1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
5 қаңтар 2017
Ұпай санымен ұтыпты...

Жаңа жыл мерекесiнiң алдында Қиястың үйiнiң жанында ылғи қолы бос бес-алты жiгiт жиналып, ерiккеннен қысыр әңгiменi соғып отырғанбыз. Алыстан алқына-жұлқына көршiмiз Мысықбай жанымызға жетiп келдi. Қатты ентiккеннен қара қошқыл өңi өрт сөндiргендей әлем-тапырақ.
– Жiгiттер, менiң қызыл қоразымды көрдiңдер ме? – дедi демiн әрең алып.
– Е, бiз сенiң қызыл қоразыңды бағып отыр ма едiк? Қайдан бiлейiк? – деп, бiз де мырс ете қалдық.
Бiздiң самарқау айтқан сөздерiмiзге шамданып қалды ма, әйтеуiр, Мысықбай қызыл ала көздерiн бажырайтып:
– Бақпасаңдар, көздерiңе түспедi ме деп адам құсап сұрап тұрмын ғой.
Бұлардан сұрасаң да бәлеге қаласың... Қап, пәдерiңе нәлет, пышаққа iлiнгiр, қайда кеттi екен, ә? – деп Мысықбай өзiмен-өзi сөйлеп, көше шетiндегi Бұранның үйiне кiрiп кеттi. Арамыздағы қысыр әңгiме қайтадан жалғасты. Көп кешiкпей-ақ Мысекеңнiң жалпақ бетi, күдiрейген жотасы, екi езуi құлағына жеткен “сүйкiмдi” жүзi қайта көрiндi. Бойына сыймаған қуанышын жасыра алмаған Мысықбай, бiз сұрамай жатып-ақ бiрден әңгiме тиегiн ағыта жөнелдi.
– Бұранның үйiне барсам, бiздiң қораз бен олардың ақ қоразы жоңышқалықта қырғын ұрыс салып жатыр екен. Құдайдың құдiретiн айтсаңшы, бiздiң қызыл қораз басқарған тауықтар бiр жақта да, олардiкi бiр жаққа жиналыпты. Содан жан алысып, жан берiсер қып-қызыл төбелес басталып кетпесi бар ма! “Иә, аруақ! Айналайын ата-бабамның аруағы қолдай гөр!” – деп, бiр Аллаға сиынып, алақаныма түкiрiп, айқайлап қойып мен тұрмын. Ой, екеуi ашық алаңда армансыз бiр төбелестi дейсiң. Бұранның ақ қоразы да шымыр бәле екен. Бiрақ халықаралық аренаға көп шықпағандықтан, тәжiрибесi менiкiне қарағанда аздау сияқты ма, қалай...
– Сонымен Мысеке, қайсысы жеңдi? – деп бiз шу ете түстiк, шыдамымыз таусылып. Мысықбай жауап орнына қолын сермеп қалды.
– Ойпырмай, қоя тұрсаңдаршы ендi, айтып болайық та! Сонымен екi қораз жарты сағаттай төбелестi. Ақыры бұл тартысты жекпе-жекте талай шайқасты бастан кешкен, тiсқаққан, тәжiрибесi мол, “көптi көрген” менiң қызыл қоразым қарсыласын ұпай санымен жеңiп шықты ғой...
Бiз көшенi басымызға көтере күле жөнелдiк. Ал Мысекең болса “Әне, бұларға шындықты айтсаң да сенбейдi” – дегендей басын шайқап қалды. Сол сәт Бұранның қақпасынан қызыл қоразды алдына салып, тырқырата қуып бара жатқан ақ қоразды көрдiк. “Ұялған тек тұрмас” дегендей қасымызда тұрған Мысекең ауыр денесiн ебедейсiз икемдеп, құйын-перiн болып қашып бара жатқан қоразының артынан тұра жүгiрдi. Бiрақ бұл жолы Бұранның ақ қоразы Мысекеңнiң қызыл қоразын ұпай санымен емес, айқын басымдылықпен қуып бара жатқандай көрiндi...

Орынтай КӨМЕКОВ,
Түлкiбас аудан

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті