1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №9 (16195)   2 ақпан, бейсенбі 2017
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
2 ақпан 2017
«Валентин күнi» немесе даңғой елде күнде – той, күнде – думан

Атам қазақта “Арсызға күнде мейрам” деген қанатты сөз бар. Ол аз болса, ғұлама шайыр Әбубәкiр Кердерi “Пенденiң көбi арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ” дептi бiр өлеңiнде. Бүтiн қазақты сондай деп атап күнәһар болмайық, бiрақ соңғы жиырма жылдың бедерiнде қазақтың той-думаншылдығы шамадан тыс көбейiп кеткенi рас. Әсiресе, мәнсiз, құнсыз мейрамдар. Сондай мейрамның, мейрам емес-ау жас ұрпағымызды ұлттық санасынан, ұлттық ар-намысынан жұрдай ету үшiн Қазақстанға әкелiнген залымдық дырдудың бiрi – “Валентин күнi”.
Шетел миссионерлерi онсыз да ата-баба дәстүрiнен алшақтап кеткен қазақ жастарының санасына оны “Махаббат күнi” деген атпен сiңiрiп жiбердi. Бұл залымдық мейрамға Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Тәжiкстан сияқты бiзбен тiлi, дiнi, салт-дәстүрi бiр республикалардың бәрiнде тыйым салынған. Ал қазақтың қыз-жiгiттерi осы зымияндық мейрамның улы буына басы айналып шыға келдi. Басы айналмай қайтсiн, бұл мейрамның шарты бойынша қыз бен жiгiт бұл күнi ойына не келсе соны iстеуiне болады. Одан артық қандай малғұндық керек?!
Бiр ұлтты тiлiнен, дiнiнен, ұлттық ар-ұятынан айырып, құртып жiберудiң ең оңай тәсiлiнiң бiрi – осы зымиян мейрам! Сонымен бүгiнде әйел жыныстысы күйеуге тимейтiн, тисе оны күйеуiм, ерiм демей “напарнигiм”, “жолдасым” деудi дәреже көретiн, бала туудың орнына ит пен мысық асырайтын, сонысын “өркениеттiлiк” деп бiлетiн, еркек еркекке үйленетiн, соның бәрiн заңдастырған елдер ендi осы хайуандық қылықтарының бәрiн Қазақстанға емiн-еркiн таратуда. Қазақстан билiгiнiң оларға тыйым салуға жүрегi дауаламайды, сондықтан қазақтарды осының бәрiне “толерантты”, яғни, көнбiс болуға шақырады. Қазақ жастарының жүрiс-тұрысына, қылықтарына қарап тұрып бұл өзi қазақтың “ұлттық мейрамына” айналған ба дерсiң. Олар киелi Наурыз тойын да бұлай тойламайды. Ал “қасапшыға мал қайғы, қара ешкiге жан қайғы” дегендей, базарды да – базар, көшенi де – базар етiп қолына түскенiн түгел сатып жүргендерге бәрiбiр, олар сол күнi саудасы жүрiп, бiр қарық боп қалады. Базарлар мен көшелер қанқызыл қып бояған қағаздан жасалған жүректерге, “махаббатым сенсiң”, “бүгiнгi түн бiздiкi”, “таңды бiрге қарсы алайық” деген елiртпе сөздерi бар ашық хаттарға толы.
“Ұлттық тәрбие” деген сөздi естiп көрмеген қыз бен жiгiт сыңараяқ соқпақтай тар тротуардың қақ ортасында ерiнге-ерiн жабысып, бұл дүниенi ұмытып балқып тұрады. Оларға “тәйт” деп жатқан бiр қазақ жоқ. Әшейiнде, теледидардан “Мен жастарға сенемiн” деген жаттанды да жәдiгөй сөздi жүз қайталайтын ақсақалсымақтар мен депутаттардың бiрде-бiрi мына хайуандыққа тыйым салайық дегенiн бiр естiмеймiз. Оның орнына бұл күнi Алматыдағы “Медеу” мұз айдынында, метроның кейбiр бекеттерiнде алуан түрлi қондырғылар орнатылып, ендi бiр алаңқайларда күмпiлдеген музыка ойнап, өткен-кеткендерге “валентинка” пiшiнiндегi купондар таратылғанын да көрдiк. Тiптi, әртүрлi ойындар мен жарыстар өткiзiледi. Құшақтасып, сүйiсiп, жас сәбиiн төбесiне қойып суретке түсiп жатқандар қаншама?!
Ал “Мега”, “Спутник”, “Ритц Палас” атаулы сауда, ойын-сауық орталықтарындағы сән көрсетiлiмдерiн, лотерея ойындарын үлестiрiлiп жатқан бәйгелер мен сыйлықтарды көргенде “мыналардың әкесi тiрiлiп келген шығар” деуге болады. Қысқасы, Қазақстандағы Наурыз мейрамы мынаның қасында “жiп есуге жарамайды”.
Бiз ұлтымыздың ұлттығына, ұрпағымыздың санасына зор апат әкелетiн, шеттен келiп жатқан түрлi кеселдi шараларға тосқауыл қою керектiгi туралы айтып та, жазып та келемiз. “Валентин күнi”, “Татьяна түнi”, “Хэллоуин” сияқты рухани азғындату мейрамдарының ұрпағымызға тигiзер залалы анау-мынау терактiден де ауыр соғары сөзсiз. Осыны жақсы түсiнген мұсылман елдерi мен түркiтектес елдер өз ұлтын мұндай қасiреттерден сақтаудың, ұл-қыздарына ұлттық намыс пен ұлттық сананы, ұлттық тәрбиенi сiңiрудi қатты қолға алуда. Ал бiз ше?
Қазақ ешқандай “Валентин күнi”, “Татьяна түнiсiз-ақ” өз ұл-қыздарының бiр-бiрiмен таныс-бiлiс, сырлас, мұңдас болуына, бiр-бiрiне ынтызар (ғашық) болуына кедергi жасамаған. Оның бәрiн тiзiп дәлелдеп жатпай-ақ ойын-тойларда қатар отырып ән салып, әзiл-қалжың айтуына, қыз бен жiгiт айтысына рұқсат берiп, “отырмақ”, “ақсүйек”, “алтыбақан тебу” сияқты әртүрлi ойын-сауықтар ұйымдастырып отырған. Бiрақ соның бәрi бүгiнгi “Валентин”, “Татьяна” күндерiндегi сияқты қалың елдiң көзiнше бiр-бiрiнiң аузына желiмше жабысып сүйiсу, күйеуге шықпай-ақ бала туу, өзге де әдепсiз қылықтарсыз-ақ асқан сыпайы, биiк мәдениеттiлiк жолымен атқарылған. Ендеше, егер мына алмағайып заманда қазақ деген ұлтымызды аман сақтап қалуды ойласақ, ендi бiрер күннен елiмiзде емiн-еркiн, кеңiнен тойланатын “Валентин күнi” секiлдi азғын, бұзық мейрамдарға тыйым салатын уақыт та жеттi.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
Алматы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті