1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16050) 10 қыркүйек, бейсенбі 2015
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
10 қыркүйек 2015
Перзент сағынышы
  • Боямасыз өмiр
Олар Жетiсайға Өзбекстанның бiзбен көршiлес жат­қан Фарыш ауданынан қоныс аударған болатын. Жаңы­лыс­пасам, 2003-04-жыл­дардың бедерi-ау деймiн, ерлi-зайыпты Сейсен мен Ұлпашты көшемiздiң тұрғындары жылы шыраймен қабылдады. Олардың өздерi де осы­ған лайық-тын. Қарапайым да мәдениеттi отбасын­да бiрiнен-бiр сүйкiмдi үш ер бала бар. Олар бiздiң ба­ла­­лармен тай-құлындай тебiсiп ержеттi, орта мектептi тәмам­даған соң арман қуып жан-жаққа оқуға да кеттi. Өмiр бiр орнында тұрған ба, тәйiрi. Осыған орай арман-мақсаттардың да өзгерiп отыратыны заңды құбылыс. Айлар, соңынан жылдар да жылжып өте бердi. Көшемiзден бiрталай отбасы Жетiсайдың өзге бiр тұсына, тiптi Шымкент пен Алматыға да қоныс аударып жатты. Бiрде осы Сейсен мен Ұлпаш та “Бiз де Шым­кент­ке көшетiн болдық” дедi әңгiмелерiнiң арасында.
Содан не керек, осы бiр сыпайы да өзгелерге үлгi болар отбасы мүшелерi күндердiң күнiнде бiздермен қоштасты да Шымқалаға көштi де кеттi. Арадан бiрер жыл өткен соң үлкен ұлы Асан үйленiп, жас жұбайлардың тойын туған өлкесi – Жетiсайдағы “Қазыбек” тойханасында дүркiретiп өткiздi. Бұған көршiлер түгел барып Сейсен мен Ұлпаштың қуанышына ортақтастық, жас жұбайларға мол бақыт, махаббаттарының баянды болуына тiлек бiлдiрдiк. Сол сәттерде алғашқы келiнiн алған Ұлпаштың қуанышында шек болмады. Сұлу да аққұба жүзi бұрынғысынан да шырайланып, құлпыра түсiптi.
Тойдан соң бiр жылдай уақыт өттi ме, есiмiзде жоқ, күндердiң күнiнде Ұлпаш дүниеден өтiптi деген қаралы хабар келдi Жетiсайға. Сейсен, ұлдары, сондай-ақ өзге де туыстары да Ұлпаштың денесiн туған өлкесi – Жетiсайдың маңындағы зиратқа қоюды ұйғарыпты. Оны соңғы сапарға шығарып салмаққа келген халық Сейсен өскен қара шаңыраққа тым көп жиналды. “Марқұм жақсы адам едi, ұлдарының қызықтарын ендi көрер шағында о дүниелiк болды-ау” деушiлердiң қатары да көп едi.
 
***
Тағы бiр жыл өттi. Сейсен мен Ұлпаштың ортаншы ұлы Сәлкеннiң Түркiстаннан өзiмiздiң аудандық iшкi iстер басқармасына ауысты дегенiн де естiгенбiз. Бiрде ағамыз науқастанып, аудандық орталық ауруханаға бардық Ажар екеумiз. Сонда жұмыс бабымен жүрген Сәлкендi көрдiк. Бойы ұзын, ақсары келген аға лейтенант жiгiт анадайдан арсалаңдап келiп, екеумiздi де қапсыра құшақтады. Аман-саулық сұрастық, құтты болсын айтып, жұмыстарына табыстар тiледiк.
– Айналайындар-ай, – дедi сәл ғана үнсiздiктен соң Сәлкен, – мен сiздердi көрiп, жүрек тұсым шымырлап, толқып тұрмын. Анамның сiздермен көршi болған тұстағы асыл бейнесi тұр көз алдымда. Оны ұмыта алар емеспiн. Кейде оны сағынғанда балалық бал дәуренiм өткен, кезiнде анамның сыңғырлаған күлкiсi естiлген сол үй орналасқан тұстан машинамен жай ғана өтемiн. Бейнебiр анам “Сәлкенжан-ау, келдiң бе?” деп алдымнан шығатындай...
Сәлкен осылай дедi де көзiне келген ыстық жасты бiзге көрсетпейiн дедi ме, терiс айналды. Сәлден соң ғана:
– Анамның жылдық асын Шымкентте, әлде Жетiсайда өткiзсек пе екен? Осыны ойланып жүрмiз, – дедi жай ғана.
                – Асыл да ардақты Ұлпаштың сүйегi, рухы да осында жатыр емес пе? Бiздiңше, Жетiсайда өткiзгендерiң жөн шығар, – дедiк ойымызды бiлдiрiп.
– Мен де осындай ұйғарымда едiм, – дедi Сәлкен бiзбен қимай қоштасып. “Нивасына” отырған соң да бiразға дейiн рулге басын қойып, ой құшағына берiлiп отырды. Мүмкiн, көз алдына өзi де сұлу, жаны да сұлу анасы Ұлпаштың жарқын бейнесi елестеген болар?..
Әбдәлiм ТIЛЕУБЕКОВ,
 Жетiсай қаласы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті