1 қазан 2009
Түс жорушының әңгiмесi
Менiң құрбым бар. Оны бала кезiмнен жақсы бiлемiн. Ол түстi жақсы жориды және оның жорыған түстерi айна-қатесiз келiп жатады.
– Он екi жаста болатынмын, – деп бастады бiрде құрбым әңгiмесiн – Қыс мезгiлi едi. Түкiрсең, түкiрiгiң жерге түспей қатады. Сағат түнгi 11 шамасы болуы керек, әкем тысқа шығып таза ауа жұтып тұр екен. Мен де жанында бiраз тұрдым да, түзге отырмақшы болып үйдi айнала бердiм. Бiр уақытта екi бүкiр кемпiр маған қарай келе жатты. Қолдарында ұстаған таяқтары бар. Тура құбыжық секiлдi. Қорыққанымнан аяғым дiрiл қағып, әкеме қарай құстай ұштым. Артыма бұрылып та қарамадым. Әкем болса менi жаурап қалды деп ойласа керек, бауырына тартып, маңдайымнан сүйдi. Бұл әлгi кемпiрлердi алғаш рет көргенiм. Сонан соң арада үш жыл өттi. Он бес жасқа толған күнi қатты ұйықтап қалсам керек, баяғы өңiмде көрген бүкiр кемпiр түсiме ендi. Бұл жолы да түсi суық екен. Үстiн қара жүн басыпты деймiн. Шашы жалбырап кеткен. Менiң бөлмемнiң төбесi қақ бөлiнiп, әлгi кемпiр менi бұрымымнан ұстап әкетiп барады. Алайда, қасымда бесiк тербетiп отырған анам жанымды алып қалды. Әлгi кемпiр анама қарсы тұра алмай, қақ айырылған шаңырақ төбесiнен қайта ұшып, жоқ болып кеттi. Ұйқымнан әзер ояндым. Басым ауырып, өз-өзiме келе алмай бiраз қиналдым.
Әкем iссапарға кеткен болатын. Дәл келетiн күнi келмедi. Арада үш күн өттi. Үй iшiмiзбен алаңдай бастадық. Төртiншi күнi суыт хабар жеттi. Сөйтiп, әлгi құбыжық кемпiр шаңырағымыздан әкемдi алып кететiнiн меңзегенiн түсiндiм.
Он жетi жасымда әлгi кемпiр тағы кiрдi түсiме. Алыстан қол бұлғап менi шақырды. Бiр уақытта тұман арасынан көрiнбей кеттi. Ұйқымнан тағы қорқып ояндым. Апта өтпей, жайсыз хабар келдi. Жалғыз ағайым iз-түзсiз жоқ болып кетiптi. Жоғалып кеткенiне биыл тура он бiр жыл толып отыр. “Түсiмдегi тұман ағамның iз-түзсiз жоғалатынын бiлдiргенi екен-ау әлгi кемпiрдiң” деп ойлаймын. Осыдан кейiн ол кемпiр түсiме енген емес. Енбесе екен деп Құдайдан тiлеймiн. Бiр қызығы, жасыма жас қосылған сайын түс жоритын қасиетке ие болдым. Туыстарымның, өзiмнiң жорыған түстерiм дәл келiп жатады. Мүмкiн, менiң он сегiз мың ғаламмен әлдеқандай байланысым бар шығар, – дейдi құрбым маған қарап.
Жанар Сыдықова,
Жосалы стансасы,
Қармақшы ауданы,
Қызылорда облысы.




