамастан, ме­кеменiң оқырмандарға көрсе­тiлетiн қызмет түрлерiн тоқ­тат­қан жоқпыз. Бұрын жалға алынған ғимаратта отырғандықтан, мұндай мақсатқа қосымша қаржы белгiленген ереже бойынша бөлiнбейдi. Ендi өзiмiздiң басыбайлы мекеме­мiз бар. Құ­дай қаласа, бейнекамера мен бақылау қондырғыларын пайдаланатын сәт те алыс емес, – дедi ол.
Рухани байлық қоймасындағы уақытша жайсыздық та реттелер. Жоспарлы iс жүзеге асырылар. Ал оған дейiн кiтапханадағы көпшiлiктiң ортақ игiлiгiн талапайға салу мен бүлдiру жалғаса бермек пе? Дер кезiнде тоқтатылмаған, тыйылмаған ұрлықтың ақыры дертке айналары ақи­қат. Демек, кесiрлi кесапаттың алдын алу шаралары тиянақты да жүйелi түрде жүргi­зiлуi керек.
 
Жеңiс БАҺАДҮР,
Шымкент қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті