1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
Оқырман хаттарын екшейтін Арайлым ЕРКІН
9 ақпан 2017
Таран деген ТҮБI ШИКI, ЛАЙЫҚСЫЗ БIРЕУ

“Қостанай облысындағы Таран ауданына Бейiмбет Майлиннiң атын берейiк. Б.Майлин Таран ауданындағы Ақтөбе деген жерде өмiрге келген”. Осындай пiкiрлер “Жас Алаш” газетiнде талай рет жарияланды. Тiптi бiр тарихшы-ғалымның “Бейiмбет кiм? Таран кiм?” деген мақаласы да жарияланғаны есiмде. Бiрақ өкiметiмiз де, үкiметiмiз де бұған назар аударар емес. Шынында да, Бейiмбет Майлин – қазақ халқының бiртуар сүйiктi ұлы. Жазықсыз 1938 жылы ақпанда атылып кеткен асылымыз. Ал Лаврентий Таран деген кiм? Қостанай облысындағы бiлдей бiр ауданның атын иемденуге лайық па? Осы жөнiнде ой өрбiтсек деймiз.

Қазақ энциклопедиясында Лаврентий Игнатьевич Таранның 1892 жылы Қостанай облысы, Федоров ауданы, Назаровка селосында туғаны, 1919 жылы мамыр айында Торғайда өлтiрiлгенi айтылады. 1919 жылы Қостанай совдепiнiң басшысы болып, алашордашыларға қарсы күрестi ұйымдастырады. 1919 жылы сәуiр айының ортасында ақ гвардияшылар Қостанайға таянғанда Л.Таран қала халқын ақ гвардияшыларға қарсы ұйымдастырудың орнына, бас сауғалап, жазалаушы отрядымен Торғайға қашқан. Таран, Летунов, Миляев, Кельментьев, Жиляев, Иноземцев секiлдiлер – шындығын айтар болсақ, қазақ елiн, қазақ жерiн отарлағандар. Отарлаушылар. Олар Қостанай уезiнiң шұрайлы жерлерiне бекiнiс салып, Ресей империясының қазақ елiндегi саясатын жүргiзген келiмсектер. Тағы да қадап айта кетер жайт, осы Лаврентий Таран деген адамның бiздiң ауданға еш қатысы жоқ, ол кешегi Алаштың көсемдерi, ұлтымыздың мақтанышы, тәуелсiздiк үшiн жандарын пида еткен Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров сынды арыстарымызға қарсы күресiп, қызыл империяның қолшоқпары болған адам.
Л.Таран өзiнiң жазалаушы отрядымен Торғайға бара жатып, жолшыбай қазақ ауылдарын тонап, мал, ат-көлiктерiн тартып алған, қарсылық көрсеткендерiн өлтiрген. “Шегебай” деген жерде болыс болған Қарымсақтың Ғалымының отыз жылқысын барымтамен айдап кеткен. Соңынан қуған Сейдахмет атамызды түзде атып өлтiрген.
Осы тұста мына бiр деректi айтуды жөн көрiп отырмыз. Қазiр Қостанай қаласында тұратын көптi көрген көнекөз бiлiктi ақсақал Сәрiнжiп Дайырұлы (М.Дулатовтың туысы) өз естелiгiнде былай деп жазады: “1919 жылдың мамыр айында Қызбел жерiнде жайлауға көшкен Мадияр, Өтей, Шымболат руларының үстiне Қостанайдан Таран әскерi келiп, жергiлiктi халықты қаруларымен атып, әйелдерiн зорлап, елдiң үрейiн ұшырған. Өлгенi өлiп, өлмегенi Қызбел тауының жықпыл-жыра қуыстарына тығылып, үлкен қанды қырғын болған едi...”.
Менiң Дәмегүл әжем де көзiне жас алып, өткен өмiрiнде көрген қорлықты ашына айтушы едi. “Колчак келдi – малымызды алды, Таран келдi – жанымызды алды” деп зар илеп егiлетiн-дi.
1919 жылдың 17-18 мамырында Торғайға жеткенде алашордашылар ма, әлде ашынған халық па, Таранды қолға түсiрiп өлтiрген. Таранды кiм өлтiргенi жөнiнде нақты дерек жоқтың қасы. “Таранды алашордашылар азаптап өлтiрдi” деген кеңестiк деректi “қызыл империя идеологтарының жалған жаласы” деу көңiлге қонымды. Қарусыз елдi қанға бояған, Алаш зиялыларының, қазақ халқының ар-намысын аяқасты қылған Л.Таранның үлкен аудан атын иемденуi – өте ұят, ерсi.
Қызыл империя саясаткерлерi әдебиет пен өнер, жалпы мәдениетiмiздiң шырқын бұзып, халқымызды тығырыққа тiреп, бiздi төл тарихымыздан адастырғаны айдан анық. Кеңестiк дәуiрде жарамсақтық пиғылмен жазылған энциклопедия, тарих, жалған әдеби шығармалар, iшi өтiрiкке толы шикi кiтаптар сөре-сөре болып кiтапханалардан орын теуiп, оқырмандардың санасын улағаны ақиқат. Кеңестiк энциклопедия мен өткен тарихты сұрыптап саралайтын мезгiл жеттi емес пе? Өлгенiмiздi тiрiлтсек, өшкенiмiздi жаңғыртсақ, нұр үстiне нұр емес пе?!
Ауданымызға қоғам қайраткерi, қазақтың Биағасы атанған классик жазушымыз Бейiмбет Майлиннiң есiмiн берiп, мәңгiлiк елде Биағаның атын мәңгiлiкке сақтайық. Әркiмге туған жердiң тауы да, тасы да, суы да, ой мен қыры да ыстық. Бiз – Биағаның туып-өскен жерiнiң ақсақалдарымыз, жетпiстен асқан, сексендi еңсерген, төрiмiзден көрiмiз жақын қалған шағымызда “Бейiмбет Майлин ауданы” дегендi өз көзiмiзбен көрiп, құлағымызбен естiп кетсек арман жоқ.

Мақалаға қол қойған ақсақалдар мен еңбек ардагерлерi:
Қасымбек КЕҢЕСБАЕВ (Рудный қаласы),
Сәрiнжiп ДАЙЫРҰЛЫ (Қостанай қаласы),
Серiкбай МАЛТАБАРОВ (Викторовка селосы),
Ноян ТӨРТҚАРАЕВ (Қостанай қаласы),
Амангелдi ҚАЛИЕВ (Лисаков қаласы),
Қайырбай АХМЕТОВ (Рудный қаласы),
Қуанышбай ҚАБДЫҒАЛИЕВ (Павловка селосы)

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті